BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚР Қорғаныс министрі ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Бүгін, 15 маусым күні Мәскеу қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов бастаған қазақстандық делегация қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған отырыс барысында тараптар 18 мәселені талқылады. Оның ішіндегі 5 сұрақ – ТМД Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың біріктірілген жүйесін дамыту және оны қамтамасыз ету төңірегінде болды.

Сондай-ақ, күн тәртібіне биылғы жылдың 30 шілдесі мен 13 тамызы аралығында өтетін 2016 жылғы халықаралық Армия ойындарында ТМД қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштерінен қатысатын командалар жөнінде мәселе енгізілді. Алдын ала белгілі болған деректерге сүйенсек, Армия ойындарына 47 мемлекеттен 114 команда қатысады. Халықаралық сайыста 23 түрлі байқау өткізілмек, олардың ішінде екі байқау – «Артиллерия алауының шебері» және «Мерген шебі» сайыстары алғаш рет Қазақстан Республикасы аумағындағы полигондарда өткізіледі. Айта кетейік, қазақстандық әскери қызметшілер байқаудың барлық түрі бойынша қатысады.

Қорғаныс ведомстваларының басшылары ТМД-ға мүше мемлекеттердің әуе-ғарыштық қорғанысы туралы тұжырымдамасын мақұлдады. Аталған тұжырымдама ТМД-ға мүше мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы қорғанысының біріктірілген жүйесін бірлескен қорғанысты тек әуеде ғана емес, әуе-ғарыштық деңгейінде қамтамасыз етуді әрі қарай жетілдіру қажеттілігімен байланысты.

Қорғаныс министрлерінің кездесуі барысында ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің жанындағы Үйлестіру комитетінің әскери білім мәселесі бойынша қызметін және Достастық елдерінің Қарулы Күштеріндегі мемлекеттік құпияларды қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын талқылады.

Отырыс барысында бірнеше баяндама тыңдалды. Қазақстандық делегацияның атынан ҚР ҚК Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігі бас басқармасының бастығы полковник Қайнарбек Қожахметов баяндама жасады. Ол әскери ынтымақтастық төңірегіндегі мемлекетаралық құпиялардың сақталуын қамтамасыз етудегі қызметтің өзара іс-қимылы туралы баяндады.

Бұдан басқа, 2015 жылы қарулы күштердегі әскери саланың ынтымақтастығы және авиациялық ұшулардың қауіпсіздік жағдайы бойынша ТМД-ның шартты-құқықтық базасына баға берілді. Қорғаныс ведомствалары кеңесінің соңында ТМД-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштеріндегі Штабтар бастықтары комитетінің қызметтерін және 2020 жылға дейін қарулы күштерде әскери қолданбалы спорт түрлерін дамытуды реттейтін құжаттар қабылданды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер