BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Абаев: Елімізде автомобиль және металлургия саласын роботтандыру мүмкіндігі жоғары

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысымен таныстырды.

«Бірінші бағыт, яғни «Экономика саласын цифрландыру» аясында 100 компания бекітілді. Оларға цифрлық технологияларды енгізу арқылы «ақылды өндіріс» деңгейіне көтеру жоспарланған. Жеті модельдік цифрлық фабрикалар құрылуда. Отын-энергетикалық және тау-металлургиялық кешендердегі кәсіпорындарды жаңа технологиялық рельстермен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша бірқатар кәсіпорында алынатын мұнайдың коэффициенті 2-5%-ға артты. Жөндеу жұмыстарына кететін уақыт орташа есеппен 8-10%-ға қысқарып, 10% шығын төмендеген. Тау-металлургиялық кешендерді цифрландырудың аясында ERG компаниясы 2 жоба, «Казцинк» 1 жобаны жүзеге асырды. Нәтижесінде құрал-жабдықтарды пайдалану коэффициенті 80%-ға өскен екен. Осылайша, капиталдық және операциялық шығындар едәуір қысқарған. 2019 жылы кәсіпорындағы роботтар саны, бүкіл әлем бойынша 2,6 млн бірлікке жетеді. Оңтүстік Кореяда 10 мың жұмыс орнына 478 роботтан келеді. Ал Жапонияда – 314 робот, Германияда – 292 робот. Қазақстанда бұл көрсеткіш төмен. Алайда автомобиль мен металлургиялық секторда бұл бағытты дамытуға үлкен мүмкіндік бар», - деді Абаев Мәжілісте өтіп жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы Үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, сондай-ақ, еліміздің агроөнеркәсіп саласы цифрландырылып жатыр. Мәселен, АӨК-ті цифрландыру аясында несие мен кепілдеме алуға өтініш беру қызметі автоматтандырылуда.

«2018-ші жылдың 1-ші сәуірінде «Астана-1» деп аталатын ақпараттық жүйе өз жұмысын бастады. Осы арқылы 680 мың электронды кеден декларациясы рәсімделген. Сондай-ақ, «Электронды шот-фактура» жүйесі жүзеге асты. Осылайша келісімдерді қағаз құжаттарсыз-ақ рәсімдеуге, жасалатын есептік операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашылып отыр. Бүгінгі дерекке сай, «электронды шот-фактура» жүйесіне 70 мың заңды тұлға тіркелген. Бұл қосымша құн салығын төлейтіндердің 75%-ын құрайды. Бүгінгі таңда дамыған елдердің банк саласындағы несие бөлімдерінде 76% шешімді адамдар емес, жасанды интеллект шығарады», - деді Дәурен Абаев.

Бұған дейін министр «озық білімді ІТ-мамандарымызды уысымыздан шығарып алмауымыз керек» деген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер