BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.29 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.93
Астана:

Қазақстан тарапы Қырғызстанның нотасына жауап берді

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қырғыз Республикасының уақытша сенімді өкілі шақырылып, оған Қырғызстан СІМ-нің таңертеңгі мәлімдемесіне байланысты қазақстандық тараптың келесі мазмұндағы жауап нотасы табыс етілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Қырғызстанның жауапты өкіліне табыс еткен нотасының толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

«…Қазақстандық тарап ү.ж. 19 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қырғыз Республикасының Президенттігіне үміткер кандидаттардың бірімен болған кездесуіне орай Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігінің әрекетіне қатты таңданыс білдіреді.

Мемлекет басшысының әртүрлі елдердің көрнекті саяси қайраткерлерімен және саяси партиялардың басшыларымен олардың өтініші бойынша кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұрады және халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Бұл ретте, мұндай іс-шаралар ашық, транспарентті сипатта өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады.

Мәселен, ү.ж. 14 тамызда Астанада Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенттігіне кандидаттардың бірі, бұрынғы Премьер-Министр С. Жээнбековпен осындай екіжақты кездесу өткізді.

Оған қоса, Мемлекет басшысының тұжырымдарын Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бұрыс түсіндіруіне түсінбестік білдіреміз. Аталған кездесулер барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қырғыз Республикасы президенттігіне қандай да бір нақты үміткердің пайдасына қолдау білдірген жоқ. Оның үстіне Астана және Алматы қалаларында қырғыз өкілдерімен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз халқы сенім білдіріп, сайлайтын Қырғыз Республикасының кез келген Президентімен тиімді өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін айтты.

Осыған байланысты Қырғыз Республикасының ішкі ісіне араласуға және ел халқының таңдауына ықпал ету әрекетіне қатысты Қырғыз тарапының ойдан шығарылған тұжырымдарын табанды түрде жоққа шығарамыз.

Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мұндай әрекеті Қазақстандық тарап адалдық танытатын, екі халық арасындағы дәстүрлі бауырластық қатынастарға және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтық қарым-қатынастар туралы шартқа түбегейлі қайшы келеді деп санаймыз...» - делінген жауапта.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз президенттігінен үміткер Өмірбек Бабановпен кездескен болатын. Осы кездесуге орай Қырғыз тарапы елімізге нота жіберген еді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер