Қазақстандағы саяхаттап баруға болатын ерекше орындар - Туризм|02 Маусым 2017, 15:17
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстандағы саяхаттап баруға болатын ерекше орындар

Фото: Азамат Алиев

Жадырап жаз келіп, демалыс маусымы басталып кетті. Осы орайда, күннің шуағын, мөлдір су мен көкорай шалғынның иісін сағынған жұрт назарына еліміздің тамаша табиғатымен, бай тарихымен ерекшеленетін жерлерінің топтамасын ұсынамыз.


Беғазы қорымы

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында орналасқан қорымдағы тастардың салмағы Мысыр пирамидаларының тастарымен бірдей. Сондықтан іргемізде осындай ескерткіш тұрғанда шетелге де барудың қажеті жоқ.

«Беғазы қорымын ғалымдар Мысырдағы пирамидалармен салыстырып отыр. Кейбір тастардың салмағы пирамидалардың тастарымен бірдей екен. Кезінде бұндай тастарды осы жерге техникасыз қалай әкелген деген сұрақ туындайды. Беғазы қорымын ең бірінші зерттеген – Әлкей Марғұлан. Қорым туралы Ә.Марғұланның «Беғазы-Дәндібай» деген еңбегінде жазылған. Бұл жерде билер, патшалар, көсемдер жерленген екен. Түркі дәуірі тастарының бір кереметі, олардың беті түгел шығысқа қараған. Ал таңбалы тастар батысқа бет түзеп тұр. Беғазы атауына келсек, оған қатысты бірнеше аңыз бар, дегенмен көбі батыр қыздың есімі дегенге саяды», - дейді тарихшы, Ақтоғай археологиялық-этнографиялық мұражай директоры, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.


Қарасай мен Ағынтай батырлар мемориалдық кешені

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында орналасқан кешенге ат басын бұрып, ел тарихымен танысып, рухани азық алып қайтуға кеңес береміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арғы атасы – Қарасай батыр жерленген өңірдің тарихы ғана бай емес, табиғаты да тұнып тұр.

«1997 жылы бұл жерге тас қойылды, 1999 жылы кешен ашылды. Оның биіктігі 16 метрді құрайды. Кешен айналасында тағы 40 шақты зират қорым бар. Бұл жерде Қарасайдың қалмақтар улап өлтірген 23 жастағы Еркін, Төркін деген егіз ұлдары да жерленген. Ол жер аяқ асты болмасын деп қоршалған», - деп әңгімеледі Қарасай мен Ағынтай батырлар мемориалдық кешенінің директоры Сәмиддин Омартегі.

Қарасай 1598-1671 жылдары, ал оның досы Ағынтай 1599-1672 жылдары өмір сүрген. Олар жоңғарларға қарсы шайқастарда қол бастаған ержүрек батырлар болған. Қарасай батыр – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Батыр Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған.

«Қарасай, Көшек, Айдар, Мырзатай, Кенбаба, Еділ, Сапақбай, Назарбай, Әбіш, Нұрсұлтан. Елбасымыз 10-шы ұрпағы», - дейді С.Омартегі.


Жидебай – Бөрілі

Бұл жердің әр тасы, тауы, өзен-көлі шежіре мен сырға толы. Сондықтан, еш ойланбастан қазақтың ұлы ақыны Абайдың туып-өскен жеріне барыңыз.

Негізі 1940 жылы қаланған қорық-музей 1990 жылы қайта құрылып, «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып өзгерді. Абай ауданындағы қорық аумағы 6400 гектарды құрайды, оның құрамына 16 объекті кіреді. Оның ішінде - Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, Құнанбайдың құдығы, Зере мен Ұлжанның зираттары, «Абай-Шәкәрім» мазарлы кешені, мазарлы кешеннің мешіті, Кеңгірбай бидің мазары және т.б зираттар бар. 20 мыңнан астам жәдігер сақталып отырған мекемедегі экспонаттар қатарында Абай дәуірін, оның қоғамдық қызметін сипаттайтын түпнұсқа құжаттар, этнографиялық және мұрағаттық материалдар, шығыс классиктерінің сирек кітаптары, батыс философтарының шығармалары, ақын замандастарының естеліктері бар. Еуразия құрлығының орталығы да осы өңірде орналасқан.

Теректі әулие

Еліміздегі туризмді дамытатын бірде-бір жер ол – осы мекен. Жезқазған қаласынан шығысқа қарай 90 км, Теректі станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 20 км қашықтықта орналасқан бұл жерде тас бетінде ежелгі таңбалар бейнеленген. Бұл жерде үш қырат үстінде көптеген жылқы бейнесі, екі өркешті бактериандар, бұқа, ешкі, бұғы, жылан, жыртқыш мысық пен қос жылқы жегілген арба суреттері бейнеленген.

«Осындағы ең ірі тарихи ескерткіштер – бұл жартастағы таңбалар, яғни петроглифтер. Теректі әулие петроглифтерінің тарихы б.д.д. 6-шы мыңжылдықтан басталады. Бұнда бір кезеңнің ғана емес, сонау сақ дәуірінен басталатын кезең белгіленген. Сол сақ дәуірінен бертінгі орта ғасырға дейінгі тарихи петроглифтердің кескіндемесі, суреттемесі бар. Жалпы астрономиялық белгілер де бар, одан кейін жабайы жануарлардың суреттері де кездеседі. Бұнда петроглифтер ғана емес, темір дәуіріне, орта ғасырдағы түркі дәуіріне, қыпшақ дәуіріне жататын ескерткіштер баршылық. Бұл жерді Әлкей Марғұлан, Археология институтының ғалымдары, шетелден келген ғалымдар да зерттеді. Теректі әулиеге арналған монографиялық кітаптар да жазылды. Менің ойымша, бұл нағыз туризмді дамытатын жер», - деді тарихшы, археолог Ғабдол Әуезов.

Айғаным қонысы

Шоқаны бар ел – шоқтығы биік ел. Сондықтан, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Айғаным қонысында болып, Шоқан мен оның әжесі Айғаным жайлы деректер жинап қайтқан пайдалы болар. Тіпті ондағы мәліметтермен аталған мұражайды басқарып отырған Шоқанның туысы Уәлихан Құлбаевтың өзі таныстырады.

«Біз Уәли ханнан тараймыз. Тікелей ұрпағымыз, төреміз. Әкемнің аты – Қайролла, Қайролладан кейін Бәйкен, Бәйкеннен кейін Әбен, Әбен атамыз бен Шоқанның әкесі Шыңғыс ағайынды болған. Олардың барлығы Уәли мен Айғанымнан тараған ұрпақ. Уәли ханнан кейін Абылай хан кетеді. Біз 27-ші ұрпақ саналамыз», - деп әңгімеледі У.Құлбаев.

Оның айтуынша, Айғаным қонысы 1824 жылы бой көтерді. Ол кезінде қазынадан бөлінген 5000 рубльге салынған. Бұнда үлкен қонақ үй, медресе, монша, сайман қора мен мешіт және жел диірмені бар. Шоқан бұл қоныста 12 жасына дейін тұрған. Осы жерден Омбыға кеткен, бірақ оқып жүргенде де осы қонысқа келіп тұрған. Жоғарыдағы суреттерде Шоқан Уәлихановтың жұмыс үстелі мен жол дорбасы бейнеленген.

«Көне Тараз»

Тараз қаласындағы ашық аспан астындағы музей көне қаланың орнында орналасқандықтан ол жерден бұрынғы көшелердің орындарын көруге болады. Тарихи-мәдени орталықта қазба жұмыстары бүгінгі күнге дейін жүргізіліп келеді.

«Бұл көне Тараздың орны. Тарихы 2000 жылға жететін қаланың орнында археолог, академик Карл Байпақовтың бастамасымен бірнеше жыл бойы қазба жұмыстары жүргізілуде. Осы жердегі музейді қала тұрғындары мен келушілердің барлығы тамашалай алады. Тарихи-мәдени орталық аумағында музей ғимараты да бар, оған табылған экспонаттар қойылып отырады. Археологиялық қазба жұмыстары тағы бірнеше жылға жалғасады. Бұл жерден табылған кейбір заттар біздің заманымыздың 5-ші ғасырына тиесілі. Орталық аумағында монша, мешіт және медресінің орындары да бар. Осының барлығы реставрациядан өткізілуде және болашақта көне қаланың келбетін қалпына келтіру жоспарланып отыр», - деді тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев.

Екі дің

Халық осы екі дің арқылы жаудың жақындағанын біліп отырған. Тарихи маңызды ескерткіш Қостанай облысында орналасқан. Осы өңірде Екі дің деген ауыл да бар.

«Тастардан қашалып салынған Екі дің 6-8 ғасырға жатады. Екеуінің арасы шамамен 4 шақырымдай. Діңдердің биіктігі 3,5-4 метрді құрайды, көлемі 12 қанатты киіз үймен бірдей. Олар бір-біріне алыстан жақсы көрінеді. Ескерткіштер жаугершілік заманда орнатылған. Ол кезде бұл жерлерде қарауылдар отырған. Өзеннің бойы тегіс ел болған. Халық биікте, дөңде тұрған діңдерден жаудың келгенін біліп отырған. Яғни, қарауылдар жау келгенде діңнің ішінде от жағып, түтін шығарған. Діңдердің төбесі тесік болған, оның есігі бар. Жалпы бұл төбешіктердің түрлі жорықтар кезінде пайдасы зор болған. Олар белгі беру үшін ғана емес, үстіне шығып, айналаны бір шолып шығу үшін де пайдаланылған. Қос ескерткіштің негізгі мақсаттары осы. Сондай-ақ, бұл әртүрлі кезеңде жауынгерлер мен сарбаздар бас қосып, жасақталатын жерге айналды», - деді Екі дің ауылының әкімі Дулат Бейсенов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер