«Мәңгілік ел» салтанат қақпасын тамашалау 500 теңге тұрады (ФОТО/ВИДЕО) - Туризм|10 Мамыр 2017, 17:53
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мәңгілік ел» салтанат қақпасын тамашалау 500 теңге тұрады (ФОТО/ВИДЕО)

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін Астанадағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының үстінен бақылау алаңы ашылды. Сонымен бірге қақпа үстіне көтерілер баспалдақ пен ішкі алаңында көрме галереясын тамашалауға, ең жоғарғы қабатынан қала көркіне көз сүйсіндіруге болады, дейді BAQ.kz тілшісі.

Қала көркін бақылау алаңына көтерілер баспалдақ пен жолға орналасқан көрменің жалпы аумағы 120 шаршы метр. Галерияға отандық және шетелдік суретшілердің, қолөнер шеберлерінің, сәндік-қолданбалы өнер иелерінің туындылары қойылған.

Ашылу салтанаты 2011 жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылған қақпаға Елбасы: «Мәңгілік Ел» елінің егемендігін ғасырлар бойы аңсап келген қазақ халқының триумфының белгісі» деген баға берген еді.

«Қақпа дүйсенбіден басқа күндердің бәрінде таңғы 10-нан кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Әрине, ЭКСПО қарсаңында қала қонақтарының көбеюіне байланысты жұмыс уақытын ұзарту көзделіп отыр. Кіру құны ересектерге - 500 теңге, балаларға - 350 теңге. Бұл орыннан келушілердің қазақ халқының өнері мен мәдениеті туралы өте құнды деректер мен ұмытылмас әсер алып кетері анық. Жаңа шолу алаңы туристердің қызығушылығын оятып қана қоймай, түлектер мен жас жұбайлар арасында танымал орынға айналатынына сеніміміз мол», - дейді Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Қақпаның биіктігі – 21,5 метр, ені – 13 метр. «Алтын кесік» сәулет заңына дәлме-дәл келу «Мәңгілік ел» салтанат қақпасына біртекті пропорция берді. Әр жақтың астыңғы жағында биіктігі 4,4 метрді құрайтын көлемді мүсіндер орналастырылған. Қақпаның сол жағына қазақ ұлтының санасында ертеден қалыптасқан - даналықтың, данышпандықтың, ғұламалықтың нышаны, халықтың рухы мен ойының қорғаушысы - Ақсақалдың мүсіні орын тепті.

Символикалар тілінде бүркіт мүсіні мемлекеттік билікті, кеңдік пен көрегендікті білдіреді. Ұлтымыздың түсінігінде қыран құс қашан да бостандықтың, тәуелсіздіктің, мақсатқа, биікке, болашаққа деген ұмтылудың нышаны болып келді. Бүйір беттерінде сондай-ақ, ойшықтар бар. Оның бір жақ бетінде түркі халқы үшін ауызбіршілік, қонақжайлық пен молшылықтың символы - «Тай қазан» мүсінінің бір бөлігі бар. Бүйір қабырғалар ортасында қазақ сарбаздарының «Қалқан» қорғанышы орналастырылған күрделі қазақ оюларымен әшекейленген. Қалқан-ықылым заманнан бері қауіптен қорғанушылық, беріктік, табандылық пен жеңісті білдірді. Қалқанмен үйге оралу жеңістің белгісі болды.

Ішінде екі жағынан әрқайсының көлемі 7×3,5 метрді құрайтын рельеф паносымен безендірілген қақпа қуысы бар. Олардың бірінің сюжет желісі қазақ халқының «Сақ» - «Түркі» - «Қыпшақ» - «Қазақ» тарихи даму кезеңдерінен көрініс береді. Паноның екінші жағындағы тақырып халықтың басты байлығы – Ақ орда, Бәйтерек және бүгінгі күннің басқа да объектілері арқылы ашылатын Тәуелсіздікке арналған. Жастар өкілдерінің рельефтік бейнелері болашаққа деген ұтылысты білдіреді. Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының алғашқы бабынан алынған «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген үзінді композицияның идеологиялық түйінін жасайды.

Видео: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер