BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мемлекет басшысы Нидерландтың ірі компанияларының көрме-таныстырылымында болды

АСТАНА. 24 наурыз. BAQ.KZ – Қазақстан Президенті Голландтың жоғары технологиялық кәсіпорындарының жетістіктері көрмесімен, атап айтқанда Royal Ten Cate, CLAAS, Royal Dutch Shell, Royal Philips тәрізді және басқа да компанияларының жобаларымен танысты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, онда бірлескен қазақстандық-еуропалық перспективалық инвестициялық жобалар таныстырылды.

25 компания қатысқан көрме аясында жалпы құны 328 миллионнан астам еуро болатын екіжақты 13 құжатқа қол қойылды.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы «Қазақстанның Нидерландтағы достары» Қазақстан-Нидерланд саяси клубының мүшелерімен кездескен болатын.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Голландтық компанияларымен ынтымақтастыққа және өзара ықпалдастық саласын кеңейтуге мүдделілік бар екенін атап өтті.

– Нидерландтың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 30 миллиард АҚШ долларын құрайды. Өзара тауар айналымы 10 миллиард доллар деңгейіне жетіп отыр. Бұл – Еуропалық Одақ елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір Қазақстан индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруда, оның аясында 500-ден астам кәсіпорын, 600 мыңдай жұмыс орны ашылды. Біз Голландтық компанияларды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Еліміз мұнай-газ, түсті және қара металлургия, химия саласында өңдеуші кәсіпорындарды дамытуға мүдделі. Біз мұндай өндіріс үшін жеңілдіктер ұсынамыз және тиісті инфрақұрылым қалыптастырамыз. Ақпарат және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа да мүдделіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Франция, Германия, Испанияның бірқатар ірі компанияларымен ынтымақтастық деңгейі жоғары екенін атап өтіп, республика шетелдік инвестицияны көлемі жөнінен мейлінше көбірек тартатын 20 елдің қатарына кіретініне тоқталды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысына Қазақстан Президенті бейнеленген Голландтық жаңа пошта маркасы және «Президент Назарбаев» деп аталатын қызғалдақтың жаңа түрі таныстырылды, сондай-ақ Роттердам қаласы әкімдігінің «Астана» жаңа алаңын ашу туралы бастамасы жарияланды. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер