Роналдуға шапан тіккен қазақ тігінші барлығы қалай болғанын айтып берді - Туризм|08 Сәуір 2018, 20:08
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Роналдуға шапан тіккен қазақ тігінші барлығы қалай болғанын айтып берді

Ақтаулық этнодизайнер Нұржамал Нұрпейісова әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналдуға арнап қазақтың ұлттық бөркі мен шапанын тіккен. Ту сыртына алтын күн мен қыран бейнеленіп, ою-өрнекпен зерленген тағы үш шапан теңбіл доп спорты жұлдызының жаттықтырушыларына бұйырды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

24.kz арнасының мәліметіне қарағанда, өз ісінің кәсіби шебері бұл тапсырысты атыраулық мұнай мекемесінен қабылдаған екен.

Екі айда дайын болған шапан иелеріне Женевада тапсырылды. Мұндай тапсырысты қабылдау кез келген ісмердің басына қона бермейтін бақыт екені анық. Әлемге танымал футбол жұлдызына арнап қазақтың ұлттық шапанын пішуден бұрын этнодизайнер оның ғаламтордағы суреттерін парақтап, талғамын білуге біраз уақыт жұмсапты.

"Тапсырыс беруші қойған басты талап шапан классикалық үлгіде күнделікті киюге арналып әзірленуі тиіс болды. Ойлана келе, жағасы мен қалталары алтын түстес оюлармен зерленген костюм пішуге шешім қабылдадым. Роналдуға бұл шапан тапсырылған сәтте шетелде іссапарда болдым. Естуімше, ол қазақ халқының ұлттық киімін зор қуанышпен қабыл алыпты. Бұл барша қазақстандықтар үшін ортақ қуаныш, зор мәртебе деп санаймын" - дейді Нұржамал Нұрпейісова.

Ісмердің айтуынша, компьютермен бас-аяғы 10 эскиз сызылған. Әрқайсысы қайталанбас ерекшелігімен көз тартады. Алайда соңғы таңдау шымқай қара түсті масаты матадан тігілетін шапанға түскен. Шетелге жол тартқан ұлттық киімді тәжірибелі тігінші-модельер Нұрғали Рахымқұлов пішіп шығарды.

"Жалпы түсі қара болатын, өрнектері сарғыш-алтын түстес деп айтамыз. Біз оның атақты адамға тігіліп жатқанын білгеніміз жоқ. Ұжым болып бастадық. Заманға сәйкес, модаға сәйкес костюм ретінде тігілді. Әрине, жұмысымыз әлемге танылып жатса, Қазақстанымыз әлемге танылып жатса, қуанамыз ғой" - дейді тігінші-модельер Нұрғали Рахымқұлов.

Нұржамал Нұрпейісова басқаратын сән үйінің ұжымы бүгінде көктем-жаз сән үлгілері топтамасын дайындап жатыр. Кәсіби ісмерлердің қолынан шыққан бағалы бұйымдар таяу күндері шетелдегі көрермен назарына ұсынылмақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер