BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстан өзінің туристік әлеуетін таныстырды

Биыл қарашаның 11 мен 13 аралығында Шанхайда Қытайдың China International Travel Market (CITM 2016) ірі туристік көрмесі өтті. Жалпы ауданы 65 кв.м. болатын «Shanghai New International Expo Centre» көрме кешенінде 400-ден аса халықаралық қатысушы, 600 делегация және 100-ден астам келуші болды, деп хабарлайды Baq.kz.

Көрмеде Қазақстанның аймақтары мен ірі туроператорлық компаниялардың өкілдері біріккен ұлттық стенд аясында ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның сыртқы сауда палатасы қазақстандық делегацияның аталмыш көрмеге қатысуын ұйымдастырды.

CITM көрмесіне қатысқан қазақстандық туристік компаниялар мен аймақтар үшін Қытай нарығына шығудың бірқатар мүмкіндіктері берілді. Жалпы көрме қалыптасушы туртоптар мен ұсынылған жаңа бағыттарды ашатын Қытайдың жіберген туроператорларын тартады.

CITM көрмесі аясында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев ҚХР-ның туризм істері жөніндегі Мемлекеттік басқармасының өкілдерімен кездесу өткізді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тәжірибелік ынтымақтастықты тереңдетуге, туристер үшін жасалатын жағдайларды жақсарту мен 2017 жылы ҚХР-дағы Қазақстан жылы мен Қазақстандағы ҚХР-ның жылын өткізу аясында ынтымақтастық алаңын кеңейте түсуге келісті.

Көрме барысында ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаменті Қытайдың және басқа елдердің туризм бойынша ұлттық және аймақтық туроператорларымен және ұйымдарымен екіжақты кездесулер өткізді.

ҚР ИДМ баспасөз қызметінің мәліметінше, көрме аясында қытайдың туристік компаниялары мен туристері ЭКСПО-2017 көрмесіне үлкен қызығушылық танытты. Мәселен, олардың тарапынан билеттік операторларға қатысты, билет құны және бекітілген туристік бағыттар жайында сұрақтар қойылды.

«Әлемде қытайлық туристер үшін айтарлықтай күрес жүріп жатыр. Бүгінгі таңда әлемдегі әрбір оныншы турист - қытай. 2015 жылы шекара асқан қытайлардың саны 120 млн. адамға артқан. Ал, шетелдерде қытайлық туристердің жалпы жиынтық тұтыну көлемі 200 млрд. долларға артқан. Сондықтан, мұнда ең бай 25 млн халқы бар Қытай қаласының барлық ірі туристік бизнес ойыншылары келді. Қазақстанға деген қызығушылық өте үлкен. Ауқатты оңтүстік қытай аймағының туристері біздің ел жайында өте аз біледі. Сол үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаменті «Атамекен» ҰКП-ның басқаруымен туроператорлармен бірлесе республиканың туристік әлеуетін таныстырды. 2017 жылы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылын өткізу аясында Қазақстанды бұдан да тереңірек таныстыру бойынша өзге де мемлекеттік органдармен бірқатар шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», деп атап өтті ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер