Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласында ынтымақтастықты нығайтуға дайын - Туризм|13 Сәуір 2017, 17:34
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласында ынтымақтастықты нығайтуға дайын

Фото: ҚР МСМ баспасөз қызметінен алынды

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесін ілгерілету және V халықаралық «Демалыс әлемі 2017» туристік көрмесіне қатысу аясында Ташкентте бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет, спорт және туризм саласындағы өзара ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Өзбекстанның туризмді дамыту бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Анвар Шараповпен кездесу барысында А.Мұхамедиұлы туризмді дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Кездесу қатысушылары стратегиялық серіктестік пен тату көршілестік қатынасты нығайту екі елдің туристік саласының тұрақты дамуына әсер ететіндігін атап өтті.

МСМ басшысы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы туристер ағынын ұлғайту үшін екі жаңа өткізу пункті ашылып, қазіргі үшеуі – тәуліктік режимге көшетіндігін атап өтті.

Екі ел арасында теміржол және автобус бағыттарының ашылуы туристік ағынның өсіміне әсер етеді. Алматы – Ташкент, Ташкент – Алматы бағыты бойынша жүрдек пойызы іске қосылды. Астана – Ташкент қосымша рейстері ашылды. Астанадан 6 рейс күнделікті қатынайтын болады. Екі елдің туристік ағыны визасыз режимнің әсерінен тұрақты деңгейде.

Соңғы уақытта Өзбекстанға барып-келетін қазақстандықтардың саны артуда. Өзбекстандық туристердің басым көпшілігі Бурабайға, Балқаш пен Алакөл көлдеріне, «Шымбұлақ» шаңғы курорт базасына, Астана мен Алматы қалаларына келсе, қазақстандық туристер Ташкент, Самарқанд, Бұхара мен Хиваны таңдайды. Бұл қалалар – Өзбекстанның көне тарихи мұрасы әрі Ұлы Жібек Жолының маңызды бағыты. Осы жылы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты өзбек туристері тарапынан қызығушылық байқалуда.

«Біздің бүгінгі кездесуіміз – президентіміз Шавкат Мирзиеевтің Астанаға жасаған тарихи сапарының заңды жалғасы. Қазақстан көрмедегі құрметті қонағымыз болып табылады, осы іс-шара барысында екі ел арасында туризм саласында келісімге қол қойылады. Бұл Өзбекстан экономикасының дамуына қосылатын үлкен үлес», - деп атап өтті Анвар Шарапов.

Ведомство басшылары Ұлы Жібек жолы бойынша аралас турларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Екі елдің туристік әлеуетін ескерсек, тараптар туризм саласындағы ынтымақтасты дамыту керек деген ортақ пікірге келді.

А.Мұхамедиұлының пікірінше, туризм саласындағы ынтымақтастық экономикалық қатынастарды нығайтып қана қоймай, мәдени, әлеуметтік және экологиялық салалардағы екі ел ынтымақтастығын дамытуға әсер етеді.

Өзбекстан мәдениет министрі Махмуд Муратовпен кездесу барысында қазақстандық ведомство басшысы театр өнері, кино және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ А. Мұхамедиұлы Өзбекстан Республикасының дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Рүстам Құрбановпен кездесті. Спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер