Зерендіде туризм бағытында үш нысан ашылады - Туризм|28 Мамыр 2018, 09:01
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Зерендіде туризм бағытында үш нысан ашылады

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Ақмола облысының Зеренді ауданында жазда туризм бағытынды 3 жаңа нысан ашылады. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің ауданға жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы курортты өңірде туристік нысандардың құрылысы және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Биылғы жылы курортты өңірде қонақүй нарығында үш жаңа туристік нысанды қолданысқа беру жоспарланып отыр. Оның бірі 2 қабатты бес жазғы үйшіктен тұратын «Зеренді Парк» қонақүй кешені. Онда демалушылар үшін спорттық және балалар алаңы, мангал және отыратын орындар қарастырылған. Оған қоса, алдағы уақытта 5 гектар аумаққа саябақ, квадро және картодром салу жоспарда бар.

Сонымен қатар, Зеренді көлінің жағасында жаңадан салынған «Тамилла» демалу базасы да пайдалануға беріледі. Ағаштан қашалып салынған 2 қабатты 3 корпустан тұратын нысанда 26 номер, асхана және демалып отыратын орындар қарастырылған.

Бұдан басқа, Зеренді де коттедж қалашығын кеңейтіп, ауқымды шараларды өткізу үшін жазғы алаңның құрылысы жоспарланып отыр. Зерендінің географиялық ерекшелігі мен табиғи ландшафтының сан-алуандығы туризмнің бірнеше түрін дамытуға қолайлы. Бүгінде мұнда жазғы және қысқы туризм қарқынды дамып келеді. Туристер мен демалушыларға 38-ден астам нысан қызмет көрсетеді.

Өткен жылы туристік нысандарда 100 мыңға жуық адамға қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға жоғары. Қаржылай алғанда 2017 жылы 462,2 миллион теңге пайда түсті. Зеренді ауданында туризмді дамыту үшін жаңадан салынып жатқан «Щучинск-Зеренді» автожолы серпін беретіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Оған қоса, ауданға туристердің ағынын арттырады деп күтілуде.

Сапарының соңында Мәлік Мырзалин туристік бизнес өкілдерімен Зеренді демалыс аймағын дамыту мәселелерін талқылады. Онда инфрақұрылымды дамыту, қызмет аясын кеңейту, аттракциондары бар саябақ пен спорттың техникалық түрлерінің кешенін және жыл бойы қызмет көрсететін «Ыстық бұлақ» ашық аспан астындағы бассейнін салу, жұмыс істеп тұрған туристік нысандарда емдеу шараларын өткізуге жағдай жасау, демалушылардың қауіпсіздігі мен туристік нысандарға санат беруді және қыс айларында қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер