«Қансонардың» автокөлігі ақмолалық бүркітшіге бұйырды - Туризм|10 Желтоқсан 2017, 15:32
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Қансонардың» автокөлігі ақмолалық бүркітшіге бұйырды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Арқада жер жетпейді Бурабайға,
Бөленген бұйра сыпсың қарағайға.
Бұлт құшқан мәңгі меңзең Көкшетауға,
Бөлектеу: «Ой, бауырым!» дер анадайда.
Оқжетпес найза қия — қыранға ұя,
Қарасаң, жанның шері тарамай ма? — деп Мағжан ақын жырлаған әйгілі Бурабайда әйдік сайыс өтті. «Аспанға ұшсам, қанатым талады, жерге қонсам, Жалайыр Шора алады» дейтін түз тағысын қолға қондырып, жер еркесі — қызыл түлкі мен аспан серісі ақиықтың айқасынан ләззат алатын көшпенділердің көкірек кернер далалық рухы бір серпілген салбурын болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Жиылды өңшең ноян ығай-сығай» дегендей Қазақстан көлеміндегі 70-тен астам бүркітшінің 50-і осы дүбірлі додада бақ сынауға келген екен. Алтайдың ақиығы, Нарынның қарасы, Қобданың қоңыры, Сауырдың сарысы –бәрі осында.

12 жылдан бері республикалық деңгейде өтіп келген әйгілі саят биыл халықаралық деңгейге жеткен. Тіпті, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспановтың сөзімен айтсақ «Азия чемпионаты» өтіп жатыр деуге болады. 49 бүркіт, 6 қаршыға, 6 ителгі Бурабай аспанында бұлтты тіліп, бұлтылдамақшы.

Бұл сайыс әуелі Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып, Астананың 20 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Одан бөлек осы Көкше өңіріне белгілі, сонау ашаршылық жылдары бір бүркітімен бір ауылды аман сақтап қалған Мәсіп Батырханұлының құрметіне өткізіліп отыр. Сонымен Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Венгрия және Ресей қатарлы 6 мемлекеттің басын қосқан айтулы дода таңнан кешке дейін жалғасты.

Турнирдің ашылуына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырəлімова, Қазақстан Республикасындағы Монғолия мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Лувсан Баттулга, Венгрия Республикасының Төтенше жəне Өкілетті Елшісінің орынбасары Шандо Дороги жəне еліміздің ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық қауымдастықтың өкілдері мен Мәсіп Батырханұлының ұрпақтары қатысты.

«Бұл турнирдің Абылай хан жерінде, Көкше өңіріндегі Бурабайда өтуі тегіннен-тегін емес. Біріншіден, халықаралық сайыс Тәуелсіздік күніне, екіншіден, сіздердің жерлестеріңіз, менің атам Мәсіп Батырханұлына арналып отыр. Ол кісі 1930 жылдары бір бүркітімен елін ашаршылықтан аман алып қалған. Біз сол атамыздың құрметіне 10 жылдан астам уақыттан бері турнир өткізіп келеміз. Биыл Ақмола облысы әкімдігі қолдау білдіріп, бас жүлдеге автокөлік тігіп отыр», — дейді Мәсіп Батырханұлының немересі.

Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсаттардың бірі — елімізде бүркіт санын көбейтіп, жас құсбегілерді тәрбиелеу.

«Бүгінгі «Қансонар» халықаралық турнирін Ақмола өңірінде өтіп жатқан алғашқы Азия чемпионаты деуге болады. Алыс-жақыннан бес мемлекет қатысып отыр. Әсіресе, сонау Мажарстаннан келіп бақтарын сынап жатқан құсбегілерге алғысымыз шексіз. Еліміздегі алғашқы құсбегілер сайысы осы Ақмоладан бастау алған болатын. Сол кезден бері бүркітшілік өзінің жаңа деңгейіне көтерілді. Біздің басты мақсатымыз — жас ұрпақты осы дәстүрлі өнерімізге баулу болса, екіншіден, бүркіт санын арттыру, үшіншіден, бұл өнерімізді ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан мұра ретінде сақтап, дамыту» — дейді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспанов.

Қазіргі таңда бүркітшілік, құсбегілік саласы айтарлықтай дамып, әлемдік деңгейге танылған Моңғолиядан қырандарын білегіне қондырған екі қандасымыз келген екен. Атажұрттағы айтулы өнерге көңілдері толған бауырларымыз ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Бүгін Атажұрттағы айтулы жарысқа қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Ата-бабаларымыздан қалған текті өнердің жібін үзбей, оған жағдай жасап, қолдау білдіріп отырған ұйымдастырушыларға, Ақмола облысы әкімдігі мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына алғысымызды білдіреміз. Моңғолияда да құсбегілік өнері жоғары дамып келеді. 300-ден астам құсбегі бармыз. Оларға да мемлекет тарапынан қолдау білдіріліп тұрады. Жылына бір рет үлкен көлемде саятшылар тойы өтеді. Оған да осылай әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар, зерттеушілер, құсқұмарлар келеді» — дейді Моңғолиядан келген құсбегі Ардақ Құмарханұлы.

Сонымен үш кезеңнен – қолға қондыру, еркін ұшыру және шырғаға шақыру сайыстарында қырандар өз алғырлығын, иесіне деген адалдығын, қияннан қиқу төгілгенде алтайы қызыл түлкіні айнымай басар жүректілігін танытты. Нәтижесінде Ақмола облысынан келген Қанат Шүленбаевтың «Сақтан» есімді қыраны ешкімге дес бермеді. Өз өңіріне, өз табиғатына ерекше бейімделгенін танытқан «Сақтан» сақпандай зырлады. Ақмола облысы әкімі тіккен бас жүлде – автокөлік «Сақтанның» шеңгелінде кетті.

Соңғы бірнеше жылдан бері Қазақстанды ғана емес, Азияны аузына қаратып жүрген атыраулық Арман Қоңыровтың «Ақеділі» екінші орыннан көрініп, балақбауына 700 мың теңге байланды. Төрешілер үшінші орынға екі бүркітті лайық деп тапты. Оның бірі – астаналық әйгілі құсбегі Күнтуған ақсақалдың тұғыр иесі атанған ұлы Серікбектің «Тұйғыны» болса, екіншісі – көкшетаулық «Тұран» командасының бүркітшісі Тастанбек Бергенбайдың «Ақсеңгірі». Екеуінің жембасарында 200 мың теңгеден жүлде бар.

Қаршыға:

І орын – Махмұд Зәки «Шегір» 150 мың теңге (ОҚО)

ІІ орын – Паң Төлемырза «Тұйғын» 100 мың теңге (ОҚО)

ІІІ орын – Сейітжан Аян «Көкжендет» 50 мың теңге (Алматы облысы)

ІІІ орын – Бабажан Берікболсын «Қанжар» 50 мың теңге (Жамбыл облысы)

Ителгі:

І орын – Қуаныш Исабеков «Ақниет» 150 мың теңге (Алматы облысы)

ІІ орын – Мұрат Көдеков «Сұңқар» 100 мың теңге (Алматы облысы)

ІІІ орын – Бекет Шалипов «Қаракөз» 50 мың теңге (Алматы облысы)

ІІІ орын – Әбілмансұр Валиханов «Қаракөз» 50 мың теңге (Ақмола облысы)

Сонымен қатар Мәсіп Батырханұлының ұрпақтары бүркітшілер фестивалі өтіп жатқан алаңға көшпелі музей апарып, онда даңқты бүркітшінің өмір жолымен таныстырып, ол кісі тұтынған бұйымдарды көрсетті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер