Фото: glubokoe.gov.kz
Шетелдегі қазақтардың тарихы мен ерекше салт-дәстүрі жайлы түсірілгелі отырған 8 сериалы «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмі ел тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай көрсетілетін болады. Бұл туралы ОКҚ-де өткен фильмнің түсіру жұмыстарына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Шет мемлекетте жүрген қандастарын жинаған санаулы елдің бірі Қазақстан екенін, сол саясаттың арқасында тәуелсіздік алғаннан бері халқымызға бір миллионнан аса қандасымыз қосылғанын айтқан министр жаңа жобаның сыртта жүрген ағайынды елге кеңірек таныстыру және арадағы қарым-қатынасты дамытуға арналғанын атап өтті.
«Сіздерге таныстырып отырған «Қиырдағы қазақтар» жобасы – «Рухани жаңғырудың» аясында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі қолға алған маңызды шараның бірі. Өздеріңіз білесіздер, шет мемлекетте жүрген қандастарын жинаған санаулы елдің бірі – Қазақстан. Осының арқасында халқымызға тәуелсіздігімізді алған 26 жыл ішінде бір миллионнан аса қандасымыз келіп қосылды. Мемлекет басшысы жақында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Елім деген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі ашық» деп атап айтты. Яғни, көш әлі тоқтаған жоқ. Осы орайда Елбасы тапсырмасына сай министрлік осы жобаны қолға алып отыр. Фильмге 8 мемлекетте тұратын қандастарымыз жайлы құнды деректер қамтылады деп жоспарланып отыр. Яғни, онда шетелдерде тұратын қазақтардың тұрмысы, тарихы, ерекше дәстүрі, мәдениеті қамтылады. Басты мақсат – сыртта жүрген ағайынды атажұртына кеңірек таныстыру, арадағы қарым-қатынасты дамыту»,-деді министр Дәурен Абаев.
Министр өз сөзінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүкіл халықты және шетелдегі қандастарымызды да қамтуы тиіс екенін айта келіп, деректі фильмнің Тәуелсіздік күні қарсаңында көрерменге жол тартатынын жеткізді.
«Елбасы айтқан рухаи жаңғыру – бүкіл халқымыздың жаңғыруы. Сондықтан біз шетелдегі қандастарымызды да назардан тыс қалдырмай арадағы ақпараттық байланысты күшейтуді, рухани тұтастыққа үлес қосуды көздеп отырмыз. Фильмді Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұсынуды жоспарлап отырмыз»,-деп сөзін түйіндеді министр.
Айта кетейік, «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің түсіру жұмыстарын «Қазконтент» АҚ құрамындағы «National Digital History of Kazakhstan» порталы іске асыратын болады.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!