2017 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде инвестиция көлемі 3,1 пайызға өсті - Үкімет|15 Мамыр 2017, 18:07
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

2017 жылдың алғашқы тоқсанында елімізде инвестиция көлемі 3,1 пайызға өсті

Биылғы жылдан бастап елімізде конституциялық реформа жүзеге асырыла бастады. Президент құзіретінің бір бөлігі парламенттік басқаруға өтуіне байланысты Үкіметтің атқаруы тиіс кей міндеттері екі еселене түсті. Бұл туралы Елбасы 24 қаңтар күні Ақордада өткен Үкімет отырысында нақтылады.

«Мен ұсынған бес институционалдық реформаның бірін іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздейді», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан байқағанымыздай, Үкімет биылғы жылдан бастап еліміз экономикасына да жауапты болды деген сөз.

Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылаған Есеп комитеті қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2017 жылғы қаңтар-наурызда 2016 жылғы осы мерзімге қарағанда 104,8% құрағанын айтады.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылау барысында 31 қаңтар күні жолданған кезекті Жолдауда көрсетілген нақты міндеттер мен тапсырмаларды айналып өтпесіміз анық. Олай дейтініміз, Жолдау барысында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бірқатар тапсырма бере отырып:

«Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр.

Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек.

Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.

Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стретегиясын әзірлеуі керек» - деп атап көрсеткен болатын.

Ал осы бойынша еліміздегі салалық статистикаға көз жіберсек, биылғы алғашқы үш айда жеткен жетістігіміз аз емес екенін бағамдаймыз.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылғы қаңтар-ақпанда сыртқы сауда айналымы 10947,1 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 23,1%-ға артты, соның ішінде экспорт – 6906,4 млн АҚШ долларын (22,7% көп), импорт – 4040,7 млн АҚШ долларын құраған (23,8% көп).

Қазақстан – өзге елдерге экспорттайтын тауарларының табиғилығы және сапалылығымен мақтана алатын санаулы мемлекеттің бірі. Бұл тұрғыдан алғанда «Қазақстанда жасалған» брендінің алар орны ерекше. 31 қаңтар күнгі Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев мұны ерекше атап өтті.

«Біз экологиялық таза азық-түлік шығару арқылы әлемдік азық-түлік нарықтарында өз орнымызды таба аламыз. «Made in Kazakhstan» брендінің өзі экологиялық таза өніммен байланыстырылуы керек. Бүгінде біз субсидияларды бөлу мен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып кооператив құрудың, сонымен қатар, еңбек өнімділігін аттырудың жаңа қағидалары бойынша тәсілдерді әзірледік. Барлық міндет кешені АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы тиіс», - деген еді Үкімет басшысы.

Осыған орай 2017 жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіш көңіл көншітерлік. Мысалы 2017 жылғы қаңтар-наурызда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 353,7 млрд теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2016 жылғы қаңтар-наурызға қарағанда 2,9% артық.

Ал Елбасы жыл сайынғы Жолдауында ерекше көңіл бөлетін инвестиция тарту мәселесі биылғы жылда да назардан тыс қалған жоқ. Инвестициялар тартудың қолданыстағы жүйесіне өзгерістер енгізудің жалғасы ретінде биыл Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп Инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітілетіндігі айтылды.

Үкіметтің бұл үміті ақталуы да әбден мүмкін. Себебі алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жылдың осы уақытындағы көрсеткіштен 3,1 пайызға артық екенін байқауға болады. Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1247,7 млрд теңгені құрды.

Биылғы алғашқа тоқсандағы қорытындыға көз жібере отырып, еліміздегі экономикалық жағдайдың біршама ілгерілегенін байқаймыз. Осы орайда алғашқы тоқсанды қорытындылауға орай бірқатар статистикалық мәліметті қарап көрейік.

2017 жылғы ақпанда халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы бағалау бойынша 76027 теңгені құрады, бұл 2016 жылғы ақпанға қарағанда 8,5% жоғары, ал нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 0,6%-ға өскен.

Ал наурыз айында жұмыссыздар саны 432,5 мың адамды құрады. Бұл дегеніміз, жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне шаққанда 4,9 пайызды құрады деген сөз. Бұлардың 70,9 мыңы жұмыссыз ретінде тіркелген. Соған қарамастан наурыз айында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 153 949 теңгені құрады.

«Бірінші. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.

Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек» - деген еді Елбасы өз Жолдауында.

Бұл сала бойынша Үкіметтің бірқатар жұмыс атқарып жатқандығын көруге болады. Әуелі статистикалық мәліметке назар аударайық.

2017 жылғы қаңтар-наурызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 5330,4 млрд теңгені құраған, бұл 2016 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 5,8% өскендігін көрсетеді. Сонымен қатар осы мерзімде тіркелген заңды тұлғалардың саны 391805 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7% артты. Соның ішінде 100 адамнан кем қызметкерлері бар – 382866 бірлік. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 246751 құрады, оның ішінде 238300 бірлік шағын кәсіпорын (100 адамнан кем).

Жалпы Қазақстан Үкіметі 2017 жылғы өнеркәсіптік өсім 2,6 пайызға жетеді деген болжам жасап отыр. Дегенмен бұл көрсеткіш күтілетін нәтижеден жоғары болуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда 3 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал Елбасы өз Жолдауында «Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс.

Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек» - деген болатын.

Елбасының бұл талабы да ескерусіз қалған жоқ. Үкіметтің бірнеше отырысы осы салаға арналды. Нәтижесінде кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 5,6%, өңдеу өнеркәсібінде 6,5% артты.

Жалпы биылғы жылдағы әлемдік ахуалға қарамастан Қазақстан Үкіметі экономикалық саланың өсімін күтіп отыр. Бұл үміттің ақталуына деген сенім зор.

«Біздің болжамдарымызға сәйкес, ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша экономиканың 2% кем емес өсіміне үміт артып отырмыз. Салалар бойынша машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, азық-түлік өнімдерін өндіру едәуір өсім береді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында, құрылыс секторында, көлік пен логистикада одан әрі өсім болады деп болжап отырмыз», - дейді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Алғашқы тоқсанда 30-ға жуық Үкімет отырысы мен кеңестер өткізілген екен. Оның екеуіне Елбасы арнайы қатысып, тиісті тапсырмалар берді. Алғашқы тоқсанда айтарлықтай ерекше оқиғалар болмаса да, Елбасы Жолдауы, 2017 жылғы бюджеттің игерілуі, алда атқарылар істер мен еліміздің жалпы экономикалық, әлеуметтік жағдайы талқыға түсті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер