Медициналық туризмді дамыту Қазақстан үшін қаншалықты тиімді? - Туризм|25 Сәуір 2017, 11:27
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Медициналық туризмді дамыту Қазақстан үшін қаншалықты тиімді?

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Қазақстанда медициналық қызмет көрсету саласы әлі күнге дейін ақсап тұр. Шетелдіктерді айтпағанда, өз еліміздің азаматтары да үнемі дәрігерлердің салғырттығына, біліксіздігіне жиі шағымданып жатады. Оған көз жеткізу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрінің блогына келіп түскен хаттарды оқудың өзі жетіп жатыр.

Мәселен:

  • Кепілдендірілген тегін медициналық көмекті алар кезде әкімшілік кедергілер мен шектеулер бар;
  • Медициналық көмек алатын кезде азаматтардың қалтасынан шығатын шығын жалпы шығынның 35 пайызын құрайды (ЭСДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайыз);
  • Туберкулезбен ауыратындар саны жоғары деңгейде;
  • Қатерлі ісікпен ауыратындар үшін қажетті химиялық препараттар қолжетімсіз. Химиямен емдеу тек облыс орталықтарында, Алматы мен Астана қалаларында ғана жүргізіледі;
  • 2010-2014 жылдар аралығында ВИЧ/СПИД індетін жұқтырғандар саны 1,4 есеге артқан;
  • ЭСДҰ (Экономикалық серіктестік және даму ұйымы) елдерімен салыстырғанда ересек азаматтар арасында өлім көрсеткіші екі есеге жоғары;
  • Опат болудан және суицидтен қайтыс болатындар саны ЭСДҰ елдерімен салыстырғанда үш есеге жоғары;
  • Қазақстан жасөспірімдер суициді жағынан әлемдегі бестікке кіреді.

Медициналық туризмді мемлекет тарапынан қолдау болады дегенімен, жоғарыда аталған жағдайларды ескере отырып, аталған бағытқа ақша аудару дәл қазір қажет пе деген сауал тағы туындайды. Өйткені, елдегі медицинаның жағдайы онсыз да көңіл көншітпей отыр. Заманауи ғимараттар салынып, су жаңа медициналық қондырғылар алып келіп жатқанымызбен, оны пайдаланатын мамандар саны әлде де аз. Салдарынан, қазақстандықтар мүмкіндігінше шетелдік дәрігерлерге көрініп, шетелде жиі ота жасатады. Мәселен...

Жыл сайын 4 мыңнан астам Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореядағы бір ғана Severance клиникасына емделуге барады екен. 2013 жылы бұл көрсеткіш жағынан қазақстандықтар ТОП-5 елдердің тізіміне енбесе, 2015 жылы біз АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленіппіз. Ал, АҚШ халқының саны Қазақстан халқынан 18 есеге көп екенін ескере кету керек.

Жалпы, қазақстандық науқастар Оңтүстік Корея клиникаларының ең маңызды клиенттерінің бірі болып есептеледі. Алдымен мынаған назар салып көрсек, аталған елге кеткен 4 мың науқастың әрбірі кемі 10 мың доллардан жаратып келеді. Бұл дегеніңіз жылына 15 млрд теңге бір ғана Оңтүстік Кореяға кетіп жатыр дегенді білдіреді. Ал, Қазақстанның онкологиялық аурулардың емдеуге бөлетін жыл сайынғы бюджеті 30 миллиардтай теңгені құрайды. Демек, бұл қаражаттың тең жартысы Сеулдің бір ғана клиникасына кетіп жатыр.

Тағы бір дерекке көз салсақ... Алматы қалалық әкімдігінің тапсырысымен жүргізілген зерттеу көрсеткендей, алматылықтар жыл сайын шетелде емделу үшін 400 млн доллар шығындайды екен. Бұл дегеніңіз, 130 миллиард теңге немесе мемлекеттің денсаулық сақтау саласына жұмсайтын қаржысының 1/6 бөлігі. Яғни, бұл статистикалық көрсеткіштер Қазақстандағы қолжетімді медицина саласында шешілмеген проблемалардың көп екенін көрсетіп отыр. Ал, медтуризмді дамыту үшін ең алдымен шетелге кетіп жатқан осынау миллиардтаған ақшаға тоқтау салу керек, яғни ішкі медтуризмді дамыту керек. Егер өз азаматтарымыз қазақстандық үздік клиникаларда емделмесе, шетелдіктер ол ауруханаларға не үшін келулері керек?

Иә, отандық БАҚ өкілдері кейде Қазақстан клиникаларына шетелден науқастар көптеп келіп, емделіп жатыр деп жазып жүр. Бірақ, мұның медициналық туризмге қаншалықты қатысы бар? Сол жағын талқылап көрсек...

Рас, Қазақстан ауруханаларында шетел азаматтарына ота жасалады және аз емес. Бірақ, олардың басым көпшілігі осы Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жұмысшылар, гастарбайтерлер, жай ғана саяхатшылар және өзге де мақсаттармен келген шетел азаматтары. Мұны медтуризммен шатастыруға мүлдем болмайды.

Денсаулық сақтау саласындағы экономикалық зерттеулер институтының Әли Нұрғожаевтың айтуынша, медтуризмді дамыту арқылы отандық медицинаны дамытамыз деуге де бола қоймайды. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұдан халыққа пайдасынан гөрі зияны көбірек тиюі мүмкін.

«Медициналық туризмді дамыту қажет-ақ. Бұл алдымен Қазақстанға шетелден көптеп ақша ағымын алып келеді. Бюджеттің жыртығына жамау болады. Бірақ, бұдан жеке клиникалар ғана дамып, халыққа олардың қолжетімділігі төмендей түседі ме деген күдік бар. Өйткені, шетелден миллиардтап ақша келіп жатқанда жекеменшік ауруханалар арзан бағада жергілікті тұрғындарды емдейді деп ойлайсыз ба? Бұл бір. Екіншіден, медициналық туризмді дамыту үшін Батыс елдерінің медицинасын қуып жетуіміз керек. Ал, дамыған елдерде қазір адам органдарын 3D-принтер арқылы басып шығарып жатыр. Мұндай жетістікке жетуіміз үшін прогрессивті медициналық стартаптарды қолға алуымыз қажет және заманауи қондырғыларын өзімен бірге алып келетін инвесторларға жағдай жасауымыз керек, олар Қазақстандағы инновациялық ортаның дамуына зор ықпалын тигізеді», - дейді Әли Нұрғожаев.

Оның айтуынша, құзырлы мемлекеттік органдар медициналық туризмді дамытамыз деуден бұрын әлемдегі және Қазақстандағы экономикалық дағдарысты, Қазақстанның бюджеттік жағдайын, сыртқы қарыздарымызды, құлдыраған мұнай бағасын – бәрін-бәрін ескеруі қажет. Өйткені, біз өзімізге ең бірінші ненің қажет екенін біліп, алдымен сол саланы түбегейлі дамытудан бастауымыз қажет.

«Біз ең алдымен қай бағытты дамытуымыз қажет? Аграрлы саланы ма? Қорғаныс және аэроғарыш саласын ба? Бәлкім, расымен де медициналық туризмге ең бірінші мән беруіміз керек шығар? Ең алдымен осы мәселені анықтап алып, содан кейін ғана батыл қадамдарға бару керек. Экономикалық дағдарыс кезінде түбі көрініп тұрған бюджет ақшасын оңды-солды шашуға болмайды», - дейді аталған Институт директоры.

Саланы дамытуда кездесетін қиындықтар мен тәуекелдер

Егер медициналық туризмді экономиканың бір секторы ретінде қалыптастырамыз десек, ең алдымен маркетингтік зерттеулер қажет болады. Мәселен, біздің мүмкіндігіміз қандай? Оңтүстік Кореяға, Қытайға, Ресей Федерациясына қалай бәсекелес бола аламыз? Біз өзіміз медициналық қондырғыларды жасап шығармаймыз, зерттеулер жүргізбейміз, технологияларымыздың бәрі шетелден әкелгенбіз. Осы тұрғыда біз арзан әрі сапалы қызметті қалай көрсетпекпіз? Неліктен Ресей азаматтары Израильден бас тартып, Қазақстанға келіп емделуі қажет? Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарының Қазақстанда ем қабылдауына қалталары көтере ме? Міне, осы тектес сауалдар өте көп. Мұның бәріне жауап табу үшін зерттеу жүргізетін білікті медициналық мамандар біздің елде өкінішке қарай, әлі жоқ.

Бәлкім шетел инвесторларын тарту арқылы дамытуымыз керек шығар? Алайда, әкімшілік қағазбастылықтан арылмасақ шет елден ақшасын көтеріп біздің елге тағы ешкімнің келмесі анық. Еліміздегі инвестициялық-консалтингтік қызмет көрсетумен айналысатын BRB Invest компаниясының бас директоры Ғалым Хұсайыновтың айтуынша, инвестордың ең алдымен мән беретіні – саланың болашағының бұлыңғыр болмауы және тұрақтылық.

«Кез келген инвестор мен өндіруші үшін ақша құятын саласының болашағы ашық және тұрақты болуы қажет. Ал, бізде көп саланың болашағын болжау мүмкін болмай жатады. Мәселен, тариф бір күнде 84 пайызға қымбаттап кететін сәттер болған. Мұндайда инвестор өз бизнесінің болашағына қалай болжам жасай алады?», - дейді инвесторлармен жұмыс істейтін компания басшысы.

Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, межтуризмді дамытуға қажетті тағы бір фактор – білікті мамандардың көп болуы. Өкінішке қарай, Қазақстаннан әлемдік деңгейге шыққан дәрігерлер саусақпен санарлық қана. Ел ішінде сұранысқа ие білікті профессорлар да көп емес. Бірақ, шетелден келетін науқастарды емдеу үшін оларды жай ғана қарап, диагноз қою үшін де мұндай маман біздің елге әлі көптеп қажет. Ал, білікті дәрігерлер бірер жылда тәрбиеленіп шықпайды, ол да ұзақ уақытты қажет ететін инвестиция.

Не істеу қажет?

Бәлкім әлемдік алпауыт медициналық компанияларды Қазақстанға алып келу керек шығар? Яғни, біздің елден филиалдарын ашсақ, сонда шетелден науқастар Қазақстанға емделу үшін ағыла бастар? Әрі медтуризм отандық экономиканың басым салаларының біріне айналдырамыз. Дәл қазіргі таңда Қытайдың ұстанып отырған саясаты да осындай. «Аспан асты елінде» жуырда қабылданған заңға сәйкес, шеттен келген медициналық компаниялар алдымен өзінің инновация тұрғысынан әбден дамығанын көрсете білуі керек. Тек содан кейін ғана ол компанияға елде кәсіп етуге рұқсат береді. Оның қасында Қазақстанның шетелдік компанияларды тартуда мүмкіндігі зор. Өйткені, біздің елде оларға бәсеке бола алатындай клиникалар, фармацевтикалық кәсіпорындар болмағандықтан, біздің нарыққа шетелдіктер еш бәсекесіз кіре алады. Ал, Қытайда жергілікті деңгейдің өзінде бәсеке көп.

Шетелдіктерді алып келуіміз үшін мемлекет тарапынан қолайлы инвест-климат жасалумен қатар, олардың қысым көрмейтініне үкімет кепілдік беруі қажет. Қажет болса, қаржы жағынан да уақытша қолдау көрсетуге болады. Елдің банк секторында орын алып жатқан жаңалықтардан байқағанымыздай, мұндай әлеуетті жобаларға қаражат әрқашан табылады.

Сондай-ақ, елде R&D-орталықтар (ғылыми зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізетін орталық) салу арқылы біз медициналық туризмді дамытып қана қоймай, ғалымдарымыздың шетелге кетуін тоқтата аламыз. Яғни, аталған орталықта Қазақстанның ең білікті биофизиктері, биостатистиктері, генетиктері, дәрігерлері, химиктері, түрлі салалардың инженерлері, математиктері, робот жасаушылары жұмыс істейтін болады.

Біз мұнымен медицианлық туризмнен пайда жоқ дегенді айтып отырғанымыз жоқ. Керісінше, егер көзін тауып, оң жолға қоя білсек, медтуризмнің экономикадағы салалық секторға айналу мүмкіндігі басым. Тек оны қалай дамытуымыз қажет? Міне, мәселе осында.

Иә, Елбасы тапсырды, медтуризм Қазақстанда дамуы керек. Алайда, бұл жолы да тек «қағаз жүзінде» бәрін орындап тастасақ, соңында ақшадан да, білікті мамандардан да, емделуге келетін туристерден де айырылып, дымсыз қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан, бұл саланы дамытар алдын жауапты мемлекеттік органдар мәселеге жүрдім-бардым қарамай, іргетасын дұрыс қалауы қажет. Сонда ғана қазақстандықтар шетелдің клиникаларына миллиардтаған ақшаны жаратпай, өз елімізде арзан әрі сапалы ем қабылдай алады. Ал, шетелдік науқастар болса Қазақстан дәрігерлерінің қолынан ауруына шипасын тауып, екінші жағынан ел қазынасының қампаюына үлестерін қосады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер