BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Нидерландыда «Президент Назарбаев» атты қызғалдақтың жаңа түрі пайда болды

 АСТАНА. 25 наурыз. BAQ.KZ - Нұрсұлтан Назарбаевтың Нидерланды Корольдігіндегі ресми сапары аясында жаңа гүл сұрыпының тұсаукесер рәсімі болды. Бұл туралы 24.kz арнасы хабарлады.

 Сондай-ақ Роттердамда қазақ елінің құрметіне «Астана» атты жаңа алаң ашылады. Сапар барысында қос ел ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтетін шешімдер қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Ал бүгін және ертең Қазақстан Президенті Гаагада өтетін Ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысады. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған келелі жиында әлемдегі ядролық шикізаттың мөлшерін азайту мен қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары Нидерланды Корольдігінің премьер-министрі Марк Рюттемен жүздесуден басталды. Кездесу барысында халықаралық күн тәртібінің негізгі жайттары, соның ішінде Украинадағы жағдай талқыланды. Ал басты назарды тараптар ядролық қарусыздану және ядролық қауіпсіздік мәселелеріне аударды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

- Ядролық қаруды «қауіп» деп тану керек. Біз ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірін жаптық. Елу жыл ішінде Семей полигонында 570 ядролық жарылыс болды.

 

Кездесу қорытындысында екі жақтың Сыртқы істер министрліктері арасында саяси кеңестер бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға және Қазақстан-Нидерланды Іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды. Бұдан кейін Елбасы Нидерланды Королі Виллем-Александрмен жүздесті. Онда екіжақты ынтымақтастықты, соның ішінде мәдени-гуманитарлық өзара ықпалдастық аясын кеңейту перспективалары талқыланды. Кездесуде Нидерланды Королі Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқанын айтты. Елбасы, сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттарды, атап айтқанда, Шанхайда өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің жұмысын және Украинадағы жағдайды талқылады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

- Қытай Халық Республикасының Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитіне төрағалығы шараны жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 30 млрд. АҚШ долларын құрайды. Көрсеткішті 40 миллиардқа жеткізу жоспары орындалуда.

 

Бұл кездесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаевты «Қазақстанның Нидерландыдағы достары» саяси клубының мүшелері күтіп тұрды. Жүздесу барысында Президент Голландия компанияларымен өзара ықпалдастық саласын кеңейтуге мүдделі екендігін жеткізді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

- Біз голландтық компанияларды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Еліміз мұнай-газ, түсті және қара металлургия, химия саласында өңдеуші кәсіпорындарды дамытуға мүдделі. Біз мұндай өндіріс үшін жеңілдіктер ұсынамыз және тиісті инфрақұрылым қалыптастырамыз. Ақпарат және ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа да мүдделіміз.

 

Кейін Қазақстан Президентіне өзінің суреті бейнеленген голландтық жаңа пошта маркасы таныстырылды. Ал Роттердамда Қазақстанның құрметіне «Астана» жаңа алаңы ашылатын болады. Сондай-ақ мұнда Елбасына «Президент Назарбаев» деп аталатын қызғалдақтың жаңа түрі таныстырылды.

 

Рини Вагтманс, «Президент Назарбаев» қызғалдақ сортының авторы:

 

- Біз қызғалдақтың бұл түрін дайындау үшін 4 жыл жұмыс істедік. Келесі жылы бұл гүлдерді Астана қаласында көретін боласыздар. Жаңа сұрып Қазақстан климатына бейімделген. Сіздердің Президенттеріңіз Нидерландының жақын досы десек болады. Оған деген құрметімізді осылайша білдіруді жөн санадық. Жалпы, әлемде Клинтон, Буш, біздің Патшаның және тағы да басқа белгілі тұлғалардың есімі берілген қызғалдақ түрлері бар.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапары барысында Нидерланды және Қазақстан компанияларының көрмесіне қатысты. Мұнда қос мемлекеттен 30-дан астам кәсіпорын өз өнімдерін қойған. Көрме аясында жалпы сомасы 328 млн. еуродан асатын екіжақты 13 құжатқа қол қойылды. Әдетте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптеген елі бас қосатын көлемді шараларда халықаралық бизнес қауымдастығы өкілдерін Қазақстанға тарту мәселесіне аса көп көңіл бөледі. Бұл жолы да Президент көрмеден кейін, Астана уақыты бойынша 2:00 болғанына қарамастан, ірі бизнес өкілдерін келіссөздерге шақырды. Ал таңертең ерте Қазақстан делегациясы ІІІ ядролық қауіпсіздік саммитінің жұмысына қатысады.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Қаңтар 2019, 16:34
Бозарып тағы таң атты
Пікірлер