Фото: Нұржас Жақсыбай
Астана, BAQ.KZ тілшісі.Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанадан 128 км қашықтықта Қорғалжын ауданы орналасқан. Ауданның мақтанышы – Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы. Ал қорық әлемге қоқиқазымен танымал. Экзотикалық құстың Қазақстанда мекендеуі таңқалдырады. Жыл сайын өтетін «Фламинго» фестивалі аясында ауданның тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Қорғалжынға қашан, қалай баруға және қайда қонуға болады?
Туристер Қорғалжынға Астана қаласы арқылы келеді. Аудан мен Астана арасында автобус пен такси қатынайды. Ара қашықтық – 128 шақырымды 2-2,5 сағатта жүріп баруға болады. Ал қоқиқазды көргіңіз келсе аудан орталығынан ары қарай 45 шақырым жүресіз.

«Туристер Астанаға ұшып келеді. Сосын Қорғалжынға қалай баруға болады деп сұрайды. Ешкім білмейді. «Автовокзалға барыңыз да, таксиге отырыңыз» дейді жергілікті адамдар. Олар автовокзалға барады. Туризмі дамыған елдерде ешкім-ешкімді алдамайды. Таксист 2500 теңге жолақыны 20 мың деп айтқан. Мұны туристердің өз аузынан естідім», - дейді аудан әкімі.

Бауыржан Ғайса туристер ағылшын тілінде ақпарат ала алмайтынын, себебі ондай мамандар жоқтығы туралы айтты.
«Оларды қарсы алатын адамдар ағылшынша білуі керек. Мұндағылар ағылшынша түсіндіре алмайтын болған соң орысша сөйлейді. Келушілер ештеңе ұқпайды. Сосын әрі қарай қорыққа барады. Яғни бізге тіл білетін мамандар қажет. Қонақ үй, логистика туралы ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Біз ғой турфирмаға үйренгенбіз. Шетелдік туристер басқаша, ақшасын есептеп өздері келе береді», - дейді Ғайса.

Оның айтуынша, ауданда сырттан келушілерге арналған 100 төсек орны бар. Бір тәулікке 2500 теңге мен 10 мың теңге аралығында төлейсіз.
Қоқиқаздар қорыққа мамырда ұшып келіп, қазанда ұшып кетеді. Сол себепті жазда ұя салатын кезде келген дұрыс.
Қорғалжын қорығы – Ақмола облысының туристік жақұты

«Қорғалжын – бірегей экожүйеге ие қорық. Біз оны қорық ретінде, туристік дестинация ретінде дамыту қажет екенін біліп отырмыз. Ақмола облысында four season бағдарламасы бар. Облыс әкімімен өткен кешегі жиында Қорғалжында жиі шара өткізіп тұруды айтты. Астанада халық арасында сауалнама жүргізгенде әр он адамның жетеуі Қорғалжынға баруғысы келетінін білдік. Бірақ көпшілігі қалай бару мен қайда тоқтауға болатыны туралы ақпараттан хабарсыз. Қорғалжын – Ақмола облысындағы потенциалды туристік жақұттардың бірі. Мұны дамытқымыз келеді. Әкіммен бірге Астанаға дейінгі тас жолды көрдік. Енді жол бойында сервис жасауды жоспарлап отырмыз. Туристер жолда тоқтайтын орындар саламыз», - дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали.

Әкім орынбасары қорыққа соңғы үш жылда әлемнің 83 елінен туристер келгенін айтып, Қорғалжын туризмін дамытуға жарнаманың қажеті жоқ деп отыр.
«Орыс қызы Мариям мен қазақ жігіті Дударайдың махаббаты туралы «Дударай» деген атақты әнді Ресейде де, Қытайда да айтады. Қорықтағы Теңіз өзенімен байланысты осы махабат тарихы туралы қызықты ескерткіш орнатып, арнайы тур жасау қажет деп ойлаймын», - дейді ол.

Қорғалжын ауданының әкімі Бауыржан Ғайса бұл мәселені Көкшетаудағы турфирмалармен талқылағанын айтты.
«Олар бізге келуге дайын. Бірақ олар логистиканы толықтай салуды сұрап отыр. Үлкен автобуспен келетіндіктен тұрақ қажет. Бұл мәселемен жұмыс істейміз және келесі маусымға дайын боламыз», - деп жауап берді ол.

Марат Иғалидің айтуынша жазғы каникулда Астанадағы көптеген ата-ана Қорғалжынға балаларын он күнге қалдырады. Қорғалжын қазақи мекен болған соң балалар бір отбасыда тұрып, қазақша үйренеді. Олар салт-дәстүрден хабардар болып, ұлттық тағамдарды әзірлейді.
Қорыққа бір жылда 5 мың адам келеді
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы директорының міндетін атқарушы Алексей Кошкиннің айтуынша қорық жылына 5000 адам қабылдайды.

«Қорғалжында 1968 жылға дейін қорық-аңшылық шаруашылығы болды. Парадоксалды атау, иә? Біреуге қорық, енді біреуге аңшылық. Содан кейін ғалымдар жабылып «қорық жасайық» - деді. Қазір Қазақстандағы ең үлкен қорыққа айналды. Кейде келішулер «орман қайда?» деп сұрайды. Бұл сондай далалық қорық дейміз. Сосын ренжиді. Кейде шетелдіктермен келе жатсаң жолдың ортасында тоқтатып, ұзаққа кетіп қалады. Тоқтамай жүре береді. «Мына жер қандай әсем» деп таңданып жатады», - дейді ол.

Оның айтуынша, қорыққа орнитологтар жиі келеді (шамамен жылына 300-400 адам).

«Жылан 5 млн турист баратын АҚШ-тағы ұлы каньонға жету қайда. ранд каньонға жету қайда. Бізге шамамен 5 мың адам келеді. Олардың арасында оқушылар, студенттер, туристер, орнитологтар бар. Қорықтың бір күндік жүктемесі бар. Заңнамалық патент бойынша 100-150 адамнан артық қабылдай алмаймыз. Бурабай сияқты есігімізді ашып қойып, мыңдаған адамда кіргізе салмаймыз. Қорғау аймағында маршруттар белгіленген. Қорық штатында экскурсия жетекшілері жоқ. Күніне 2-3 машина келіп жатады», - дейді ол.
Қорғалжынға ұшып келетін қоқиқаздар саны азайған

Қорғалжынның брендіне айналған қоқиқаздар жазғы мезгілде ұшып келеді де күзде жылы жаққа ұшып кетеді. Жылдан-жылға қызғылт түсті құстар саны азайып жатыр. мұның себебі экзотикалық құстар бағыттарын өзгертіп жатыр. кейбір елдерде оларды атуға, сатуға тыйым салынбаған. Бұрындары Қорғалжын қорығына 150 мыңға дейін қоқиқаз ұшып келсе соңғы жылдары бұл сан үш есеге қысқарған.
«Бізден Солтүстік Африкаға ұшады. Бір маусымда шамамен 50 мыңдай ұшып келетін. Оларға жүзік тағып Орталық Африкадан, Иран, Ирак, Франция мен Италияның оңтүстігінен қайтып келетіндерін көржік. Бір ғана жерге бармайды. Биыл өте аз ұшып келді. 4 мың қоқиқаз болды. Теңіздегі гидробионттар, артемия азайды.Мүмкін жол-жөнекей басқа қолайлы жер тауып алған шығар», - деді Алексей Кошкин.

Қоқиқаздың ерекшелігі – адамдардың келе жатқанын 300 метрден біледі. Сол үшін жақын келуге болмайды. Дауысты естісе жұмыртқаларын тастап, басқа көлге ұшып кетеді.

Қорғалжында өсімдіктің 500 түрі, 1400-ден астам су және жердегі жануарлар, құстардың 650 түрі, жәндіктердің 700 түрі мекендейді. Қорғалатын аймақта 60-тан астам сирек жануар мен өсімдік Қызыл кітапқа енген. Халықаралық табиғатты қорғау тізіміне сайғақ, түз суыры сүтқоректілердің 8 түрі кірген.
Аудан тұрғындары қалай күн көріп жатыр
Тоқсан жылдық тарихы бар ауданда 10 мың адам тұрады. Негізгі кәсіп – мал шаруашылығы. Десе де жалғыз кәсіпорын ет комбинаты дұрыс жұмыс істемейтін көрінеді.

«Ресми 8880 кісі тұрады. 10 мың десек те болады, себебі қалада жұмыс істейтіндер бар. Қазір жер аз дән себетін, бәрі те қана малмен күн көріп жатыр. Су бар, қаз бен үйректі де пайдалануға болады. Тұрғындар ірі қара, жылқы ұстайды. Аудан бойынша бұл істі көтеру жөнінде бағдарлама әзірлейтін боламыз», - дейді аудан әкімі Бауыржан Ғайса.

Аудан әкімі туризм жағынан дамытуға жағдай да, жер де, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі бар екенін айтты.
«Егер 10 мың турист келіп 10-20 мыңнан тастап кетсе бұл жаман емес. Біздің міндетіміз қонақтарды қарсы алып, тамақтандырып, қорыққа апарып, ақша табуы үшін тұрғындарға тұрақты жұмыс тауып беру болып отыр. Осылай жұмыс орнын құру арқылы ауданда салық түсімі көбейеді. Ал инфрақұрылым, логистиканы жақсарту туралы айта алмаймын. Ол үшін ақша керек. Аудан бюджетінің 70 пайызы мұғалімдерге бөлінеді. Ақша алып келетін кәсіпорындар жоқ. Бір ғана ет комбинаты бар, оның өзі дұрыс жұмыс істемей жатыр. Жоба бойынша қуаттылығы он бес мың тонна болса қазір 2,5 – 3 мың тоннадан аспайды. Сол бағдарламаны жүзеге асырсақ тұрғындар табыс табар еді. Халыққа жұмыс беріп, олар ақша тауып алғанда жолды да, бәрін де істейміз», - деді ол.
Туризм қалай дамымақ?
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Гүлшат Қарағожина 7-8 жылдан бері туризм жақсы дамып жатқанын айтты.

«Бізде ең бірінші БҰҰ Даму Бағдарламасының жобаларымен қонақ үйлер салынды. Әлімжанов деген кәсіпкер жақсы жұмыс істеп жатыр. Бүгінде 6 қонақ үй бар. Шетелден қонақтарды қарсы алып, оларға қазақтың тағамдарын, қолөнерін ұсынамыз. «Балтабеков» туристік кешенінде тазы итпен, бүркітпен серуендеуге болады. Қорғалжын нағыз қазақи аудан. Қолөнершілер өте көп. Құрт, қымыз, киіз үйіміз бар. Қорғалжынға ЭКСПО кезінде көп адам келіп, біраз салық түсті», - дейді ол.

Оның айтуынша ауданда гид, экскурсия жетекшілерін оқыту керек. Сондай-ақ, қонақ үй жұмысшылары, адамдарды қарсы алатын, мейрамханада қызмет көрсететін талапқа сай адамдар жетіспейді.
«Туризмді дамытуға көп ақша бөлу қажет. Қорғалжында шипалы балшық бар. Жергілікті тұрғындар тамыз айында тұз піскенде балшыққа түсіп ем алады. Бізге сондай курорттық емдеу орнын салу керек», - деді Гүлшат Қарағожина.
Жыл сайын өтетін «Фламинго» фестивалі
Қорғалжын ауданында он төртінші мәрте республикалық «Фламинго» фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстанның әр аймағынан оқушылар қатысады. Жеңімпаздар қорыққа келіп өз көздерімен қоқиқаздарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі Шымкент қаласынан келген Ардақ Құттыбаев Қазақстанда қоқиқаздар өмір сүреді деп ойламағанын айтады.

«Қоқиқаз көремін деп үміттендім. Дүрбінің көмегімен оларды анық көре алған жоқпыз. Аппақ нүкте болып тұрды. Экскурсияда көптеген жануар туралы мағлұмат алдық. Осыған дейін Қазақстанда қоқиқаз өмір сүреді деп ойламадым. Алайда мен сүйкімді, экзотикалық құстарды көргенде таңқалдым. Қоқиқаздарды Қазақстанның сұлу құстары деп есептеймін және оларды көруге сіздерді шақырамын», - дейді оқушы.

Фестивальге бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, қысқа метражды фильм, фотосурет, экологиялық ертегі аталымдары бойынша 9-18 жас аралығындағы балалардың жұмыстары қабылданды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Фламинго» фестивалі экологиялық мәдениет пен тәрбиені дамытуға ықпал ету, жұртшылықтың назарын Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына — ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік табиғи мұрасының объектісіне аудару, оның бірегей әлеуетін көпшілікке тарату, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, қайырымдылық халықаралық қорлардың назарын Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінің биоәртүрлілігін сақтау мәселелеріне аудару мақсатында өткізілетінін айтты.

Фестивальде аудандағы өнер иелері, сондай-ақ танымал әншілер — Адам мен Ринат Мальцагов өнер көрсетті.
Оқушылар экологиялық білім беру сабағы арқылы қорыққа келіп құстармен таныса алады
«Фламинго» фестивалі аясында Қорғалжын экологиялық обсерваториясында «Қазақстан оқушыларына экологиялық тәрбие беру бағдарламасына орнитологиялық бақылауларды енгізу» жобасы таныстырылды.

«Бізде мектеп бағдарламасында экологиялық білім беру мазмұны жағынан, қамту жағынан шектелген. Флора мен фаунаны бақылау мүмкіндігі қолданылмайды. Бұл жағдай инфрақұрылым мәселесімен, қоғамдық ұйымдардың аз қатысуы мен экологиялық оқулықтардың жоқтығынан болып отыр. Сол үшін де оқушылар арқылы экологиялық тәрбие беру және олардың жауапкершілігін күшейту жоба мақсаты болып отыр" - дейді Қорғалжын экологиялық обсерваториясының директоры Құралай Түспекова..

Ол әртүрлі санат бойынша оқу бағдарламасы әзірленгенін, орнитологиялық бақылау жүйесін тестілеу басталғанын атап өтті.
«Бүгінде 60 оқушы табиғи ортада орнитологиялық бақылау тестілеу бағдарламасынан өтті. Сауалнама жүргізіп, қатысушылардың бағасын білдік. Гранттық қаржыландыру аяқталған жағдайда да жобаны жалғастыра береміз. Қоқиқаз осы жерге ұшып келетін болған соң оқушылар тек осында келеді. Бұл бағдарлама үш күнге арналған. Жоба 2019 жылы аяқталады. Білім және ғылым министрлігіне таныстыратын бағдарламаны әзірлейміз. 5-8 сынып оқушыларына арналған 100 сағаттық және 120 сағаттық териялық және практикалық сабақтар болады. Бұл факультативті сабақ», - деді ол.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы директорының міндетін атқарушы Алексей Кошкин экологиялық тәрбиені балалардан бастау керек дейді, себебі ересектерге үйрету нәтиже бермейді.
«Балаларды табиғатты сүюге үйретуіміз керек. Үлкендерге бәрібір, аңшы болса солай қалады. Өмір бойы мылтық атып келе жатқан адамға ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндурі өте қиын. Балалар қолына қару емес, фотоаппарат алып табиғатты суретке түсірер болса қуанамыз», - дейді ол.

АҚШ елшілігінің кіші гранттар бағдарламасы және қаржыландыру ассистенті Серік Досалиев бұл жобаның әрі қарай экологиялық білім беруді ынталандырып, оқушылар мен олардың ата-аналарына қоршаған ортаға деген қатынасын жақсартуға көмектесетінін айтты.
Фотолар: Нұржас Жақсыбай
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!