BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстан мен Малайзия білім саласында ынтымақтастықты дамытып келедi – Сумиани Юсуф Эксклюзив

Фото: Қымбат Елтайқызы

Бүгін EXPO-2017 көрмесіндегі Малайзия павильонында білім апталығы мәресіне жетті. Шара аясында Қазақстан мен Малайзия университеттері арасында тәжірибе алмасу мақсатында малайзиялық білім мамандары келіп, маңызды кездесулер өтті. Малайзия жоғары білім алуға қолайлы елдердің көш басында тұрғаны мәлім. Осы орайда Baq.kz тілшісі аталған елдің алдыңғы қатарлы оқу орны Малайя университетінің профессоры Сумиани Юсуф ханыммен сұқбаттасып, Малайзияның білім жүйесімен танысуды жөн көрді.

«Бүгінгі таңда Малайзияның білім беру жүйесі әлемдік рейтингте 25-орында. Сапалы білім – біздің басты қаруымыз. Әсіресе, елімізде медицина, құрылыс, инжиниринг, ғылыми инжиниринг, химия, қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын пайдалану сияқты салалар дамыған. Малайзияда 20 мемлекеттік университет және 500-ден астам жекеменшік университет бар. Мысалы, Малайя университетінде барлығы 20 мыңнан асам студент білім алса, соның 3 мыңы халықаралық студенттер. Олар 85 мемлекеттен келіп білім алып жатыр. Мемлекетіміздің басымдықтарына келсек, біріншіден, басқа елдермен салыстырғанда бізде оқу ақысы мен өмір сүру бағасы қолжетімді. Малайзия үкіметі мен жекеменшік ұйымдар тарапынан өз студенттерімізге грант пен шәкіртақы бөлінеді. Ал қаражаты жоқ студенттердің білімін мемлекет несиелендіреді. Бір ұтымдысы, бізде халықаралық студенттерге де грант беру мүмкіндігі бар. Бірақ, ол үшін жоғары бәсекеге дайын болу керек. Грантқа ие болу азаматтың таңдаған мамандығына, ағылшын тіл білімі мен жетістіктеріне байланысты. Сондықтан, түлектер университет супервайзерінен грантқа түсу жолын анықтап алғаны жөн. Еліміздің жоғары оқу орындарында бакалавр және магистратурада оқуға болады. Басқа да арнайы бағдарламалар қарастырылған», - деген Сумиани Юсуф Малайзияның көпұлтты мемлекет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Юсуф ханым оқу бағасы жайлы да ақпарат берді. Оның мәліметінше, Малайя университетінде оқудың орташа жылдық бағасы 3-5 мың долларды құрайды. Оқу орнында медициналық, техникалық, гуманитарлық және тағы басқа мамандықтар бар.

«Ең қымбаты – медицина саласы. Болашақ дәрігерлер 5 жыл оқу үшiн 32 мың доллар төлеуі тиіс. Себебі, университет жоғары деңгейлі құрылғылармен және зертханалармен қамтылған. 5 жылда жалпы медицина мамандығы беріледі. Егер студент оқуын жалғастырып, нақты бір медициналық мамандық алғысы келсе, әрі қарай 3-4 жыл оқиды. Дегенмен, бiзде басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мысалы, Ұлыбритания мен Ирландияда медициналық білім құны 300-400 мың долларға дейін жетеді. Медицина саласын таңдаған түлектерге қойылатын талаптарға келсек, мектепті үздік бітіргені туралы аттестат, IELTS халықаралық ағылшын тілін бағалау жүйесінде 5.5 балл алғаны туралы құжат болса, университетке қабылданады. Бiзде онлайн платформа жақсы жұмыс істейді. Барлық оқу орындарының веб-сайттары бар. Қажеттi ақпараттың барлығын сол жерден алуға болады. Жалпы, Қазақстан мен Малайзия білім саласында ынтымақтастықты дамытып келедi. Қазіргі таңда Малайзияда 1 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жатса, Қазақстанда 100-ге жуық малайзиялық студент оқуда. Ал 2013-2017 жылдар аралығында Малайзияда 7 мыңнан астам қазақстандық студент білім алды», - деп түйiндедi Сумиани Юсуф.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер