Мәрия Шоқайды анасындай ардақ тұтқан қазақтың кейінгі тағдыры қалай болды? - Түркия қазақтары|01 Қаңтар 2014, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мәрия Шоқайды анасындай ардақ тұтқан қазақтың кейінгі тағдыры қалай болды?

 Астана. 7-қараша. Baq.kz – Тағдыр айдап, бір жылдары Түркияға эмигрант болып келген Әлім Алмат осы жақта тұрақтап қалды. Симфониялық оркестрде 25 жылдай қызмет атқарған. Қазақтың алғашқы Мәдениет министрі Темірбек Жүргенов жиені. Бұрынғы тегі Әбсаламов болған. Өткен ғасырдың 20-шы Әліби Жангелдиннің үйінде тұрыпты. «Жангелдин туралы түрлі қауесетке сенбеймін. Қазақстандағы Голощекиннен кейінгі екінші адам сол еді ғой», - дейді қарт. Ендеше шежіреше қарттың кейінгі тағдыры қалай болды? Елден Германияға қалай кетті? Мәрия Шоқаймен таныстығы қашан басталды? Неліктен «Мұстафа Шоқайдың жиені» деп аталды? Сауалдарға жауапты мына мақаладан толық ала аласыз.

 Стамбұлдағы шежіреші қарт Әлім Алмат 1917 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының орталығынан 25 шақырым жердегі Аққұм жайлауында дүниеге келген. Ендеше қарттың өз аузынан жазып алған сұхбатты ұсынамыз. Әкемнің әкесі Төремұрат сол аймақта болыс болыпты. Өз әкемнің аты Әбдісалам. Төремұраттың әкесі Алмат. Алматтың әкесі Тұғаберген. Бесінші атамның аты Китбай. Ал алтыншы атам Қалаң деген кісі екен. руыс шөмекей. Кіші жүз – Әлімнен тарайды. 70 жылдан асты түрікше сөйлей бастағаныма, қазақтың кейбір сөздерін тіпті ұмытып қалсам керек. Ақтөбеде 7 класс бітірген соң, мені ағам Ташкентке алып барды. Онда мен музыка мектебінде оқыдым. Ташкентте әкем жағынан түп нағашым Темірбек Жүргенов Өзбекстанның халық-ағарту комиссары еді. Бұл 1931 жыл болатын.

 

 

Жас кезімде домбырада тәп-тәуір ойнайтынмын. Ташкентке барғанымда математика мамандығын игерем деп ойлаған едім. Нағашым: «қазақта математик көп, музыканттар жоқ, сен музыкант бол» - деді. Алғашқыда сол нағашым Темірбек Жүргеновтің үйінде жаттым. Оқуға түскеннен кейін музыка мектебінің жатақханасына шықтым. Сол кезде нағашымның үйінде әйелі, інісі және бір-екі қызметшілер бар еді. Жеке үйде тұратын. 1933 жылы Т.Жүргенов Л.Мирзоянның шақыруымен Қазақстанға дәл сондай қызметке ауысты. Музыка мектебінде екі жыл оқыдым. Т.Жүргенов Алматыға ауысқан соң, менде оқуымды сол қалада жалғастырдым. 1939 жылы музыка мектебін бітірдім. Сол жылдың аяғында әскер қатарына шақырылдым. Менің төлқұжатымда туылған жылым 1917 жыл деп емес, 1920 жыл деп жазылған. «Әскерге жастай алмасын» деп жасымды үйдегілер үлкейтсе керек. Ол жағы қазір есімде қалмапты. Мен әскерге Алматыдан аттандым. Бізді мал тиейтін вагонға мінгізіп, әскерге алып кетті. Таңертеңгі тамағымызды беріп, есікті сыртынан құлыптап жауып тастайды. Қайда алып бара жатқандарын айтпайды. Бір күні итшілеп Брестлитовскке жеттік-ау. Мен арнайы білімді маманданған скрипкашымын. Скрипкам қолымда болатын. Командир мені музыка взводына қабылдады. Сосын соғыс басталды. Соғыстың алғашқы күні-ақ біз немістердің тұтқынына түстік. Ол оқиға былай болды. Түнгі сағат екі-үштің кезі еді. Кенеттен немістер бізді қоршап алды. біздің бөлімше шекарадан он шақырымдай жерде орналасқан болатын. Осылайша біз немістердің қолына түстік. Тұтқында қайбір жағдай болады дейсің, күніне бір рет 300 грамм нанмен картошка беретін. Біз 25 кісі едік. Әлі есімде бұл 1941 жылдың шілде айы болатын. Сосын бізді алпыс шақырымдай жердегі лагерьге алып барды. Онда 80 мың адам тұтқында тар жерде отырдық. Аштық басталды. Лагерьдегі жағдай өте қиын еді. Немістер бізді ермекке өлтіре салатын. Өзім білетін тарихта адамды дәл немістердей қорлаған халық жоқ. Бірнеше эпизодтардан мысалдар келтірейін. Немістер темекі шегіп тұрып, жартысын біздің алдымызға тастай салады. Тұтқындағылар жүгіріп барып оны таласып алып тартатын. Сол кезде олар «өй, мәдениетсіз орыс сен неге темекіні жерден аласың», деп оған 75 мәрте дүре соғатын. Бойында әлі, қуаты жоқ әлгі тұтқын талып талатын. Сол кезде үстіне бір шелек суық су құя салатын. Әлгі тұтқын қайтадан басын көтеретін. Бірақ ұзаққа бармайтын, ұзағанда 5-10 минуттан кейін өліп қалушы еді. Шамамен осындай түрлі себептермен күніне 90-100 тұтқын өлетін. Оны біз кезекпен апарып көметінбіз. Сәл әлсіреген адамдарды да «бәрібір өліп қалады» деп өліктермен тірідей көмгізетін. Біздің ондағы бар жұмысымыз осы өлген не өлгелі жатқан тұтқындарды көму ғана болатын. Мен отырған лагерьде өзімнен басқа қазақ болған жоқ.

 

 

2008 жылы түсірілген сурет. Стамбұл. Түркия. 

 

 

Мен Мұстафаны көргенім жоқ, онымен кездесудің еш сәті түспеді. Мұстафаның Түркістан легионына да еш қатысы жоқ. Легион ол өлгеннен кейін ғана құрылды. Мен Мұстафаны өз көзімен көргендердің, сосын Мария Шоқайдың айтуы бойынша ғана білемін. Данышпан ағамыз әйеліне: «Егер Түркістан бостандығын алса, президент болу былай тұрсын, министр болып та істемеймін. Маған ешқандай жоғары лауазымның қажеті жоқ. Жалғыз қалауым – баспасөз жөніндегі қызметкер болсам жетіп жатыр»,- дейді екен. «Немістер жеңе алмайды, советтер жеңеді», - деген сөзді соғыс басталған кезден-ақ Мұстафа Шоқай жарына өте жиі айтқан екен. Сонда Мария апамыз «неге? деп сұрайды ғой. «Америка мен Англия және Совет Одағы бәрі бірігіп бір Германияға жан-жақтан жабылып жатыр. Үш алып мемлекетке мына немістер қалай қарсы тұра алады? Көп болса, ары ұзағанда бұлар уақытша Мәскеуді алуы мүмкін, баяғы Наполеон сияқты. Оған да менің үлкен күмәнім бар. Өйткені оның арғы жағында қақаған суық Сібір жатыр ғой... Немістер-суықты, салқынды мүлде ұнатпайтын халық. Олар орыстың сары аязына шыдай алмайды»,-депті тағы бірде көреген ағамыз.

Менің Мәрия Шоқаймен таныстығым 1946 жылы басталды. Мәрия шешеміз ол кезде Парижде тұратын. Мен ол кісінің мекен-жайын жақсы білетін едім. Мұстафа Шоқайды көрген, кезінде қасында жүрген Қарыс Қанатбаевтан сұрап алған едім. Бір күні әбден ойланып-толғанып отырып Мәрия Шоқайға хат жаздым. Ол кісі де әнші, музыкант екен. «Мен оркестрде жұмыс істеймін. Егер қолыңыздан келсе мені Парижге алдырыңыз. Білімімді жалғастырғым келеді», - дедім. Мәрия Шоқай маған былай деп жауап жазды: «Мұстафаның рухы үшін саған көмектесемін. Қалайда осында алдырамын. Маған керексің». Шешеміз мені «Мұстафаның жиені» деп, француздарды сендіріпті. «Қазір Германияда жұмыс істеп жүр, Парижге қалайда алдыруым керек. Маған қолғабыс жасайды», - деп бір жыл бойы жүгіріп жүріп, рұқсат қағазын әрең алады. Сөйтіп мен 48-ші жылы Парижге келдім. Мәрия Шоқай вокзалдан мені өзі қарсы алды. Жаны да, тәні де сұлу керемет жан екен. ол менің туған анамдай болды. Қазақтар десе ішкен асын жерге қоятын аяулы адам еді. Барынша ақылды, ұйымдастыру қабілеті аса зор кісі еді. Мұстафаны жан жүрегімен жақсы көрді. Алған бетінен қайтпайтындығы, үнемі дұрыс бағытта жүретіндігі, ешнәрсеге сатылмайтындығы Мәрия апайды қатты қызықтырыпты. Олар Парижде тұрған кездерінде күнкөріс үшін шағын шайхана ашыпты. Сонда Мұстафа Шоқай екеуі барлық жұмыстарды бірге атқарып жүреді екен. Шайханаға көбіне Кеңес өкіметінен қашқан ақ гвардияшыл офицерлер келетін болған. Міне бұл Әлім Алмат ақсақалдың Мұстафа мен Мәрия туралы айтқаны.

Ал Мәрия Горина Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты естелігінде Әлім Алмат туралы ол былай деп жазады.

«Бір жылдан кейін Германиядан скрипкашы Әлім келді. Ол өте жақсы скрипкашы болатын. Оған консерватория бітіргені туралы диплом қажет екен. Өзі Мәскеу филармониясының студенті еді. Соғыстың кесірінен оқуын аяқтай алмаған. Мен оны Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына жаздырдым. Бірақ ол профессор Андреевті педагог ретінде ұнатпады, мәшһүр бір француз профессорынан жеке сабақ ала бастады, экстерн ретінде емтиханға кірді. Емтиханды жақсы тапсырып, дипломын алған соң Түркияға кетті. Түркияда үйленіп, ресми қызметке тұрды. Қазір жеке дәрістер де беріп, музыкант-педагог ретінде үлкен табыстарға жетіп жүрген көрінеді».

 

 

Мәрия-Горина Шоқайдың Ножан Сюр Марндағы бейіті. Қайтыс болған жылы жазылмаған. Өйткені құлпытасты Мәрия Шоқай көзі тірісінде өзі жаздырған. 

 

«1952 жылы, марқұм күйеуім Мұстафа Шоқайдың өлгеніне 10 жыл толған тұста, түркістандықтар еске алу рәсімін Мунихте (қазіргі Мюнхен-ред) ұйымдастырып, оған мені де шақырды. Бұл рәсімнің ұйымдастырушысы қазақ Қарыс Қанатбаев болатын. Өзі тау-инженері еді. Олар – ұлтын сүйген қаһармандар – қолдарынан келген сый-құрметін жасап, мені жақсы қарсы алды. Түркістандық ұлтжанды осы адамдар Мунихте өте қарапайым барақта тұрады екен. Барақтың қабырғалары өте кірлі бөзден жасалған, ал есік, терезе атымен жоқ. Бөлмелер сандықтармен бөлініп жасалған. Бала-шағаларымен бәрі бірге тұратын. Көбісінің әйелдері неміс болатын. Мен бір дала қазағының неміс әйелімен қалай түсінісетіндігіне қатты таңқалдым. Балаларының тілі де қызық, немісше де емес, қазақша да емес, тіпті арасында орысша сөздерді де қосып қоятын».

«Советтік Ресейде Мұстафа Шоқайұлының шет жердегі қызметі туралы баяндайтын екі кітап жарияланған. Екі кітапты да жазған түркістандықтар, алайда екеуі де шындыққа жанаспайтын нәрселерді жазған. Бірінші кітап «Набад» деп аталады, жанры тарихи романға келіңкірейді. Түркістандық коммунистерге қарсы шыққан бас көтерушілер жайлы жазылған. ... Бұл соғыс 1918 жылдың ақпанында автономиялық үкімет таратылғаннан кейін басталып, 1928 жылдың қазан айына дейін 10 жылға созылған. Большевиктер бұл соғысты «басмачтармен соғыс немсе басқаша айтқанда «қазақшылармен соғыс» деп атаған-ды».

«Шоқайұлы бұл соғысқа тіпті қатыспаған. Ол 1918 жылы ақпанда Қоқан автономиялық үкіметі құлаған соң, Ферғана тауларынан асып, Ташкентке келді, және осы жерде 1-мамырға дейін большевиктерден тығылып өмір сүрді, кейін пойызбен Орынборға барды, ол жерден Самараға өтіп кетті. Бұл жерде (1917 жылы Петроградта таратылған) бұрынғы жалпы Россиялық құрылтай мәжілісінің мүшелері жиналған-ды. Шоқайұлы олармен кездесіп сөйлесті, Томскпен Екатеринбургтегі Колчак бас көтеруі тұсында да солармен бірге болды, атпен қазақ шөлдерінен өтіп, Кавказға, алдымен Әзірбайжанға, сосын Грузияға барған болатын».

Елге деген сағынышын сұхбатында жеткізгісі келген Әлім ақсақал Стамбулда тұрады. Қаладағы көліктердің көптігі денсаулығыма кері әсер етеді. Сол үшін қаланың сыртында тұрамын дейді. Тимур атты көмекшісі бар. 1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келіпті. Одан кейін туған жерге келудің сәті түспепті. Міне Мәрия Шоқайдың баласындай болған қазақтың көпке беймәлім тағдыры осындай.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер