Астана, BAQ.KZ тілшісі. SCAT әуе компаниясы «Астана-Душанбе» бағатында жаңа халықаралық рейс ашты. Қазақстан мен Тәжікстан астаналарын байланыстырған алғашқы тікелей рейс екі елде де туризмді дамытуға ықпал етпек. Сонымен, Тәжікстан қазақстандық туристерге не ұсына алады?
Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Назирмад Ализода Тәжікстан 2018 жылды туризм жылы деп жариялағанын айтты. Осыған орай, көрші елдің туристерге ұсынары да көбейген екен.
«Тәжікстанда тау туризмі, сауықтыру туризмі, тарихи туризм мен экстремалды туризм дамыған. Бізде өзендер өте көп. Тәжікстанның бір ерекшілігі, елімізде бір уақытта қысты да, жазды да көруге болады. Яғни, бізде қыста ауа райы - 63 градусқа дейін жететін орындар бар. Олар мұздықтарда, тау шыңдарында кездеседі. Сондай-ақ, ауа температурасы + 30, + 40 градусқа дейін жететін жерлер бар», - деді баспасөз мәжілісінде Назирмад Ализода.
Елші екі елдің саяси, сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық қатынастары жайлы да баяндап берді.
«2015 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәжікстанға ресми сапары барысында мемлекет басшылары екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Бүгінгі таңда Тәжікстан аумағында қазақстандық инвесторлардың үлесімен 80-нен астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Тәжікстан экономикасына құйылған тікелей қазақстандық инвестиция көлемі 100 млн доллардан асады. 2017 жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымының көлемі 24 пайызға артып, 840 млн долларды құрады. 2018 жылғы 11 айда бұл көрсеткіш ұлғайып, 770 млн долларға жетті. Қазақстан Тәжікстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестері тізімінде екінші орынға шықты. Президентіміз Эмомали Рахмонның 2018 жылғы наурыздағы Қазақстанға ресми сапары барысында екі елдің басшылары мемлекеттер арасында тауар айналымын 2 млн долларға арттыруға келісті. Екі ел арасында барлығы 100-ден астам түрлі келісім бар. Олардың қатарында көлік саласы да қамтылған. Қазір біз биылғы наурызда екі ел басшылары бекіткен ұшу географиясын кеңейту туралы келісімін орындап отырмыз. Біз Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы алғашқы тұрақты әуе рейсінің ашылғанына қуаныштымыз», - деді Назирмад Ализода.
Ал, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының Басқарма төрағасы Рәділбек Әдимолда енді екі елдің азаматтары бір-біріне жиі қатынап тұратынын айтты.
«Мен Жаңа жыл қарсаңында елордамызға тәжіктің тәтті жеміс-жидегі, көкөнісі мен құрмасы әкелінеді деп үміттенемін. Бұның барлығы біздің мерекелік дастарханымызда тұруы керек қой. Ал тәжік достарымыз Жаңа жылды нағыз қыстың қарымен қарсы алу үшін бізге келсін», - деді Рәділбек Әдимолда.
SCAT әуе компаниясының коммерция жөніндегі вице-президенті Николай Буряков болса, екі ел жолаушылары қыс мезгілінде 50 орындық CRJ-200 әуе кемесімен, ал жаз уақытында 120-140 орындық Boeing-737 ұшағымен қатынайтынын айтты.
«Келесі жылғы жазда Сочиге дейінгі рейстер қалпына келеді, Батумиге жаңа рейстер ашылады. Бұған қоса, келер жылдың ақпан-наурызында Астана-Ұланбатыр бағытында әуе рейсін ашу жоспарланып отыр. Еуропа бағытында бірнеше рейс пен туристік бағдарларды да ашу көзделуде. Тағы бір айта кетерім, қаңтар айының басында әуе компаниямыздың ұшақ билеттерінің бағасына үлкен жеңілдіктер болады», - деді Николай Буряков.
Бұған дейін біз «Астана-Душанбе» әуе рейсінің ашылғаны жөнінде хабарлаған едік.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!