BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мұхамедиұлы: Музей қорларын цифрландыруға ерекше назар аудару керек

Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет ұйымдары мен қызметкерлерінің бірінші «Рухани қазына» фестивалінің пленарлық отырысында еліміздегі мемлекеттік тарихи, өлкетану музейлері мен музей-қорықтар қызметін жетілдіру және ынталандыру жұмыстарына тоқталды.

«Музей ісіндегі экспозициялардың келушілер үшін қызықты болуын қамтамасыз етіп, коллекциялар мен музей қорларын цифрландыруға ерекше назар аудару керек. Бұл мәселе «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасымен біте қайнасып жатыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығының негізгі мақсаты – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру болатын. Министрлік «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» тарихи-мәдени музей-қорықтарының туристік тартымдылығын жақсарту мақсатында сапар-орталықтар салу жұмыстарын іске асыруда. Бұл сапар-орталықтар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетуге, мәдени-ағарту, ғылыми зерттеу жұмыстарын жандандыруға үлкен үлес қосады» - дейді министр.

Ол сонымен бірге, республикалық «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» музей-қорықтарын құру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы айтты.

Осы орайда министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары да жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Соның ішінде, 1992 жылы қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның жаңа жобасы әзірленіп, оған киелі жерлерді қорғау шаралары, соның ішінде уәкілетті органмен киелі жерлердің мемлекеттік тізімін жасау мәселелері енгізілді. Сонымен қатар, «Қазақстан қорық-музейлері ассоциациясының» құрылғанын да айта кеткім келеді. Бұл қауымдастық қорық-музейлер ісіндегі қордаланған мәселелерді шешуде маңызды рол атқарады деп сенеміз. Әрине, ауқымды жобаларды іске асыру бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі іс-шара атқарылған істердің бір парасы ғана» - дейді министр.

Бұған дейін ол еліміз бойынша "Рухани жаңғыру" аясында кітапханалар санының арқаны туралы айтқан болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер