BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Абдулкерім Кескін: Қазақстан латынға көшсе, Түркиядағы қазақ жастары ана тіліне қайта оралады Эксклюзив

Шеттегі қандастарымыз Қазақ елі жайлы ақпаратты әлі күнге деркезінде ала алмай келеді. Оған басты кедергі – әліпбидің әртүрлілігі. Түркия мен Еуропадағы қазақ латын қарпін қолданса, Иран мен Қытайдағы ағайын Ахмет Байтұрсынов әліпбиін ғана біледі. Демек, біз 5 млн деп жүрген шеттегі қазақтың тең жартысы кириллицаның қиындығына тап болады. Әсіресе, ассимиляция қарқынды жүріп жатқан Түркия мен Еуропа елдеріндегі қандастарымыз Қазақстанның латынға көшуіне ерекше құлық танытып отыр. Біз латынға өтсек ондағы қазақ жастары ана тіліне қайта оралары сөзсіз. Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген түркиялық қандасымыз Абдулкерім Кескін осыған бек сенімді.

Қазақстанның графикалық дизайнын дамытуға үлес қосқым келеді

Зейтінбұрын қаласында туып өскен Абдулкерім Кескін Стамбұлдағы Мәрмәр университетінің графикалық дизайн мамандығын оқыған. Ол осы мамандары тапшы салада 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кезінде Game boy (тэтрис) ойындарын жасаған дизайнер, қазіргі кезде ұялы телефондарға арналған 3D ойындарын жасаумен айналысады. «Заман» газетінде 8 жыл қызмет еткен Абдулкерім газеттегі 3D инфографикаларды жасап, бірқатар жүлделерге қол жеткізіпті. Ақса мешітінің 3D графикасын салған да қандасымыз болып шықты.

«Ең алғаш түріктің Game boy-ға арналған ойындарын жасадым. Оның ішінде қазақтың да кейіпкері болды. Ойында ол қамшысымен шабуылға өтетін де, жеңіске жеткенде домбырасын шертетін. Кейін «Заман» газетінде дизайнер болып жұмыс жасап, ең алғаш рет газеттегі 3D инфографикаларды жасадым. Жалпы, 3D инфографика жасайтын мамандар аз. Бұл мамандық бойынша университетте енді бастап ашылып жатыр. Соңғы уақытта ұялы телефондарға арналған ойындарды жасайтын компанияда жұмыс істеудемін. Қазіргі кезде android-қа арналған қазақтың саятшылығын бейнелейтін ұялы телефон ойындарын жасап жатырмын. Қазақстан қатты ұнады. Атажұртқа келіп ішкі архитектураның дамуына үлес қоссам деген ниеттемін», - дейді дизайнер.

Қазақ жерінің топырағы мен тасы да сәлем беріп тұрғандай

Қазақ топырағын тұңғыш рет басып тұрған қандасымыз ерекше сезімімен бөлісті.

«Түркияда қазақтың мәдениеті мен дәстүрін көру қиын. Бурабайда қазақтың ұлттық кимін киіп, қолыма бүркіт ұстаған сәтте қатты толқыдым. Бүркітті қолыма алғанда ерекше әсерге бөлендім. Ол біздің ата-бабаларымыздың ізі қалған жері ғой. Бүркіт сол ата-бабамның сырын жеткізгендей, Қазақ жерінің халқынан тартып, тас, топырағына дейін маған «қош келдің!» деп тіл қатып тұрғандай күй кештім. Қазақстанды бірнеше күнде аралап болатын шығармын деп ойлағанмын. 15 күн демалысымның 12 күнінде тек Астана, Көкшетау, Алматы, Түркістан, Шымкентке баруға мүмкіндік болды. Қалада өскеннен болар, Астана көбірек ұнады», - дейді қандасымыз.

Ана тілімізді біліп өсу үшін бізге «Qazaqstan» телеарнасы керек!

Қазақ тілін жетік сөйлей білмейтін Абдулкерім өзінен кейінгі қазақ жастарына тіпті де алаңдайды. Өйткені, тек түрік мектептерінен білім алып, сол ортада өсіп келе жатқан қазақ жастары ана тілінен айырылған.

«Түркиядағы қазақ балалар ана тілінен айырылып барады. Тек түрікше сөйлеседі. Қазақша телеарналарды көре алмаймыз. «Kazakh TV» ағылшын және орыс тілдерінде көбірек ақпарат таратады, қазақ тіліне тап болған күннің өзінде ол жаңалықтар ғана. Сондықтан тек қана қазақ тілінде таралатын «Qazaqstan» телеарнасын Түркияда көруге мүмкіндік болса деген өтінішім бар. Бұл біздің жастардың ана тілін біліп өсуіне көп септігін тигізер еді. Оны қазақтар ғана емес, түріктер де көрер еді. Өйткені олар көне түркі жұртшылығы ретінде Қазақстан жайлы көбірек білгісі келеді», - дейді ол.

Қазақстан латынға көшсе, Түркиядағы қазақ жастары ана тіліне қайта оралары сөзсіз

Ассимиляция қарқынды жүріп жатқан Түркия, Еуропа қазақтары үшін Қазақстаннан ана тілінде ақпарат алу өте маңызды. Ал ақпарат алудың оңай жолы – интернет. Алайда әліпбидің әралуандығы алыстағы ағайынның Қазақ еліне онлайн қатынауына тосқауыл болып келеді. Еліміздің латынға көшетінін естігенде бөркін аспанға атқан шеттегі қазақтың бірі – осы Абдулкерім Кескін болып шықты.

«Бізді бірден-бір құтқаратын ол – интернеттегі қазақтілді ақпарат. Бірақ Қазақстан кириллицаны қолданатындықтан, ол жағынан тағы да қиындыққа тап боламыз. Енді сіздер латынға көшсеңіздер, біздегі қазақ жастарының ана тіліне қайта оралуына үлкен мүмкіндіктер болары сөзсіз. Біз сол үшін де ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл реформасын қуана қолдаймыз», - дейді А.Кескін.

Абдулкерімнің айтуынша, соңғы кездері Түркиядағы қазақ жастары жиі бас қосып, қайырымдылық шараларын көбірек ұйымдастырып жүріпті. Бұған дейін Баян-Өлгейдегі қолы қысқа ағайындар үшін үй салып, медіреселер мен мешіттер тұрғызған мәрт кәсіпкер ағаларының жолын қуған қазақ жастары биыл Құрбан айт мерекесін пайдаланып сондағы қиыншылығы бар қандастарымызға көмектесуге аттанған көрінеді.

Суреттер Абдулкерім Кескіннің жеке мұрағатынан алынды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер