BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Монакалық министр өз қызметінің ерекшелігімен бөлісті

 АСТАНА. 13 наурыз. BAQ.KZ – Бүгін Астанаға ресми сапармен келген Монако Князьдігінің Әділет министрі Филипп Нармино қазақстандық әріптестерімен және журналистермен кездесу барысында өзінің қызметіндегі ерекшеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 Астанаға келген ресми қонақ мемлекеттік дәрежедегі 4 түрлі жоғары лауазым иесі болып табылады. Атап айтсақ, Филипп Нарминоға Монако Князьдігінің Әділет министрі, Заң қызметінің директоры, Мемлекеттік Кеңес төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы тәрізді лауазымдарын қоса атқару тапсырылған. Князьдіктің жері мен халқының санының аз болуына байланысты мемлекетті басқару ісін осылайша атқаруға тура келеді.
«Мен өзімнің атқарып отырған қызметтеріммен қоса, князь отбасының мүшелерінің құжаттарын да жүргіземін. Оның ішінде князьдің өзі мен оның туыстарының неке қию рәсімдерін, туу туралы құжаттарын реттеймін және рәсімдеймін. Бұл абыройлы қызмет маған ерекше сенім білдіріліп тапсырылған», - деді Ф.Нармино.

 


Ол сонымен қатар, Монакодағы құқықтық істердің жүргізілу барысы туралы да атап өтті.
«Монако князьдігінде қылмыстық істер аса көп тіркеле қоймайды. Қылмыстық істердің негізін қаржы ісіне қатысты қылмыстар құрайды. Елдің әділет министрлігі бұл қылмыстардың алдын алуға барынша күш салып отыр. Бұл үшін шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйенеміз. Осыған орай қазақстандық әріптестерімізден үйренеріміз мол. Алдағы уақытта екі елдің арасында құқықтық сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнайды деп сенемін», - деді Әділет министрі.
Айта кетейік, халқының саны 40 мыңға жуық болатын мемлекеттің 700 жылдық тарихы бар. Мемлекет шағын болғандықтан (көлемі 2,2 шаршы шақырым) бірнеше лауазымды бір тұлғаға сеніп тапсыру бұл мемлекет үшін әдеттегі жағдай болып табылады.

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 


Сурет ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен алынды.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер