Маңғыстау облысының туризмі қалай дамуда?  - Туризм|15 Тамыз 2018, 12:05
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Маңғыстау облысының туризмі қалай дамуда?  Эксклюзив

Маңғыстау облысының туризм саласын дамыту аясында 2023 жылға қарай туристер ағыны екі есе артып, жылына 435 мыңға жетеді деп болжануда. Өңірдегі осы және өзге де туристік жоспарлар туралы олыстық Туризм басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Сүйеуова Baq.kz тілшісіне айтып берді.

Көрсеткіштер артуда

Маңғыстау облысында 2017 жылдың қорытындысы бойынша орналастыру орындары бойынша қызмет көрсетілген келушілер саны 2016 жылмен салыстырғанда 107% ұлғайып, 205 904 адамды құрады. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 231 528 адамға, яғни, 2017 жылмен салыстырғанда 112% артады деп жоспарланып отыр.

2017 жылы 78 орналастыру орны тіркелген. Оның ішінде санаты бар қонақ үйлер – 16, санатсыз – 43, тағы басқалары – 18. Жалпы сыйымдылығы 5241 жатын орынды құрайды. Көрсетілген қызметтер көлемі 4,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2016 жылғымен салыстырғанда 105% артық. Бұл кезде толу деңгейі 21,8% құрайды.

Сондай-ақ, облыста Фламинго, Алау, Ақбөбек, Балдаурен атты 4 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Мұнда 4980 бала демалған. Ал «Толқын» балалар лагері қалпына келтіру жұмыстарына байланысты 2019 жылға дейін жабық.

Жоғарыда аталған қызмет көрсетілген 205 904 туристің ішінде 117 178 Қазақстан резиденттері болып табылады. Бұл ішкі туризм деңгейінің көрсеткіші болып отыр. Ал 28 726 адам, сәйкесінше, резиденттер емес, бұл сыртқы, яғни, келушілер туризмі.

Туризм түрлері жетілдірілмек

Жалпы, ішкі туризм бойынша Маңғыстау облысы Астана, Алматы қалалары және Ақмола, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кейін 8 орында тұр. Ал келушілер туризмі бойынша Астана мен Алматы қалалары және Атырау облысынан кейін 4 орында тұр.

Туризм басқармасында мәлім еткендей, Маңғыстау облысында туризмді дамыту мақсатында бірнеше бағыт-бағдар қолға алынып отыр. Біріншіден, жағажай туризмі. Бұл орайда басты назар Ақтау қаласындағы жағажай аумағына аударылады. Екіншіден, этникалық, мәдениет және экологиялық туризм. Бұл есепте мемлекет қорғауында тұрған 13-ке жуық тарихи ескерткіш пен 362 киелі орындар бар Маңғыстау облысының әлеуеті жоғары болып отыр. Үшіншіден, Бекет ата мен Шопан ата киелі жерлеріне құлшылық жасау. Бұл бағыт құлшылық етушілер санының жылдан жылға артып отырғанын көрсетуде. Төртіншіден, Ақтау қаласының облыс орталығын дамытуға ерекше назар аударылады.

Аталған бағыттарды дамыту барысында 4 негізгі сапар орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл «Бейнеу», «Үстірт», «Көгез», «Ақтау» орталықтары.

Маңғыстау облысындағы «Тастақты жол» жобасының құны 1,9 млрд теңгені құрап отыр. Бұл серуен жолы мен қаладағы құмды жағажайды біріктіретін «көпір» іспеттес ерекше жоба болып отыр.

Жағажай жобалары қолға алынуда

2018 жылы Ақтауда қала ортасын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Соның ішінде, қалалық жағажайды абаттандыру жобасының маңызы зор. Жобамен ені 70 метрді құрайтын бағаналы сахна орнату, қала тұрғындарының тынығуы үшін жасыл алқаптар орналастыру, қазақ аңыздарының желісімен рәсімделген түрлі архитектуралық шағын мүсіндер қою қарастырылып отыр. Жобаның жалпы құны 1,02 млрд теңгені құрайды.

Ведомствода атап өткендей, Каспий теңізі жағажайда жақсы демалуға мүмкіндік беретін ерекше орын. Ақтау қаласының 15 км құрайтын жағалау жолағы бойын егжей-тегжейлі жоспарлау жүргізілді. Қазіргі уақытта мұнда сыйымдылығы 4968 адамды құрайтын 29 демалыс базасы бар. Арнайы есептерге сәйкес, 2030 жылға дейін тағы 12 жаңа қонақ үй кешенін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тағы да демалыс базаларын салып, олардың жалпы санын 70 жеткізу қарастырылып отыр. Бұл базалар 11 500 адамға орналастыру бойынша қызмет көрсете алады. Сондай-ақ, 500 адамды орналастыруға қауқары жететін түрлі хостелдерде жұмыс жасайтын болады.

Шомылу маусымында демалыс аумағы 350 мың қонақты қабылдай алады. 2017 жылғы шомылу маусымында аталған демалыс орнына 150 220 адам келген, 2018 жылы бұл көрсеткіш 170 мыңға жетеді деп жоспарлануда.

Кәсіпкерлер сенім білдіруде

Басқарма басшысының орынбасары Гүлмира Сүйеуова мәлім еткендей, қазіргі уақытта қазақстандық бизнес өкілдері елдегі туризмнің дамуына сенім білдіріп, осы салаға инвестициялар құюды қолға алып жатыр.

Бүгінде «Tree of Life» демалыс базасы кеңейіп, ондағы нөмірлер қоры айтарлықтай артуда. Демалыс орнында 156 жатын нөмір, 7 бассейн бар және су аттракциондары да ұлғаюда. Бүгінгі күні оның дамуына 485,2 млн теңге инвестиция салынса, ағымдағы жылы шомылу маусымының ашылуына орай құны 71,5 млн теңгені құрайтын толқынды бассейн іске қосылды.

2017 жылы қалпына келтіру жұмыстарынан кейін 425 адамды қабылдай алатын «Фламинго» балалар лагері іске қосылды. Мұндағы инвестициялар көлемі 1,5 млрд теңгені құраса, оның ішінде, 180 млн теңге «Даму» қоры есебінен қарастырылды. 2017 жылы аталған лагерде 1920 бала демалды.

250 нөмірлік 5 жұлдызды «Нұр» емдеу-диагностикалау және сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. 2019 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілетін жобаның жалпы құны 2,0 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар, көше бассейні мен жеке жағажайы бар 50 нөмірлі 3 жұлдызды қонақ үй кешенінің типтік жобасы да әзірленіп қойған. Мұндай кешеннің құны шамамен 700-800 млн теңге айналасында болмақ.

Ағымдағы жылы кемінде 2 шағын қонақ үй салынса, 2023 жылға дейін осы тектес 8 нысан бой көтереді деп жоспарланып отыр.

Тарихи нысандар туристер үшін тартымды

Жергілікті де, шетелдік те туристер үшін қазақ халқының тарихи және мәдениет ескерткіштері, табиғи сәулетті орындар тартымды болып отыр.

Маңғыстау облысының әкімдігі «Маңғыстау геопарк» құру және оны ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктері тізіміне енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, әлемнің 24 елінде 77 геопарк бар.

Маңғыстау геопаркіне 21 нысан кіріп отыр. Атап айтсақ, «Сұлтан-эпе» және «Шақпақ ата» жерасты мешіттері, «Жығылған» геологиялық шұқыры, «Шерқала», «Айрықты», «Құлыптар алқабы», «Көкала» каньондары мен таулары, бірқатар музейлер мен «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені және тағы бірқатар нысандар.

Туристік компаниялардың бағалауы бойынша, бүгінгі күні аталған нысанды жылына небәрі 4 мыңға жуық турист тамашалайды. Олар көбіне ТМД, Еуропа елдері, Қытай мен Жапония азаматтары. Осы орайда, ЮНЕСКО бренді шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпал етеді. 2023 жылға қарай туристер саны 20 мыңға жетеді деп болжануда. Сонымен қатар, осы аталған мерзімге қарай Геопарк 800 адамды жұмыс қамтитын болады.

2023 жылға дейін дамыту процесінде 18,6 млрд теңге мемлекет қаражаты мен 20 млрд теңге жеке капитал инвестициялау жоспарлануда. 2023 жылға дейін туристер ағыны қазіргі 205 мыңнан 435 мыңға дейін артады. Сондай-ақ, бұл кезең ішінде туризм саласында 1900 жаңа жұмыс орны құрылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер