Бурабайға не үшін баруға болады? - Туризм|15 Шілде 2018, 18:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бурабайға не үшін баруға болады?

Фото: Гүлжан Раманқұлова

Бурабай туристер арасында танымал жерлердің бірі. Мұнда туризмнің барлық түрі дамып келеді. Оған жақында ғана ашылған шаңғы трамплині кешені дәлел. Baq.kz тілшісі күніне 5 мыңға жуық қазақстандық және шетелдік туристі өзіне тартатын Бурабайдың ерекшеліктерін анықтады.

Табиғатымен тамсандырған Бурабай

«Қазақстанның Швейцариясы» аталып кеткен Көкше жеріндегі Бурабай демалыс аймағы туристерді ең алдымен табиғатымен баурап алады. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының жалпы аумағы 83 510 гектарды құрайды. Оың ішінде орман алқабы 47 361 га, жер беті сулары 8 493,5 га. Климаты - шұғыл континентті. Саябақ аумағына Үлкен және Кішкентай Шабақты, Бурабай, Шортан, Қатаркөл, Майбалық т.с.с. он төрт көл кіреді. Көлге құятын Қолшақты, Қылшақты, Сарыбұлақ, Громовая, Иманай сияқты басқа да өзендер бар.

Фото: Гулжан Раманқұлова

Көл шығанағындағы Жұмбақтас тауы Бурабай символына айналған. Бұл ерекше тастың келбеті бір жағынан бойжеткенді, екінші жағынан кейуананы бейнелейді. Бурабайдың ең биік тауы – Көкше теңіз деңгейінен 997 метр биіктікте орналасқан. Тау қыраттарының үгілуі мен желдің әсерінен Бурабайда Оқжетпес, Ұйқыдағы батыр, Бүркіт, Түйе, құдыр, Сфинкс сияқты ерекше тас мүсіндер пайда болған.

Бурабай көз тартар сұлу табиғатымен, таза саф ауасымен тартымды. Биік таулар мен көгілдір көлдер, қарағай мен қайың ағаштары өлкенің сәнін кіргізеді. Саябақта жануарлар әлемінің 305 түрі, өсімдіктердің 757 түрі кездеседі. Жайқалған ағаштардың 65%-ын қарағай, 31%-ын қайың, 3%-ын көктерек, 1%-ын бұталы өсімдіктер құрайды.
Сондай-ақ бұл аймаққа денсаулығын түзету мен демалу мақсатымен жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, алыс және жақын шетелден демалушылар келеді. Бурабайдың балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай.

Бурбайға көлікпен де, пойызбен де жету оңай

2013 жылы 1 тамыздан 224 шақырымдық Қазақстандағы алғашқы автобан Астана-Бурабай тас жолы ақылы түрде қызмет көрсете бастады. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 жолақты тас жол 6 жолақты техникалық санатты автомагистральға ауыстырылды. Астана-Бурабай тас жолының сапасы Батыс Еуропа мен Шығыс Азияның тас жолдарына сәйкестендіріліп жасалды. Айта кетсек, 2017 жылы аталған трасса үстімен 2,7 млн автокөлік жүріп өтті.

Астана-Бурабай тас жолының бойында жолаушыларға жағдайлар жасалынған, яғни дүкендер, дәретханалар, тамақтанатын орындар бар. Астыңызда жеңіл көлігіңіз болса Астанадан Бурабайға 2,5 сағатта жете аласыз.

Фото: Гүлжан Раманқұлова

Пойызбен жетем десеңіз, Щучинскке дейін 3 сағат уақытыңыз кетеді. Ал Щучинскіден Бурабайға дейін такси немесе қоғамдық көлікпен жетіп алуға болады. Барлық көліктер Бурабайдың орталық көшесі Кенесарыға келіп тоқтайды.

Қызмет көрсету сапасы артып келеді

Ақмола облысында 800-ден аса туристік ұйым тіркелген. 300-ден аса демалыс нысаны жұмыс істейді. ЭКСПО кезінде сервистік қызмет көрсету жағынан алдыңғы қатардағы 20 демалыс орны шетелдік қонақтарға ұсынылып отыр. Туристік салада көрсетілген қызмет 2 есеге ұлғайып, 4,3 млрд теңгені құраған. Соңғы 5 жылда 100-ге жуық туристік нысан бой көтеріп, 3,5 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 10 жоба мемлекеттің қолдауына ие болып, 73 жаңа жұмыс орыны ашылыған.

Курорттық аймақта әрүрлі санаттағы қазіргі заманға сай бірнеше қонақүй салынып жатыр. Бұдан бөлек, көңіл көтеру орталықтары, аквапарк, мұз айдыны, мейрамханалар салынса, үшінші кезеңде тұрғын үйлер, яғни жеке резиденциялар салу жобасы тұр. Биыл жол, су құбыры, канализация жеткізіледі. Ал осындп келетін инвесторларға нысандар тұрғызу үшін барлық жағдай жасалатын болады.

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Бурабайдың ішкі инфрақұрылымын дамыту туралы айтқан болатын.

«Бурабайда жасалатын бірінші мәселе – ішкі инфрақұрылымға қатысты жұмыстарды аяқтау. Себебі, біз сыртқы жұмыстарды аяқтадық. Ол үшін тиісті жұмыстарды жүргіздік. Астанадан Бурабайға авто және теміржол салынды. Көкшетаудағы әуежай жөнделді. Енді іштегі инфрақұрылымды қолға алу керек. Егер біз барлық объекьтілерге су тартып, электр жүйелері мен кәріз жүйесін әкелетін болсақ, мемлекет туризмді дамытады. Оны мемлекеттен басқа ешкім салмайды. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады», - деген еді Назарбаев.

Курорттық аймақты дамыту жобасына Үлкен Шабақты мен Текекөл көлдерінің жағасынан 233 гектарлық жер бөлінген. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 500 млн долларды құрайды, дегенмен бұдан артық сома қажет болуы мүмкін.

Фото: Бауыржан Жуасбаев

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, 2020 жылға дейін «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағын дамытуға қажетті қаржының 95%-ы жолды жөндеуге, коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға бөлінеді.

«Қазіргі уақытта 61 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның жартысы жеке компаниялардың инвестициясы. Мемлекет тарапынан бөлінген ақшаның 95%-ы жолды жөндеуге, коммуналдық қызметтерді жаңартуға, сонымен бірге Бурабай, Шортанды су аймақтарының айналасын тазартуға кетеді. Бұл қаражаттың бір де біреуі қонақ үй салуға немесе үлкен концерттік шараға арналмаған, оларға бір де бір теңге қарастырылмаған», - деді ол.

Туризм төрт маусымға бейімделіп жатыр

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметтері бойынша Бурабай ауданының туристік кластеріне 167 нысан, оның ішінде 45 шипажайлық-курорттық мекеме, 14 сауықтыру орталығы және туристерді орналастыру орындарын ұсынатын 122 нысан кіреді.

"Жыл сайын жаз маусымында Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 500 мыңнан астам демалушы келеді. Бұл ретте, әкімшіліктің мәліметі бойынша, курорттық аймақтың инфрақұрылымы жаз кезінде 1 миллионнан аса турист қабылдауға мүмкіндік береді" - дейді Kazakh Tourism Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Рашид Кузембаев.

Фото: Гүлжан Раманқұлова

Арыстанбек Мұxамедиұлы «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағын дамыту жоспарына тоқталып өтті.

«Щучинск-Бурабай» курорттық аймағы бұл жылдам дамып келе жатқан Қазақстанның ішкі туризмінің маржаны. Бұл аймақтан 2017 жылы жеке инвестицияларды тарту арқылы ұлттық экономикамызға 5 млрд теңге табыс түсті. Бүгінде 2020 жылға дейін «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағын дамытудың үшінші кезеңін жүзеге асыруға 61 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының жартысы жеке инвестициялар есебінен екенін атап өтсем. Осы орайда негізгі мақсат Four Seasons концепциясы бойынша курорттық аймақтың төрт туристік маусымда да әлеуетін арттыру болып отыр», - деді ол.

Бурабай халықаралық іс-шараларды қабылдайды

Бурабайда тамыз айында жыл сайын Charity Tour de Burabay қайырымдылық велошеруі өтеді. Шеруге 2017 жылы рекордтық көрсеткіште 700 қатысушы өтінім білдіріп, қайырымдылық аукционынан 158 миллион теңге жиналды. Былтыр өткен қайырымдылық шеруіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров, Серік Сәпиев және Илья Ильин секілді танымал тұлғалар қатысты. Жыл сайын ұйымдастырылатын велошеруге кез келген адам өтініш білдіре алады. Басты шарт 5000 теңге қатысу жарнасын төлеуі қажет.

Сондай-ақ, биыл алғаш рет Burabay Summer Fest жасөспірім таланттардың I халықаралық фестивалі өтті. Фестивальдің іріктеу кезеңіне еліміздің барлық аймағынан келген 10-16 жасқа дейінгі бишілер, музыканттар мен көркемсөз оқу шеберлері қатысты. Сонымен қатар фестивальде Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь елі, Малайзия, Тайланд және Түркияның жасөспірім таланттары бас қоспақ. Қатысушылардың жалпы саны шамамен 400 адамды құрады.

Жақында ғана Бурабайда Елбасының қатысуымен шаңғы базасы ашылды. «Бурабай» шаңғы базасын салуға бюджеттен 38 млрд теңге бөлінген. Спорт кешенінің жалпы ауданы 125,54 га құрайды. Сондай-ақ мұнда әлемде теңдесі жоқ трамплин кешені орналасқан. Онда шаңғышылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан жаттыға алады. Болашақта Бурабай қысқы спорт түрлерінен өтетін жарыстарды қабылдауы әбден мүмкін.

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шетелдік кино өндірушілер Бурабайға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

«1 шілде күні «Еуразия» кинофестиваліне халықаралық деңгейдегі киноиндустрия саласының топ-менеджерлері қатысты. Оның ішінде Universal Pictures компаниясының вице-президенті де бар. Сіздің арқаңызда (Елбасы - авт.) Голливуд жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Әрине, мұндай серіктестік имидждік беделді арттыруға, әрі экономикалық жағынан мультипликативті әсерін береді. Голливудтық сарапшылар Алматы өңірінен басқа Бурабай, Сарыарқаға сынды ерекше жерлерге қызығушылық танытты», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер