Kazakh Tourism компаниясы 120 млн теңгеге экспедиция ұйымдастырмақ - Туризм|16 Шілде 2018, 18:25
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Kazakh Tourism компаниясы 120 млн теңгеге экспедиция ұйымдастырмақ

Фото: kazpravda.kz

Алтайдан Жібек жолына дейінгі аралықты қамтитын экспедицияны ұйымдастырамыз. Экспедиция 6 бағыттан тұрады. Жобаның құны – 120 млн теңге. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Kazakh Tourism ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Рашид Күзембаев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда туризмнің дамуына мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілуде.

Осы орайда компания басшылығы «Ұлы Дала Еліне саяхат: Алтайдан Жібек жолына дейін» атты 6 бағыттан тұратын экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Жақында Елбасы Бурабайға сапары кезінде Қазақстанның көрікті жерлерін қазақстандықтарға ғана емес, шетелдіктерге де көрсету қажеттігін айтты. Еліміздің табиғаты ерекше екені белгілі. Сондықтан біз Алтайдан Жібек жолына дейін, Тянь-Шаньнан Каспийге дейінгі, Сарыарқадан, Алатауға дейінгі аралықты қамтитын, 6 бағыт бойынша экспедиция ұйымдастырғалы отырмыз. Бір бағытқа 20 млн теңге жұмсалады. Жалпы экспедицияға 120 млн теңге бөлінбек», - деді Рашид Күзембаев

Осы орайда төраға аталған қаржы жолға, экспедияға қатысатын адамдарды тамақтандыруға және т.б. шығындарға жұмсалатынын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция 2018 жылғы 18 шілде мен 29 қыркүйек аралығында 6 бағыт бойынша өткізіледі. Яғни экспедиция құрамындағы 140-қа жуық адам «Тянь-Шань маржаны» (Алматы облысы), «Алтай – өркениет бесігі» (Шығыс Қазақстан облысы), «Жоңғар Алатауы» (Алматы облысы), «Сарыарқа» (Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстары), «Теңізден теңізге дейін» (Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары), «Жаңа Жібек жолы» (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары) атты еліміздің көрікті жерлеріне саяхат жасайды.

Осы орайда Kazakh Tourism ҰҚ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсеғалиев экспедиция аяқталған соң, 6 бағыт бойынша туристер үшін арнайы жол картасы дайындалатынын атап өтті.

«Экспедиция барысында аталған бағыттарға туристерді тарту үшін жол картасы дайындалады. Ондағы мақсатымыз – аталған маршрутты туристік ресурсқа айналдыру. Біз осы 6 бағыттан өнім жасауымыз керек. Адамдар Kazakh Tourism немесе Qazaq Geography-дің және басқа да серіктестеріміздің сайтына кіріп, тиісті ақпаратты алуға мүмкіндік беріледі. Осылайша, олар осы жерлерге саяхат жасай алады», - деді ол.

Сонымен қатар Kazakh TV телеарнасының директоры Сандуғаш Рахимжанова экспедиция аяқталған соң, 30 бөлімнен тұратын деректі фильм түсірілетінін хабарлады.

«Біз экпедицияға қызығушылық таныттық. Кабельдік операторлар жүйесі арқылы әлемнің 100 еліне хабар таратып отырмыз. Қазіргі таңда 4 тілде: ағылшын, қазақ, орыс, қытай тілдерінде хабар дайындаймыз. Сондықтан біз шетелдік көрерменге еліміздің көрікті жерлерін көрсетіп, еліміздің туристік әлеуетін көтеруді көздейміз. Біздің түсіру тобымыз 6 бағытта бойынша экспедиция құрамында болады. Нәтижесінде жаңа телевизиялық маусымда Across the Kazakh land атты 25 минуттан тұратын 30 эпизодты фильм түсіреміз. Аптасына шамамен 2 эпизодты телеарнадан көрсетуді жоспарлап отырмыз. Олар 4 тілде эфирден шығады», - деп түйіндеді сөзін басшы.

Айта кетейік, экспедиция Астана қаласының 20 жылдығына арналады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер