Табысымды тек саяхатқа жұмсаймын – жиһанкез Динара Болат - Туризм|23 Сәуір 2018, 16:10
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Табысымды тек саяхатқа жұмсаймын – жиһанкез Динара Болат

Саяхаттаймын деген адамға дүние кең, мүмкіндік те көп. Бірақ елімізде бұл үрдіс әзірге сәнге айналмай тұр. 3-4 жылдың ішінде 18 елге саяхаттаған, Африкадағы Мароккоға, Еуропаның қиырындағы Норвегияға табаны жеткен жиһанкез-блогер Динара Болат халықтың саяхат туралы қате түсінікте екенін айтады. Ол Вaq.kz тілшісімен сұхбатында саяхаттау және алдағы авторлық турлары жөнінде, ішкі туризмнің әлеуеті туралы әңгімелеп берді.

- Бала кезден саяхатқа шығуды қалаған Динараның арманы қаншалақты орындалды? Бала кезде мына елге барамын деген нақты мақсатыңыз болды ма?

- Иә, саяхаттау – бала кезден арманым. Себебі, анам географ болған соң үйімізде карталар көп болды. Дүниежүзілік карталарға қарап армандайтынмын. Оқушы кезімде бұл арманым күшейе түсті. Себебі ағылшын тілі кітабының мұқабасындағы «Биг-Бен» бар, тарих пәніндегі пирамидалар, «Тәж Махалды» көріп, міндетті түрде Үндістан, Египет және Ұлыбританияға саяхаттаймын дедім. Ал өскен соң ол елдердің ішінде тек Үндістанда болдым. Есейе келе Мысыр елі, Ұлыбританиядан да қызық елдердің барын түсініп қазір сол армандарымды орындап келемін.

- Қазақ қыздарымен бірге саяхаттау қаншалықты мүмкін болатын мақсатыңыз?

- Қазір жалғыз саяхаттауға тәуекел ете алмаймын. Себебі, 2 баланың анасымын. Балаларыма аман-есен оралуым керек. Әр саяхатымда өзіме үлкен жауапкершілік артып, тәуекелге бел буамын. Соңғы 3-4 жылда саяхаттап жүргенімде жаныма қыздар табылмады. Себебі, біріншіден, халық әлі саяхатты өмір салты ретінде жөнді қабылдамаған. Екіншіден, келісе қоятын қыздар болғанымен, олардың жоспары немесе қаражат жағы бір-бірімізге сәйкес келмеді. Сондықтан жолсерік таба алмай 2-3 рет шетелдік саяхатшылармен бірге аттандым. Көрші Ресейді алар болсақ, ол жақта саяхаттың қаншалықты танымал екенін күнделікті өмір салтына енгенін көріп қатты таң қалдым. Қазақ қыздарымен, өз жастарымызбен бірге саяхаттасам деген арманым болды. Енді осы арманды жүзеге асыру мақсатында өзімнің авторлық жобам – авторлық турымды құрып, менімен бірге саяхаттауға жастарды шақырып жатырмын.

- Авторлық турыңызға тоқталып өтсеңіз. Туристік фирмалар ұсынатын турлардан айырмашылығы қандай?

- Туристік фирмалар халық барып үйренген Түркияның, Тайландтың жағалауы, Бали, Гоа, Дубай секілді жиі сұраныстағы елдерде жағажайлық демалысты ұсынады. Ал, авторлық тур ұйымдастырушысы міндетті түрде саяхатшы болып, адам аяғы көп бастайтын, көп халық біле бермейтін елді мекендерді көрсетеді. Яғни қатысушыларды әйгілі емес, аты шықпаған әдемі де ерекше жерлерге апарады. Тағы бір айырмашылығы авторлық турдың ұйымдастырушысы халықтың жанында басынан-аяғына дейін гид ретінде қызмет етеді. Ал турфирма адамды қонақ үйіне жеткізеді де содан соң елге қайтатын кезде бір-ақ көреді.

- Авторлық турыңыздың алғашқы маршруты қандай?

- Бірінші Түркиядан бастаймыз. Жыл бойы саяхаттауға болады, бірақ әр елдің өз ауа райы, туристер баратын маусымдар бар. Саяхатшылардың елді аралауға қолайлы маусымына орай алғашқы сапарымыз Түркияға, соның ішінде Стамбул мен Каппадокияға болмақ. Себебі қыста, көктемде Каппадокияда үрмелі шарлардың ұшпау ықтималдылығы жоғары. Тұрақты және еш кедергісіз ұшатын кез ол – жаз мезгілі.

- Саяхат елімізде неге сәнге айналмай тұр?

- Елімізде саяхат насихаты өте әлсіз. Мәселен, көрші Ресейдегі турфирмаларды алар болсақ, өте көп блогтур, инфотур ұйымдастырады. Ал біздің турфирмалар «бізді жарнамаласа екен» деген ниетпен жұлдыздарды шақырады. Біз сияқты саяхатшы жиһанкездер аз, дегенмен бар. Бірақ оларға назар аударылмайды. Халыққа саяхатты насихаттайтын жан ол – жиһанкез блогерлер. Екіншіден, саяхат туралы халықтың түсінігі қате. Саяхаттау үшін өте көп қаржы керек және сол елдің тілінде сөйлей білуің керек деп қате ойлайды. Мен мұның бәрін «миф» деп айтар едім. Жастар үшін тегін және арзан саяхаттаудың жолдары көп. Тіпті ағылшын тілін меңгермей де кез келген тығырықтан шығып, еті тірі адам өз бағытын тауып, әсерлі саяхат жасайтынына көзім жетті.

- Сіз саяхатқа шыққанда екі балаңыз кімнің жанында қалады? Балаларыңыздың жағдайын уайымдамайсыз ба?

- Екі балам ылғи саяхаттаған кезде ата-әжелерінде қалады, яғни жолдасымның да, менің ата-анамның да бұл бағытта үлкен қолдауы бар. Бала күтушісіне қалдырып кетсем, уайымдар едім, ал анам мен енемнің қалай бала бағатынын білген соң еш уайымдамаймын. Саяхаттауға деген мақсатым мен арманыма деген беріктігім сонша өзім шетелге шығып жатсам Астанадан балаларымды Оралда тұратын ата-әжесіне пойыз не ұшақпен апарып тастаймын. Оралға жақын Самараға таксимен жетіп, одан кейін Мәскеуге ұшып, содан соң шетеліме асығып ұзақ жол жүремін. Бірақ бұл менің осы жолыма өкінуіме ешқандай себеп емес. Жолымның ұзақтығы немесе осыншама шығын кететіні мені әлі тоқтата қойған жоқ.

- Саяхатқа шығу үшін бірінші бюджетті есептеп алу керек. Сіз саяхатқа қаржыны қалай жинайсыз?

- Алдын ала бюджетті жасаймыз. Бай болмаған соң ең ұтымды, ең тиімді деген нәрселерді қарастырамыз. Жалпы бюджет белгілі болғаннан кейін ақша жинау мәселесі басталады. Бірнеше жерде қызмет істеймін, барлық табысымды саяхатқа жұмсаймын. Қазір біреу саяхаттамаймын десе «басымда баспана жоқ, үй алып алайыншы» деген себеппен ғана келісемін. Себебі баспана - негізгі қауіпсіздік белгісі. Жас кезімде 8-9 жыл ақша жинап өзімді баспанамен қамтамасыз етіп алдым. Қатарымдағы жастарға қарағанда ерте қимылдадым, мақсатыма жеттім. Қазір сол нәрсе менің еркін саяхаттауыма, табысымды тек қана саяхатқа жұмсауыма мүмкіндік беріп отыр.

- Алғаш саяхатқа шығатын адамға қандай кеңес бересіз? Қандай елден бастау керек, қандай ережелерді ұстануы керек?

- Алғаш саяхаттайтын жас болса, оған «мына елден баста» деп айта алмаймын, себебі жастардың қолынан көп нәрсе келеді. Ол үлкен адамдарға қарағанда өзіне анағұрлым сенімді, батыл. Ал үлкендердің өзі жол сұрап алуы, әуежайдан қалаға өз бетімен жетуі екіталай нәрсе. Сондықтан үлкен адамдарға көрші елден, ортақ тілді білетін, орыс тілді түсінетін елдерден бастаңыз дер едім. Ал жастарға ешқандай шек қоя алмаймын. Ағылшын тілін меңгерген еті тірі пысық жас кез келген елден бастауына болады. Екіншіден, сақтық ережелерін сақтау керек. Ереже деген әуежайдан басталады. Көп жүк алмаңыз, қол жүгімен ғана шектеліңіз. Багаж, үлкен чемодан алсаңыз ол сіздің өте көп уақытыңызды алады. Бір ұшақтан екінші ұшаққа қысқа уақыт ішінде міну керек болса, багаж үшін рейстен қалып қоюыңыз мүмкін. Қажет заттарыңызды ғана алып, кішкентай қол жүгімен шектеліңіз. Туризм жақсы дамыған мемлекеттерде көбінесе ұрлық, қылмыс жақсы дамыған. Егер сіз рюкзакпен жүрсеңіз турист екеніңізді білдірмей, сырмасы көз алдыңызда болатындай етіп алдыңғы жағыңызға ұстап жүріңіз. Жергілікті халықтан ерекшеленбей киініп жүруге кеңес беремін. Себебі кейбір туристер шетелде «мен туристпін, маған келіп үстімдегіні шешіп ал» деген сыңаймен қымбат киіммен, жарқ-жұрқ еткен стильмен ерекшеленіп тұрады.

- Саяхатыңызда ұрылар кездесті ме? Оларды қалай тануға болады?

- Кәсіби ұрыларды тану мүмкін емес. Олардың көптен айырмасы жоқ. Әртүрлі қызмет ұсынатын алаяқтар болады. «Міне, жеп көр» деп бірінші тегін береді де, кейін ақысын сұрайтындар немесе экскурсиялармен алдап кететіндер болады. Қаншама жерге саяхаттадым, бәріне дайындалып бардым. Қауіпсіздік жөнінде, аралайтын жерлері туралы екі ай бұрын интернеттен оқып дайындаламын. Құдайға шүкір, мұндай нәрселер болған жоқ. Үндістанға холи мерекесі қарсаңында бардық. Бұл күні адамдар демалады екен. Әуежайдан орталыққа жеткізетін таксист аз. Сондай кезде алаяқтар өз қызметіне көшеді. Өте сақ болу керек. Себебі егер жол бойында тұратын такси немесе «юбер» секілді ресми такси желілері дамымаған елдерде әуежайда міндетті түрде таксидің ресми орталықтары болады. Сәл қалыпты бағадан қымбат болса да олар анағұрлым қауіпсіз, алдап арбап жеткізбейді. Үндістанда жиі кездесетін жағдай «иә» деп бір бағаға келіседі де сізді басқа бағытқа алып кетіп, сізден екі есе ақша талап етеді. Сіз оған келіспесеңіз мүлдем білмейтін ауданға тастап кетуі мүмкін. Ресми такси орталықтарына жүгінген дұрыс.

- Ең ерекше саяхатыңызды айта аласыз ба?

- Ең ерекше деп біреуін атау қиын. Біріншісі, Норвегия. Себебі табиғатының өзі өте керемет, «Властелин колец» сияқты фантастикалық фильмдерден көріп жүрген неше түрлі таңғажайып жерлер Норвегияда орналасқан. Ең бай мемлекеттердің бірі болса да, жергілікті халық ортадан ерекшеленбейді. Байдың үйі, олигархтың үйі деп атайтындай бір ғимарат көрмейсіз немесе көліктер де ерекшеленбейді. Ең ұнаған тұсы халық қанша әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етілген болса да, олардың түсінігі біздің елге қарағанда бөлек. Ол елде мақтану, өзіңнің жағдайыңды көрсету деген жоқ. Олар білім алу, табиғат аясында саяхат жасау, салауатты өмір салтын ұстану бағытында өмір сүреді. Тіпті астанасының өзі Ослода көшеде жүгіріп, жаттығып жүрген, кішкентай баласын арқалап алып тауға өрмелеп бара жатқан адамды көресіз. Келесі - Индонезия, туризмнің қалай дамығаны жөнінде айту керек болса бірден осы елді айтамын. Себебі елге кірістің 80 проценті осы туризмнен түседі. Мемлекеттің жалпы жағдайы төмен, нашар болса да, туризмнің арқасында қысқа уақыт ішінде қарқын алып, дамып отыр. Егер ішкі туризмді дамытқымыз келсе, Индонезия сияқты елдердің бағыты - бізге үлгі.

- Авторлық турлар жасағаныңыз секілді ішкі туризмді дамытуға үлес қосқыңыз келмей ме?

- Ішкі туризмді дамытуға үлес қосқым-ақ келеді. Саяхатқа шығып жүрген соң жайлылықты, қолайлы жағдайды талғамаймын десеңіз де бәрібір ұзақ жол жүретін болған соң қолайлылыққа жүгінеміз. Қатонқарағайды, Ақтауды алайық, біз көрнекі, мақтанарлықтай жерге барғанның өзінде ең болмағанда қарапайым жағдай жол мәселесі түзелсе екен деген тілегіміз бар. Егер жол мәселесі түзелсе сол жерге қонақ үй ашып, ең болмағанда шатыр құрып түнейтін кемпинг ашып, кәсіпкерлер сол жерге өздерінің бизнесін жүргізіп жақсы сервис орнатар еді. Қазір баруға болады, тек қана менің бір шартым аман-есен шаршамай жетіп саяхаттан әсер алу үшін тым болмаса жол түзелсе екен. Шаршаңқы, жолдан шаң-шаң болып, машинаңыз бұзылып жеткенде, тіпті бұл жерді көрсем, әсем жерлер бар екен деген ойдың өзі жоғалып кетеді.

- «Мынаны жасауым керек, көмектесуім керек» деп жүріп халық саяхатқа аттүсті қарайды. Оқырмандарға мұндай ойдан арылып, ел көріп, өзін-өзі тану үшін қандай кеңес бересіз?

- Осыншама көп қаражатты кетіріп немесе балаларымды өсіріп алмай неге мен саяхаттаймын? Неге саяхатты кейінге қалдырмаймын? Мәселен отбасымызбен жиі барсақ та, туристік фирмалар ұсынатын жағажайлық демалысты неге таңдамаймын? Себебі мен жағажадайды да, басқа нәрсені де кейін көріп үлгеремін. Көзім барлық кереметті көріп тұрған кезде, иіс сезу, дәм сезу, есту рецепторларының барлығы жас кезде керемет жұмыс істеп тұрған кезде, аяқ-қолым қақсамай, буындарым сырқамай тұрған кезде тауларды бағындырып, үлкен жолдарға шығып керемет әсерлерді дәл қазір алғым келеді. Себебі қарттық шағымда ол саяхаттарға мен денсаулығыма байланысты шыға алмай қалуым мүмкін. Қарттық шақта көргеннің әсері мүлдем бөлек. Біз жас кезімізде ерекше ойлауға, көп нәрсеге кеңірек қарауға, жастық максималастигіміз бар саяхатымыздың әсерлі болуына жас ерекшелігіміздің үлесі мол. Оған қоса адам өмір бойы дамиды, ал біздің дами түсетін кезіміз осы - жастық шақ. Саяхат кезінде қаншама ақпарат пен мүмкіндіктер алдымыздан ашылады. Дүниетанымымыз бен таным көкжиегіміздің кеңеюіне, адамның өзін-өзі табуына және тануға саяхаттың әсері мол. Сондықтан мен дәл қазіргі уақытты таңдаймын. Біздің қазақта зейнет жасына келгеннен кейін саяхаттаймын, сол үшін зейнетақымды жинап жүрмін, баламды өсіріп алайын, туысымды жарылқап алайын, ата-анама қызмет етіп алайын деген түсінік бар. Жоспарлап отырған 40 жасқа немесе зейнет жасына жететінімізге ешқандай кепілдік жоқ. Себебі бұл – өмір. Сондықтан қазір қолымыздан келіп тұрса, осы мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек.

- Келесі саяхатыңыз қай елге?

- Келесі саяхатым авторлық тур болған соң, Түркия болады. Ал жеке өзімнің саяхатыма келер болсақ биыл әкемді саяхатқа алып шықсам деген арманымды орындасам деймін. Ал өзім екі-үш жылдан бері қолым жетпей жүрген мемлекет Жапонияға баруды ойлап отырмын. Себебі ол - өте қымбат мемлекеттің бірі, бір адамның басына 1,5 миллион теңгедей қаражат керек. Осы қаражатты жинай алсам, бұйырса осы жылдың ішінде барамын.

- Осы жасқа дейін осыншама елге саяхаттауым керек деген мақсатыңыз бар ма?

- Жасқа байланысты емес, жыл бойына көретін елдер саны артып отырса деген мақсатым бар. Оқырмандарыммен кездесуде маған «15 жылдан кейін Динара қандай болады?» деген сұрақ қойды. Ешқандай айырмашылығы болмайды. Әлемде елдер өте көп. Уақыт тез өтіп жатыр. Саяхаттарымды қарасам жылына 3-4 елге барғанның өзінде уақыт тез өтіп кетеді және олар аз болып шығады. 3-4 жылда 18-ақ мемлекет, ал әлемде 200-ге жуық мемлекет бар. Ал мен 15 жылдың ішінде дәл осындай қарқынмен әлемнің елдерін тауыса алмай әлі де саяхаттап жүретін шығармын.

- Әңгімеңізге рахмет, Динара ханым! Авторлық турыңызға сәттілік тілеймін. Әр саяхатыңыздан елге аман-есен оралыңыз.

Фото Динара Болаттың архивінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер