BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бұдан былай қазақстандық туристердің шетелде қалып қоюына жол бермейміз  – И.Рей

7 қарашада Үкімет қаулысымен қабылданған сыртқы туризм саласында ҚР азаматтарының құқығын кепілдендіру жүйесі заңды күшіне енген болатын. Енді шетелде қалып қойған қазақстандық туристерді «Туристік Қамқор» корпаративтік қоры елге қайтару бойынша шара қолданатын болады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында аталмыш қордың директоры Инна Рей мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Туристер төтенше жағдай болған уақытта елге қайта алмай қалып жатады. Ал туроператорлар өз міндеттерін орындай алмайды. Сондықтан, мұндай жағдайды болдырмас үшін осы қорды құрып отырмыз. Осы бағытта екі құралды жүзеге асырамыз. Біріншіден, туроператорлар банкке бірнеше кепілдік түрін төлейді. Егер тәуекел жоғары болса, олар (туроператорлар – ред.) 30 млн теңгеге дейін кепілдік ұсынады. Ал егер қарапайым қызмет түрі болса, кепілдік құны 10 млн теңгені құрайды. Екіншіден, турдан түскен қаржының бір бөлігі қорға («Туристік Қамқор» - ред.) аударылады. Ол ақша шұғыл жағдай болған кезде қажетке жаратылады», - деді директор.

Сонымен қатар, Инна Рей Қазақстан азаматтарының құқығын кепілдендіру жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндірді.

«Біз осы жүйені іске қосу үшін тиісті шараны қолға алдық. Ең басты мақсат туристердің мәселесін шешу. Осы уақыттан бастап әкімшілік жүйе өз жұмысын бастайды. Әкімшілік жүйе қордағы ақшаны пайдалана алады. Яғни, қазақстандық туристерді елге қайтару үшін арнайы есепшот ашылады. Ол туроператормен немесе әуе кемесін жалдаушы-оператормен әзірленген және ҚР азаматына турагент арқылы сатылатын әрбір туристік өнімнен аударылған – 0,5 АЕК-тан (1061 теңге) құралады. Қаржы шетелде қалып қойған туристің мүддесі үшін жұмсалады. Оған қонақ үйде тұру, тамақ ақысы кіреді. Мұның барлығы жүйенің қызметіне енгізілген. Бұл жерде банктегі кепілдік – сақтандыру қызметін атқарады. Егер туроператор жүйенің қатысушысы болса, оның кесірінен туристер қиын жағдайда қалса, әкімші банкке хабарласады. Банкте кепілде тұрған қаржы қорға беріледі», - деді басшы.

Сонымен қатар, директор азаматтар туроператордан арнайы туркодты сұрауға міндетті екенін атап өтті.

«Нарықтағы компаниялар бұл мүмкіндікке сабырлықпен қарайды деген үміттеміз. Алдағы уақытта туристер шетелде еш нәрсеге алаңдамай, өз уақытын жақсы өткізеді деп ойлаймын. Енді қазақстандық туристер шетелде қалып қоймайды. Турист туркомпанияға барған кезде туркодты талап етуі керек. Туркод қор сайтындағы сандық нөмірден тұрады. Әрбір азамат турөнімді сатып алғаннан кейін, біздің қорда сақтандырылғандығы туралы сайттан біле алады. Егер ол өзін реестрдан тапса, шетелге еш уайымсыз шыға алады. Қор оны қиын жағдайда қалдырмайды. Аталған жүйе Еуропада, Ресей мен АҚШ-та бар», - деді директор.

Сондай-ақ, ҚР азаматтарының құқығына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі Асылхан Есілов елімізде 1200 туристік компанияның 12-сі аталған жүйеге қосылып отырғанын атап өтті.

ҚР ИДМ Туризм департаментінің дерегі бойынша, 2014-2015 жылдары жауапсыз туристік операторлардың кесірінен туристердің шет елдердегі орындарының ақысы мен кері қайтатын билеттері төленбей қалған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер