BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстандық туристер қар мен жаңбырдың құрсауында қалды

Шетелге барған туристер тағы тауқымет тартуда! Бұл жолы жүздеген қазақстандық елге орала алмай, Стамбұлдағы Ататүрік әуежайында отыр. Әуе рейстерінің кейінге шегерілуіне қолайсыз ауа-райы себеп. Ал толассыз жауған қар мен қатты желдің әлі тоқтайтын түрі жоқ. Нөсер жауын Таиландқа барған отандастарымыздың да демалысының шырқын бұзды. 10-ға тарта Қазақстан азаматы жүрген Самуи аралы су астында қалған. Сондықтан мұндағы әуежай да жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Ататүрік әуежайындағы рейстердің кідіріп жатқанына бүгін үшінші күн. Бұған себеп - қар мен дүлей жел. Ал ұшақ күткендердің арасында отандастарымыз көп.

"Көмек бірден келген жоқ. Бірінші күні әуежайда түнеуге мәжбүр болдық. Келесі күні ғана қонақ үйге жайғастық. Қасымда Қазақстан азаматтары көп. Ұшағымызды тым ұзақ күтудеміз. Алматыға қашан ұшатынымызды да ешкім айтар емес" - дейді жерлесіміз Александр Габченко.

Кеш те болса отандастарымыз қонақүйлерге жайғасқан. Оның шығынын әуе компаниялары көтермек. Ал, Стамбұлда қалғандардың бір бөлігі кеше елге әрең дегенде жеткізілген екен. Ол ұшаққа сыймай қалғандары қардан тазартылып жатқан Ататүрік әуежайынан бүгін ұшады деп күтілуде.

«Atlas Global» әуе компаниясы Шымкентке ұшу керек, 70 адам ұшу керек еді. Сосын деген, басқа «Turkish Airlines» 200-ден астам адам бар, қазақстандық азаматтар. Ақпарат бойынша, бүгін кешке олар ұшу керек" - дейді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғалиев.

Таиландқа аттанған отандастарымыз да ауа-райының кесірінен кешігуге мәжбүр. Самуи аралына демалуға 10-ға тарта отандасымыз барған екен. Мұнда да толассыз жаңбыр жауып, арал тұтастай су астында қалған. Табиғат апатынан 20-ға тарта адам көз жұмып, 700 мыңы зардап шегіпті.

Мұндағы әуежай да жұмысын тоқтатқан. Ал, қазақстандықтар қазір туроператорлармен тығыз байланыста. Самуида қауіпті жағдайда қалған отандастарымыздың бірі Қанат Әубәкіров. Ол Таиландқа отбасымен бірге қыдыруға барған екен. Тек, демалысының шырқын нөсер жауын бұзған.

"Жағажайда демалғымыз келген. Мұнда суға түсіп, күнге қыздырынамыз деп келгеніміз рас. Енді, оның орнына аралдың басқа байлықтарын тамашалайтын шығармыз. Мына жаңбыр ыңғайсыздық туғызып отыр. Көнбеске амал жоқ" - дейді демалушы жерлесіміз Қанат Әубәкіров.

Ал шенеуніктер Таиландтағы отандастарымызды аса сақ болуға шақыруда. Себебі, Самуи аралындағы нөсер жаңбыр әлі бірнеше күнге созылуы мүмкін. Синоптиктер Түркиядағы қалың қар да әзір тоқтамайды деп отыр. Дегенмен, министрлік өкілдері Стамбұлда тентіреп қалған отандастарымыз бүгіннен қалмай елге оралады деп сендірді.

Дерек көзі: КТК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер