BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақтың ұлттық бренді – қазы мен шұбат болуы керек Эксклюзив

«Бренд» ұғымының негізі ағылшын тілінен аударғанда «таңба», «таңбалау», «ен салу» дегенді білдіретін «brand» сөзінің скандинавиялық («branna» – күйдіру) және шведтік («brand» – от) түбірлерінен алатынын ескерсек бұл атаудың, жалпы бренттік ұғымның қазақы дүниетанымымызға да жат емес екендігін байқауымызға болады. Себебі қазақ: «Күйгізбесең, күйесің» деген. Анығырақ айтар болсақ малға ен салу, таңба басу арқылы әрбір әулет, әрбір отбасы өз малын өзінің меншігі екенін растап отырған. Оған дәлел күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан рулық таңбаларды атауымызға болады. Қазақ әлеміне ежелден етене таңба басу дәстүрі «бренд» деген ұғым алып, біздің заманымыздан бұрынғы 21-ші ғасырларда Мысыр дінбасыларының діни орталықтар меншігіндегі өгіздерге ен салуыдан басталған. Олар өзігдеріне таңба басуды осылай атаған. Демек қазақы санадағы брендтік ұғым ежелден бар. Ал бренд сөзі сол кезде жекеменшік, кімге тиесілі екенін танытатын ұғым еді.

Сондықтан қазақта бренд жоқ, немесе нені бренд жасауға болады деген талас артық ететін секілді. Жаңа жоғарыда айтып өттік қазақта күллі қазақ ұлтын былай қойғанда әрбір руында бренттік белгісі бар. Ал енді Қазақстанның әр өңіріндегі брендтерді атап көрейік. Мысалы: Алматыны апорты, Қызылорданың күріші, Маңғыстаудың мұнайы, Қостанай жылқысы, Қарағандының көмірі, Жезқазғанның мысы, Талдықорғанның қанты, Өскеменнің балы, Петропавлдың бидайы, Көкшетаудың көрікті табиғаты, Шымкенттің ақ мақтасы, Жаңарқаның қымызы, Аралдың тұзы т.б. осылай жалғастыра беруге болады.

Мұндай ұғымдарды ішкі брендтер деп атаған орынды секілді. Себебі бұл еліміздің аумағында ғана танымал. Ал ендігі мәселе қазақтың ұлттық брендін халықаралық дәрежедегі Қазақстан деген атаумен қатар аталатын брендтік атауды қалыптастыру. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де Қазақ елі туралы сөз болғанда сол елде ғана өндірілетін, сол елдің атауымен қатар ойға оралатын заттаңба болуы керек. Бұл тұрғыда Қазақстан әзірге ұятты. Себебі «Қазақстанда жасалған» «Made in Kazakhstan» белгісі бар брендтік бұйым немесе ұлттық ерекшелігімізді танытатын бір сөз (ұғым, белгі, заттаңба) әлі қалыптасқан жоқ. Шыны керек қазіргі таңда Қазақ елі үшін брендтік атаулар «Нұрсұлтан Назарбаев», «GGG», «Александр Винокуров» қатарлы еліміздің атын әлемге танытып жүрген саяси және спорттық тұлғалар ғана. Сосын біз үшін жағымсыз кейіпкер Бораттың өзге елдерде біздің елімізді танытып жүргенін де байқаймыз. Әрине, адам есімі сол ел үшін бренд бола алмасы түсінікті, дегенмен біздің қолымызда бары әзірге осы.

Мысалы әлемдік деңгейде елдік брентке айналған атаулар бар. «Мерседес» дегенде бірден есіңізге Германия түседі. «Тойота» - Жапония, «Самсунг» - Корея, «Голливуд» - АҚШ, «Болливуд» - Үндістан, «Нексия» деген кезде көрші Өзбекстан есімізге түсетіні жасырын емес. Демек, мемлекеттің атын шығаратын тауарлық брентер екенін байқауға болады.

Ал біз үшін маңыздысы ұлттық бренд.

Қазақ халқы ұлт ретінде нені бренд деп ұсына алуы мүмкін?

Осындайда Қадыр ақынның «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейтін бір ауыз өлеңін еске түсіретіндер көп. Қазақстың ұлттық бренді домбра болуы керек деушілер қырғыздың қомысымен, өзбектің дутарымен салыстырып ойлауларына болады. Кейбір отандастарымыз қымызды ұлттық брендке жатқызады. Дегенмен бұл көшпелі халықтардың барлығына ортақ сусын екенін ұмытпағанымыз абзал. Тіпті, сақалардың ұлттық сусыны ретінде де танымал. Көшпелі тарихымызда киіз үйден асқан ұлттық бренд жоқ деушілер де бар. Алайда күллі түркі тектілерге ортақ баспананы жекешелендіріп алудың өзі қисынға келмейді.

Дегенмен өзгеде бар екен деп өзіміздегі зорды қор тұта беруге болмайды ғой. Себебі кей ұлттырды ұлт ретінде елестеткен сәтте олардың ұлттық болмысымен қатар жүретін «брендтік» мәнге ие ұғымдары әр түрлі болып келеді. Мысалы: өзбек ұлтын палаусыз елестету мүмкін емес. Бірақ палауды өзге ұлттар да жасайды. Ал көршілес моңғол халқы туралы сөз болса олардың «архи» атты ішімдігі бірінші ауызға алынады. Ал орыс ұлты дегенде «самогон» мен «борщ» қатар аталатын тағамдар.

Алайда осы ұлттық бренд төңірегінде абай бомаса болмайды. Мысалы швейцариялықтар үшін ұлттық тағам саналатын «фондю» атты ірімшігіне бірнеше ұлт ортақтасқысы келеді. Ал Шығыс Еуропаның «паленка» ішімдігіне венгрлер, болгарлар, тіпті бұрынғы Югославия құрамында болған бірқатар ұлттар ортақ болуға бейіл. Сол секілді, әйгілі «будвайзер» сырасына қатысты чехтар ман американдықтардың таласы чехтардың пайдасына шешілген болатын.

Осындайда ұлттырды түрлі жан-жануарға ұқсату да халықаралық ұғымда брендтік дәрежеге жеткен. Мысалға көрші ресейді ақ аюға, қытайларды айдаһарға, америкалықтарды ақбас су бүркітіне теңесек, өзіміз көкбөрілер ұрпағы атануға немесе барыс болуға құштармыз. Әрине, бұл біздің ғана көзқарасымыз екенін ескергендеріңіз абзал.

Өткен аптада ҚР АКМ ұлттық брендті қалыптастыруға, ұлттық бренд дәрежесіне ие бола алатын атауға байқау жариялады. Бұл өте құптарлық жағдай. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында Қазақстан деген атаумен қатар жүрер халықаралық дәрежедегі брендіміз болуы керек. Дегенмен ұлттық брендті, мемлекеттің екінші атауының деңгейіндегі ұғымды қалыптастыруға мемлекет тарапынан арнайы көмек болмаса, барлығы да бос әуірешілік. Және бір ескеретін жағдай ұлттық бренд жершілдікті, рулық көзқарасты білдірмейтін, Еуропадағы, Қытайдағы, Ресейдегі, Моңғолиядағы қазақтың да ұлттық болмысын таныта алатын атау (заттаңба, тауар, сусын, ұғым) болуы керек.

Ал енді қазақтың ұлттық бренді не болуы керек деген сұраққа аз-кем жауап беріп көрейік. Әуелі қазақтың ұлттық бренді болуға татитын, өзге елдер өндірмейтін екі түрлі тағам бар. Оның бірі – шұбат, екіншісі – қазы. Осы екі тағамның бірі ұлттық бренд болуына әбден негіз бар. Себебі екеуін де басқа ешбір ұлт жасамайды. Қазақтың қазысының құнарын әлемдік медицина мойындаған. Шұбаттың сан түрлі сырқатқа дауа екенін де әлем мойындады. Қазақ ұлтының ұлттық брендін қалыптастырғысы келген жан осы екі тағамның халықаралық деңгейге көтерілуіне күш салуы керек. Әрине, жаңа айтып өткеніміздей ең әуелі мемлекет тарапынан бұл екі асқа мәртебе берілсе, осы тағамдарды өндірушілерге қолдау көрсетілсе, ары қарай дамуына жол ашылары сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер