BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Астанада халықаралық жобалық менеджерлер конгресі өтті

 Астана. 27 қараша. BAQ.kz – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында I Халықаралық жобалық менеджерлер конгресі өтті.

 Конгреске Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы Траян Лауренцю Христеа, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Талдамалық орталықтың жетекшісі Константин Носков, ОАР Төтенше және Өкілетті Елшісі Шириш М.Сони, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Абдрасилов, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Басқармасының төрағасы Азамат Ойнаров, Қазақстан Республикасының Жобалық менеджерлер одағының президенті Алексей Цеховой қатысты.
Конгресс жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, Ресей, АҚШ, Қытай, Белоруссия, Нидерланды елдерінің халықаралық ұйымдарының жетекші сарапшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, «Астана ЭКСПО-2017», «Қазақстан темір жолы», «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК, «Атамекен» КҰП, «KEGOC», «Қазпошта», «Астана Innovations» АҚ-ның жауапты қызметкерлері және т.б. белсенді қатысты.
Конгресті «Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік қызметін реформасы және оны жаңғырту» Еуропалық Одақ жобасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы, Қазақстан Республикасының Жобалық менеджерлер одағы ұйымдастырды.
Басты мақсаты Қазақстан Республикасының мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлары қызметіне жобалық менеджментті дамыту мен қағидаттарын енгізу мәселелері бойынша тұжырымдамалық тәсілдерді талқылау болып табылады.
Пленарлық сессия барысында шетелдік сарапшылар Еуропалық Одақтың, АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық менеджмент қағидаттарын енгізу бойынша озық тәжірибесін таныстырды. Өз кезегінде, қазақстандық спикерлер мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды басқаруда жобалық тәсілді қолдану мәселелеріне, сондай-ақ инвестициялық тартымдылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне баса назар аударды.
Секциялық отырыстарда қатысушылар мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық менеджментті енгізу мәселелерін, жобаларды басқарудағы қазіргі трендтерді, жоба менеджментін оқыту практикасын талқылады. Сонымен қатар жоба менеджментінің халықаралық стандарттары мен оларды қолдану әдістері, сүйемелдеудің ақпараттық технологияларын, ұйымда жобалық тәсіл арқылы ауысу мен өзгеруді басқару мәселелерін, сыбайлас жемқорлық қауіп-қатерлерін төмендетуде жоба менеджменті тиімділігінің негіздерін жан-жақты қарастырды.
Конгресс қорытындысы бойынша нақты ұсынымдар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер