Ясауи кесенесі туризмге тартымды әлемдік нысандардың қатарына енді - Туризм|29 Қыркүйек 2018, 10:43
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ясауи кесенесі туризмге тартымды әлемдік нысандардың қатарына енді

Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірді. Бұл туралы «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда белгілі болды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

Жиында Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев мәлімдеме жасап, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа мәртебелі сертификатты салтанатты түрде тапсырды.

Сонымен қатар, туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар қалашығы да кірген. Олардың да сертификаттары өңір басшысына тапсырылды.

«Бүгінгі күнді түркістандықтар үшін қуанышты сәт деп айтуға болады. Себебі, туризмнің тартымдылығы мен тұрақты туризмді дамыту жөніндегі халықаралық комитетінде осы облыстағы үш бірдей тарихи нысанға халықаралық деңгейдегі мәртебе беріліп отыр. Мұндай қорытынды шығару үшін мыңдаған адамның арасында сауалнама жүргізіледі. Аталған нысандар комитеттегі барлық мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Осы ретте айта кетерлігі, бұрын-соңды бір өңірден құндылығы жоғары мұндай бірнеше тарихи орын шықпаған», – деді Владимир Пискурев.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Бұл мәртебе жаңадан құрылған Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеруге зор ықпал етеді. Бір облыстан бірден үш нысанның халықаралық деңгейде мойындалуы біздің ғана емес, Қазақстанның мақтанышы екені даусыз. Туризм саласы да ел экономикасына қомақты үлес қосатын кез алыс емес» деді.

Мамандар бұл атақ өңірге келетін туристердің санын арттыра түсуге сеп болатынын айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер