BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркі академиясы мен Егей университеті әріптестік меморандум бекітті

Астана. 11-наурыз. Baq.kz – Түркияның Ізмір қаласында Түркi кеңесiне мүше елдер арасында жоғары бiлiм саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін құрылған Түркi университеттер одағының кезекті үшінші жиыны болып өтті, - деп хабарлайды Түркі академиясының баспасөз қызметі.

Болон үдерісіне арналған алқалы отырысқа Түркі академиясының президенті Д.Қ.Қыдырәлі төрағалық етті. Сонымен қатар жиын барысында университеттер одағын одан әрі нығайту және олардың өзара әріптестік байланыстарын дамыту мүмкіндіктері қарастырылды. Шара аясында Түркі академиясы мен Егей университеті арасында өзара әріптестік орнату туралы меморандумға қол қойылды.

Естеріңізге салайық, 2010 жылдың мамыр айында еліміздің бас шаһарында халықаралық Түркі академиясының іргесі қаланған болатын. Түркі академиясы ғылыми-зерттеу орталығының ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдолла Гүл қатысты.
Осылайша заманында Алтайдан Ақ теңізге дейінгі ұлы далада билік жүргізген түркі жұртының кейінгі аласапыран дәуірлерде жоғалтқан дүниелерін түгендеп, сақталып қалған құндылықтарының бәсін асыратын іргелі іс жасалды. Ақын Мағжанның тілімен айтқанда «енші алып, қалың түркі тарас­қан­да, қара шаңыраққа ие болып қалған қазақ елі» қазіргі кезде жер шарын мекендейтін шамамен 300 миллиондай түркінің абыройын асыру мақсатында өз мойнына тағы да бір маңызды миссияны алды.

Жалпы Түркі әлемін зерттейтін арнайы орталық құру жөніндегі бастаманы 2009 жылы қазанның 3-де Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев көтерген болатын. «Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Сондықтан, түркітілдес халықтардың тарихын, мәдениетін зерттейтін, оқу-ағарту жүйесін үйлестіретін арнайы орталық құру керек. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ - киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты. Осындай батырлық эпосты дүниеге танытудың кезі келді деп ойлаймын. Ол үшін жалпыға ортақ Түркі академиясын құру қажет», деген болатын саммитте Н. Назарбаев. Осы орайда Қазақстан басшысы бұл шаруа барша түркі жұртының ортақ міндеті екендігіне тоқтала келе: «Сондықтан түркі тілдес әрбір мемлекет қолдап, атсалысса, көмегін берсе, бұл академияны бүкіл түркі дүниесінің қасиетті жері Түркістанға орналастыруға болар еді немесе келіп-кетуге оңай дейтін болсақ, Астанада ашуға болады», деген-ді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер