Балқашқа не үшін баруға болады? - Туризм|15 Шілде 2017, 10:53
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Балқашқа не үшін баруға болады?

Фото: ғаламтордан

Балқаш туристер арасында танымал жерлердің бірі. Мұнда жағалау туризмі, экотуризм, спорт, мәдениет туризмі сияқты туризм түрлері дамып келеді. Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі Балқаштың саяхатшыларға қызықты боларлық жерлеріне шолу жасаған болатын.

Балқаш көлі – еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан тұйық көл. Ол көлемі жағынан әлемде 14-ші орында. Балқаштың жіңішке бұғазбен жалғасатын батыс және шығыс бөліктерінің суы екі түрлі. Батыс бөлігіндегі суы тұщы, ал шығысында ащы болады. Табиғаттың осындай ерекше тартуы – Балқаш көлі еліміздің туристік әлеуетін арттыратын бірегей орынның бірі.

Балқаш, ең алдымен, жағажай туризмі үшін таптырмас орын. Себебі, мұнда маусымнан қырқүйекке дейінгі ауа райы суға шомылам деушілерге өте қолайлы. Бурабай, Қарқаралы және Баянауылмен салыстырғанда жаз айларында Балқашта жауан-шашын аз түсіп, ауа температурасы 28-30 градустан төмендемейді. Көлдің мөлдір суы, таза құмы туристердің көңілінен шығары сөзсіз.

Балқашқа тек жағалауда жатып, күнге қыздырынудан бөлек, уақытты пайдалы өткізу үшін де баруға болады. Көлдің бай табиғи фаунасы мұнда балық аулауға, аңшылықпен айналысуға мүмкіндік береді. Балқашта аққайран, жайын, табан, ақбалық, алабұға, ақмаржан, көксерке сияқты жиырмаға жуық балық мекендейді. Мұнда тіпті Арал теңізінде жойылып кеткен шабақ пен Арал қаязы да кездеседі. Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағалауындағы қамыста құс пен аңның көптеген түрі мекендейді. Жалпы, Балқаш өңірінде 120-ға тарта құстың түрін кездестіруге болады. Олардың жиырмадан астамы Қызыл Кітапқа енген. Саятшылықты сүйетіндер үшін де Балқаштан орын табылады. Мұнда қоян мен түлкіге, қасқырға, тіпті қабанға да аңшылық жасауға болады. Күнделікті тұрмыс-тіршіліктен арылып, табиғатпен біте қайнасқысы келетіндер Балқаштың айдынына қармақ салып, құстары мен аңын аулап, демалып қайтады.

Балқаштың солтүстігіне қарай 60 шақырым қашықтықта Бектау ата тауы орналасқан. Балқаш өңірінің көрікті жерлерінің бірі саналатын Бектау ата табиғаттың тамаша туындысы ретінде туристердің қызығушылығын тудырады. Биіктігі 1000 метрден асатын шыңдардан, түрлі үңгірлерден, әртүрлі кейіптегі құздар мен шатқалдардан тұратын Бектау атаның ой-шұңқырлы, таулы-тасты сілемдерін көрген жанның көзі тояды. Таудағы ең үлкен үңгірдегі терең көлшіктің тұщы суы қашанда мөлдір, әрі судың деңгейі үнемі бір қалыпта тұрады. Ел арасында «Әулие» үңгір атанған орынға келіп, басына түнеп, құрбандық шалып, тілек тілеген жандар арманына жетеді деген сенім бар. Бектау ата тауының киелі жеріне табанын тигізіп, оның әсем табиғатынан сусындап, «Әулие» үңгірде тілек тілеп қайтуға болады.

Егер де көлдің жағасында демалудан зерігіп, балық, құс аулаудан жалығып, Бектау ата тауының бөктерлерін аралаудан шаршап, қаланың тынымсыз тірлігіне қайта оралғыңыз келсе, Балқаш қаласына ат басын бұрыңыз. Осыдан бір ғасыр бұрын іргесі қалана бастаған қалада бүгінде 80 мыңға тарта халық тұрады. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер Қазақстанның басқа қалаларындағы үйлерден өзгеше болып келеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйлерді жапон тұтқындары салған. Қала аумағындағы 12 тарихи және мәдени ескерткіштің ішінде «Шаңырақ» стелласы мен Ағыбай батыр ескерткішін көруге болады. Сондай-ақ, қалаға кіреберісте орналасқан «Самолет» монументінің жанында міндетті түрде суретке түсіңіз.

Балқаш өңірінің қайталанбас табиғаты, қолайлы климаты, бай флорасы мен фаунасы саяхатшыларды өзіне тартып тұратын күшке ие. Сондықтан да, барымызды бағалап, Балқашта туризмнің жандануына үлес қосайық.

суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер