Баянауылда қыста Мырзашоқы шаңғы кешені қолданысқа беріледі - Туризм|18 Тамыз 2018, 09:25
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Баянауылда қыста Мырзашоқы шаңғы кешені қолданысқа беріледі

Фото: автордан

Ертіс өңірінің тұрғындары Баянауыл туристік аймағында салынып жатқан Мырзашоқы тау-шаңғы кешенінің ашылуын асыға күтуде, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Баянауыл ауданы үшін тау-шаңғы туризмі таңсық дүние болғандықтан, қызықтаушылар көп болады деп күтілуде. Нысан былтырғы жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Дегенмен, ауа райының қолайсыздығы салдарынан құрылыс жұмыстары кейінгіге қалдырылды.

Мырзашоқы тау-шаңғы кешені тынығушыларды өлкеге қыс мезгілінде тартуға септігін тигізбек. Теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте орналасқан таудың бойына сырғанайтын аспалы жол салынады. Оның құрылысына жергілікті кәсіпкерлер «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде 300 млн. теңге бөлген. Мамандардың есептеуінше, бірегей кешен бір туристік маусымда 50 мыңға жуық адамды қабылдай алады.

«Құрылыс жұмыстарының 70%-ы аяқталды. Аспалы жолмен қатар, демалыс орнында шаңғыларды жалға беру пункті, медициналық қызмет көрсету пунктісі және тамақтану нысандары бой көтереді. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 28 млн. 500 мың теңге бөлініп, игеріліп жатыр. Тау-шаңғы базасында қарды тегістеу құралы сатып алынған», - дейді Баянауыл аудандық спорт, дене шынықтыру және турзим бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліпов.

Таудың етегін бойлаған Қаражар ауылынның халқы кешеннің ашылуын бір адамдай күтуде. Нысан қолданысқа берілсе, ауыл азаматтарына жаңа жұмыс орындары ашылады. Ауыл мұғалімдері «Мырзашоқы» атты брендтік өнімдерді тіге бастапты. Өнімдер туристерге сатылады деп күтілуде.

Айта кетейік, биылғы жылғы туристік маусымда Баянауыл аймағына 200 мың тынығушы келеді деп күтілуде. Ал келесі жылы «Баянауыл-Алматы», «Баянауыл-Павлодар», «Баянауыл-Қарағанды» және «Баянауыл-Алматы» бағыттары бойынша әуе жолы ашылып, шағын ұшақтар жолаушы тасымалдайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер