Бүгін Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елдегі циярландыру бағдарламасының қалай іске асырылып жатқанын баяндай келе, өңірлердің жаңа жүйеге қай уақытта ауысатынын айтты, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев елдегі циярландыру бағдарламасының қалай іске асырылып жатқанын баяндай келе, өңірлердің жаңа жүйеге қай уақытта ауысатынын айтты, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Министр еліміз цифрландыру стандартына ауысса, облыс орталықтары деңгейінде 30-ға жуық телеарнаны, ауыл және аудан орталықтарында 15-ке жуық отандық телеарнаны цифрлық сапада қарай алатынын айтты.
«Өздеріңіздің де естеріңізде болар. Біз осы ауқымды жұмысты бастаған уақытта шекаралас аумақта орналасқан ауылдарда отандық бір-екі телеарна ғана көрсететін. Біз осы стандартқа толық ауыссақ қазақстандықтар облыс орталықтары деңгейінде 30-ға жуық телеарнаны, ауыл және аудан орталықтарында 15-ке жуық отандық телеарнаны цифрлық сапада тамашалай алады. Яғни отандық арналар арқылы халық өздеріне қажетті ақпарат пен бағдарламаларға қол жеткізеді. Отандық пакетте «жаңалық» пен «балаларға арналған», «мәдениет» пен «кино», «спорт» сияқты түрлі арналар болады. Бұл мемлекеттік ақпараттық саясатты нығайтуға да өз ықпалын тигізеді», - деді ол.
Халық мақалынан үзінді келтірген ведомство басшысы цифрлық таратудың ел игілігі үшін жасалып жатқан маңызды іс екенін тағы бір атап өтті.
«Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді», - деген сөз бар. Сондықтан цифрлық хабар таратуға көшу халықтың игілігі үшін жасалады. Тағы бір артықшылық: Цифрлық хабар таратуға көшкен жағдайда радиожиіліктер де босайды. Осылайша босаған жиіліктерді біз байланыс саласындағы жаңа технологияларды дамытуға пайдалану мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Ол үшін байланыс операторларымен жан-жақты жұмыс жүргіземіз», - деді Абаев.
Министр аймақтардың кезең-кезеңімен цифрландыруға көшуі туралы баяндады.
«Өткен жылы біздің министрлік «Телерадио хабарларын тарату» Заңына өзгерістер енгізді. Осылайша олардың инфрақұрылымдарының дайындығына сай аймақтарды кезең-кезеңімен көшіруге жол ашты. Маңғыстау, Жамбыл мен Түркістан облыстары және Шымкент қаласында 2018 жылдың аяғына дейін. 2019 жылы Алматы, Павлодар, Қостанай облыстарында. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстарын 2020 жылға дейін. Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалалары 2021 жылы кезең-кезеңімен жаңа форматқа ауысады. Барлық облыстың әкімдіктеріне бұл ақпарат жетті. Қазір аймақтар тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді ол.
Министрдің айтуынша, 2020 жылға дейін радиотелевизиялық станциялардың құрылысы толық аяқталады.
«Еліміз бойынша радиотелевизиялық станциялардың жалпы саны 827-ні құрайды. Бүгінгі күні 356-сы дайын. Жылдың аяғына дейін тағы 200-ге жуығын аяқтау жоспарланып отыр. Қалған станциялардың құрылысы 2019-2020 жылдардың ішінде толық аяқталады. Биылғы жылдың соңына дейін цифрлық хабар таратуға көшуі жоспарланған аймақтар бойынша Маңғыстау, Жамбыл облысында және Түркістан облысы мен Шымкент қалаларында тиісті станциялар салынып, халықтың 99%-і толық қамтылды. Аталған аймақтарда халықты қажетті қабылдағышпен қамтамасыз ету және ақпараттық хабарландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деп қорытындылады Абаев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!