BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Иранда соғыс жоқ, бұл – Батыстың жалған жарнамасы

Фото: Airlife

Қазақстан мен Иран туроператорлары өзара туристер алмасып, екіжақты туризм саласын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Иран Ислам Республикасы елдің сыртқы беделін арттыруға күш салып, шетелдік туристер үшін қауіпсіз әрі қызықты демалдыс ұсынуды көздейді. Алайда бәзбіреулердің ықпалымен Иран туралы қалыптасқан пікір әлем жұртшылығын үркітіп, тарихи-мәдени қазынасы мол елден аластатып отыр.

«Иран – діни талабы қатал, саяси жағдайы тұрақсыз, әлеммен байланысы жоқ, соғысқұмар ел».

Жасыратыны жоқ, қазірде бұл мемлекет туралы көптің ойы осындай. Жалған жарнамадан арылу үшін Иран билігі бауырлас елдердің бабын тауып, достық қарым-қатынас құруды қалайды. Осы мақсаттағы алғашқы қадамын туризм саласынан бастауды ұйғарыпты. Сондықтан Қазақстаннан бір топ журналистер мен туроператорлардан құралған арнайы делегация шақыртып, бір аптаға созылған ақпараттық тур аясында мол мәдени мұрасы мен экономикалық әлеуетін, ирандық қонақжайлығын паш етті.

Тегераннан басталып, Мешхед, Йезд пен Шираз қалаларын қамтыған ақпараттық турда Иран мен Қазақстанның ірі туристік компаниялары бас қосып, өзара туристер алмасудың мүмкіндіктерін қарастырды. Кездесу барысында Иран тарапы Қазақстанды туризм саласындағы ауқымды табыс көзі ретінде қарастыратындарын жасырмады. Саяхаттағанды жақсы көретін қазақтардың назарын өздеріне қарату үшін қазақстандық әріптестерімен кеңесті.

«Ресейде болсын, Қазақстанда болсын, Иран туралы ақпарат өте аз. Өкінішке қарай, мында келіп, өз көздерімен көрмейінше, Иранда не болып жатқанын түсіне алмай, адасып жүрген адамдар көп. Иран – араб елдері сияқты емес, біздің ойымызша, олармен салыстырғанда әлдеқайда еркін әрі ашық мемлекет. Көп жағдайда Иранды Иракпен шатастырады. Иран туралы бұл «антижарнама» бұрыннан бар. Оны бұзып, жаңа келбетін қалыптастыру жолында сегіз жыл жұмыс істеп келе жатырмыз», - дейді Иранның «Nadia Parvaz» туристік агенттігінің өкілі Лили Садри.

Фото: turkystan.kz

Оның айтуынша, осы сегіз жыл ішінде Иранға келген бірде-бір турист қандайда бір қиындыққа тап болып көрген емес.

«Бізде де жағажай, өзен-көлдеріміз бар. Бірақ ішкі тәртіпке байланысты ерлер мен әйелдер жағажайлары бөлек болғандықтан, күнге күйіп, шомылуды қалайтындар үшін сәл ыңғайсыздау. Бірақ тарихи мұраға тұнып тұрған Иран – мәдени туристер үшін таптырмас ұсыныс. Және біздің компания бір дегенде бірнеше көне қаланы қамтитын (мәселен, Тегеран, Ихфахан, Язд және Шираз – авт) ыңғайлы бағдарламалар ұсынады. Иран, әзірге, туристер арасында қызу сұранысқа ие емес. Сондықтан жекелей келген туристер үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Бірақ топтасып келетін болса, адам басына орта есеппен 1300-1600 доллар шамасында. Мұның ішіне жататын орын мен жол шығындары тегіс кіреді. Әрине, Қазақстаннан да туристер тартқымыз келеді. Ол үшін егер сіздің елдің тарапынан ұсыныс болса, қарастырып, қабылдауға дайынбыз», - дейді Лили Садри.

Ал осы елде бірнеше жылдан бері турагент болып қызмет атқарып жүрген орыс қызы Анастасия Полевая орамал тағуға басың үйренсе, Иранда өмір сүру өте оңай әрі қызықты дейді. Әсіресе жергілікті дәрігерлердің кәсіби деңгейіне көңілі толы.

«Бес жылдан аса Иранда тұрамын. Халқы өте қонақжай. Бірқатар Араб елдерімен салыстырғанда еркін мемлекет. Медицинасы жақсы дамыған. Өз тәжірибемнен айта аламын. Тісімді емдетіп, трихологка бардым... Жалпы, мұнда емделу арзан әрі сапасы жақсы. Сол себепті де Иран өз медицинасын әлемдік деңгейге шығарғысы келіп, медициналық туризмді дамытуға күш салып жатыр», - дейді ол.

Иран қызықты экскурсияларымен ғана емес, дамыған медицинасымен де турист тартуды қалайды. Жергілікті мамандардың айтуынша, елде жүрек, бүйрек, көз ауруларын емдеу мен ортопедия жақсы дамыған. Сондай-ақ пластикалық хирургия да мол сұраныста әрі қазақстандықтар арасында танымал корей медицинасына бәсекелес бола алады. Ең бастысы, бағасы да арзан.

«Елімізде медицина жақсы дамыған. Әсіресе жүрек ауруларын емдеу жағынан алдыңғы қатардағы елдердің біріміз деп айта аламыз. Тіпті, әлемге танымал Израиль медицинасында қызмет жасап жүргендердің 70 пайызы ирандықтар десем, қателеспеймін. Сондықтан, ем таба алмай қиналған қазақстандықтарды Иранға шақырамыз», - деді Йезд қаласындағы Sayedoshohada Hospital медициналық мекемесінің өкілі С.Хосейни мырза.

Иранның Мешхед қаласында діни туризм жақсы дамыған. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мұсылмандар шаһардың қақ ортасында орналасқан Реза имам кесенесіне мінәжат ету үшін арнайы келіп, бұл сапарларын кіші қажылық санайды.

Фото: astana.mfa.ir

«Бізде діни туризм жақсы дамыған. Меккеге баруға ниеттенгендер саны жыл сайын артып келеді. Оның бәрін бірдей қабылдау Сауд Арабиясы үшін үлкен салмақ. Сондықтан ол жаққа барған діни туристің қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, болса да аз. Сол себепті Меккеге сыймай қалғандар Имам Ризаның кесенесіне келіп, кіші қажылық жасап кетеді», - дейді қазақстандық делегацияны күтіп алған гид Бахрам Халафи.

Иран елі Қазақстанға да турист жіберуге ниетті. Жаһандық абыройы жыл сайын артып келе жатқан жас мемлекет табиғатымен, мәдениетімен, экономикалық қарқынымен әрі жас астанасымен қызықтыратын көрінеді ирандықтарды. Сөздің орайы келгенде қазақстандық тарап Иран туристерін биыл Астанада өтетін ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне шақырды.

«Биыл Қазақстан «жасыл» технология саласындағы озық ойларды әлемге паш ететін ЕХРО-2017 көрмесіне қызу дайындық үстінде. Біз үшін осы жылдың басты шарасы саналатын көрме еліміздің жүрегі – Астана қаласында өтеді. Сондықтан ирандықтардың Қазақстанның кербез табиғаты мен экономикалық жетістіктерін тамашалаудан бөлек, осынау ірі оқиғаның куәсі болуларына мол мүмкіндік бар. Оған ниет білдірген барша Иран халқын шақырамыз. Сондай-ақ алдағы уақытта Иран-Қазақстан қарым-қатынасы нығайып, өзара турист алмасу процесі, виза рәсімдеу жүйесі жеңілдей түседі деген ниеттеміз», - деді Қазақстан туристік қауымдастығы Экотуризм ақпараттық ресурстық орталығы Алматы қаласы ақпараттық орталығының жетекшісі Исағұлова Айгүл.

Иран туризм саласының өкілдері сапар қорытындысы бойынша қос тараптың өзара алмасқан ұсыныстары екі елдің сыртқы саясат ведомстволары деңгейінде талқыланып, виза рәсімдеу мәселесін оңтайландыру жайы оң шешімін табады деген сенім білдірді. Бұны қазақстандық туроператорлар да қолдап отыр.

Суреттер автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер