BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстанның ет өнімдеріне қай елдерден сұраныс бар?

Фото: ашық дереккөзден

Қазір жалпы ауыл шаруашылық өнімдерінің жылдық экспорты 1,4 млрд АҚШ доллары болса, тек қана ет өнімдерін экспорттауды 2,6 млрд долларға жеткізуге болады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кезекті отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде еңбек өнімділігін өсіру үшін ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық потенциалды анықтап алу керек.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы батыл міндет қойды. Бұл міндетті орындау мүлде жаңа көзқарасты талап етеді. Біздің елімізде ішкі нарықтағы сұраныс негізгі біз өндіретін тауарлармен (ет, дәнді және майлы дақылдар, күріш, картоп сияқты) артығымен қамтамасыз етілген. Сондықтан біз еңбек өнімділігін өсіру үшін ең алдымен экспорттық потенциалымызды анықтаумыз керек», - деді Евниев.

Ол бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ет өнімдерінің, оның ішінде сиыр еті мен қой етінің потенциалы өте жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, вице-министр тек қана ет өнімдерінің экспортын 2,6 млрд долларға жеткізегу болатынын айтты.

«Айталық қазір жалпы ауыл шаруашылық өнімдерінің жылдық экспорты 1,4 млрд. АҚШ доллары болса, тек қана ет өнімдерін экспорттауды 2,6 млрд долларға жеткізуге болады. Қазақстанда ет саласын дамытудың шешуші факторлары бар, олар: жайылымдық алқаптар, суармалы егістіктер, жұмыс күші және дәстүрлі ата кәсібіміз. Ал сұраныс жағынан алсақ, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Въетнам сияқты) өте тартымды экспорттық нарықтары бар, сиыр еті мен қозы етіне деген олардың сұранысы тұрақты түрде артып келеді. Және де біздің екі көршіміз – Ресей мен Қытай аталған өнімдерді аса ірі көлемде импорттаушылар», - деді ол.

Сонымен қатар, ішкі нарықтағы бос тұрған орындар мен қосымша сұраныс позициялары айқындалған.

«Олар – сүт өнімдері, құс еті, жеміс және көкөністер, қант. Мұнда қосымша өнім өндіру әлеуетіміз 1 млрд доллардан асуы мүмкін (құс еті – 180 мың тоннадан 740 мың тоннаға дейін ұлғаяды, сүт өнімдерінің өндірісі 1 млн. тоннаға дейін ұлғаяды). Аталған өнімдердің өндірісі мен экспортын ұлғайту мақсатында дәл осы салаларды дамыту қажет. Осыған байланысты біз қолданыстағы бағдарламаны ет, сүт, құс шаруашылықтарын дамытуға және суармалы жерлерді кеңейту арқылы көкөніс өнімдерін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді арнайы салалық құжаттармен толықтырдық. Сонымен қатар, қант саласын дамыту бағдарламасы әзірленетін болады. Бұл бағдарламалар жылдар бойынша есептелген, алайда оларды іске асыру шегі одан да әрі 2027 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бір ерекшілігі, бұл құжаттар агробизнестің тікелей қатысуымен әзірленді. Сондықтан әзірлеу барысында көптеген мәселелер пысықталды және шешімін тауып келе жатыр», - деді Евниев.

Айта кетсек, бүгін Үкіметтің кезекті отырында, АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын өзектендіру, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және өзектендіру, Алматы агломерациясын іске асыру барысы талқыланып жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер