BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сенат төрағасы Қазақстан-Швейцария достық тобының тең төрағасын қабылдады

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Федералдық Жиналысындағы Қазақстан-Швейцария достық тобының тең төрағасы Филиппо Ломбардиді қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сенат төрағасы Қазақстан Швейцарияны Еуропадағы маңызды әріптес ретінде қарастыратынын, елдеріміз арасында сындарлы саяси үнқатысу қалыптасқанын атап өтті. Оның пікірінше, Президент Н.Назарбаевтың Швейцария басшысымен алдағы келіссөздерінің екі ел арасындағы ынтымақтастықты өрістетуде маңызы зор. Тараптар парламентаралық ынтымақтасты тереңдетудің келешегін талқылады.

Қ.Тоқаев Ф.Ломбардиді Сенат сайлауының нәтижелерімен таныстырып, оның барысында Парламенттің жоғарғы Палатасына 16 депутат сайланғаны айтылды. Сайлауды байқауға халықаралық және отандық 518 байқаушы, еліміздегі және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 244 өкілі қатысты. Жүздесушілер халықаралық күн тәртібін, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сенат төрағасы Орталық Азиядағы суға қатысты жобаларды қолдағаны үшін Швейцарияға ризашылығын білдірді. Осыған байланысты Қ.Тоқаев ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында су ресурстары жөніндегі бірлесіп ұйымдастырылған аймақтық конференцияның маңыздылығына тоқталды.

«Шара Орталық Азиядағы су ресурстары жөніндегі үнқатысуларды институттандыру мүмкіндіктерін зерделеу үшін ерекше алаң болды», - деп атап өтті Сенат басшысы.

Әңгіме барысында Қазақстан мен Швейцария аймақтарының ынтымақтастығын дамытудың келешегі де талқыланды. Алматы облысы мен Тичино кантоны арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум екі мемлекет арасында достық қатынастарды дамыту үшін оң ықпал етеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер