Исекешев Астанада туризм қай бағытта дамитынын айтты   - Туризм|31 Қазан 2017, 13:55
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Исекешев Астанада туризм қай бағытта дамитынын айтты  

Фото: Times.kz

2020 жылға дейін Астанаға келетін туристердің саны 2 миллионға жетуі тиіс. Оның 1 миллионы шетелдік турист болуы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ақмола облысындағы Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары (ІІІ кезең) мен Астана қаласында туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы туралы баяндады.

Осы ретте Астана әкімі Әсет Исекешев 2020 жылға қарай бас шаһарда туризмді дамытуға арналған жол картасы аясында қандай көрсеткіштерге қол жеткізу қажеттігі туралы әңгімеледі.

«Бағдарлама халықаралық сарапшылардың қатысуымен дайындалды. Негізгі мақсат – 2020 жылға дейін көрсеткішті 2 млн туристке дейін жеткізу. Оның 1 миллионы шетелдік турист болуы қажет. Өткен жылы келген туристердің саны 830 мыңға жетті. Оның 270 мыңы шетелдік болды», - деді қала басшысы.

Сонымен қатар әкім шаһардағы туризм 3 бағыт бойынша дамитынын атап өтті.

«Іскерлік, рекриациялық-қалалық және медициналық туризм бойынша негізгі үш бағыт таңдалды. Атап өтерлік бір жайт, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу арқылы қаланың танымалдылығы артты. Көрме аясында 300-ден астам мәдени, спорттық және экономикалық шара ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда шаһарда туристік инфрақұрылым жақсы деңгейде. Қалада 15 мың адамға арналған 201 қонақ үй, 1100 дәмхана мен мейрамхана, қонақ күтуге арналған басқа да объектілер бар. Жол картасы аясында маңызды шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр», - деді ол.

Әсет Исекешевтің айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігімен бірге 400-ге жуық халықаралық деңгейдегі мәдени, спорттық шара өткізіледі. Халықаралық форумдар мен конференциялардың тізімі анықталып жатыр. Сонымен қатар ол қалаға туристерді көптеп тарту үшін жаңа нысандар салынатынын тілге тиек етті.

«Туристерді тарту үшін жаңа нысандар салу жоспарда бар. Мысалы, олардың қатарында космос музейі және тағы басқа музейлер мен галлереялар, ботаникалық және тропикалық бақ, жабық аквапарктер, отбасыларға арналған ойын-сауық орталықтары және спорттық объектілер бар. Біз басқаруды тиімді ету және халықаралық деңгейдегі шараларды ұйымдастыру үшін мәдени-спорттық объектілерді коммерцияландыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол – «Барыс Арена», «Қазақстан» мен «Алау» спорт кешендері, Бейбітшілік және келісім сарайы және. т.б. нысандар», - деді Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, аталған шаралар Ресей және Қытайдан келетін туристер санын арттырады.

«Аталған шаралар бізге алдымен Ресей, Орталық Азия, Кавказ, Иран және Қытай сияқты елдерден туристерді тартуға мүмкіндік береді. Бұл қаладағы қонақ үйлердің жұмыс істеуіне ықпал етіп, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады», - деп түйіндеді сөзін елорда әкімі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер