BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Аспан асты еліндегі алты күн (ФОТО)

Қазақстандағы Қытай Халық Республикасы елшілігінің ұйытқы болуымен аспан асты еліне апталық арнайы сапар ұйымдастырылды. Бұл сапарға қызмет бабында қаза болған ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері арнайы таңдалып алынған. Елшіліктің полициямен байланыс бойынша бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылған сапарда Қытай елінің Бейжің, Шанхай және Үрімші қалаларына бару, мұндағы сан ғасырлық тарихы бар жерлерді тамашалау жоспарланған, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі.

Сөз басында айта кетейік, Аспан асты еліне қызмет бабында қаза болған сақшылардың жұбайлары мен ұл-қыздарын апарып, шежіресі 2 мың жылдан асып жығылатын елдің мұрағатымен, салт-дәстүрімен таныстыру, үлкен қалаларын аралатып, көрікті жерлерін көрсету туралы ұсыныс алғаш рет 2015 жылдың ақпан айында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесу барысында айтылған. Кейіннен еліміздің әр аймағынан қызметтік міндеттерін атқару кезінде опат болған сақшылардың жұбайлары мен балаларын ҚХР-ға сапарға жіберу туралы екіжақты келісім жасалады.

Дәл осындай келісімді Ресей ІІМ мен ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі осыдан 20 жылдай бұрын жасаған. Қазақстан – Қытай елімен келісімге келген екінші ел. Өз кезегінде ҚХР да елінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алған немесе қаза болған Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі қызметкерлерінің балаларын Мәскеу, Санкт-Петербор секілді даңқты қалаларға апарып, тарихи-мәдени ошақтарын аралап көрсетуді дәстүрге айналдырған.

Қазақстаннан алғаш сапарға шыққан делегацияны бастап барған ҚХР-дың Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі, еліміздегі ҚХР ҚҚМ-нің өкілетті өкілі Дай СЮЙКУЙ екі елдің ішкі істер органдары батырларының жұбайлары мен балаларынан құралған топты шақыру, арнайы тағылымды сапар ұйымдастыру Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсетінін атап өтті.

«Бұған дейін осындай сапарлар тек Қытай мен Ресей арасында ғана ұйымдастырылып келді. Одан басқа бірде-бір елмен мұндай келісім жасалмаған болатын. Бір жарым жыл бұрын мені ҚХР-дың Қазақстандағы елшісінің полиция істері бойынша кеңесшісі ретінде тағайындады. Сол кезден бастап осы игілікті істі Қазақстан Республикасы ІІМ-мен жаңғырту туралы идеяны алға тартып келдік.

Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов бұл ұсынысымызды қабыл алып, биыл міне, ойымыз жүзеге асып отыр. Бұл сапардан қазақстандық делегацияның әр мүшесі, аналар да, балалар да үлкен әсер алды деген ойдамын. Себебі, мұндай бастамалар, кездесулер мен жүздесулар екі ел халқының арасындағы достықты нығайтып, сыйластықты арттыра түседі. Бейбіт күн батырларының ұл-қыздары осы салтты одан әрі жалғастырып, аға ұрпақтың салып берген жолын жалғастырар, терең білім алып, болашақта Отанын гүлдендіруге өз үлесін қосар деген сенімдемін. Және де бұл сапардың соңғы болмайтынына да сенім мол», – деді ол.

Расымен де, Аспан асты еліне алты күнгі сапар танымды-тағылымды ғана емес, мазмұнды өтті. Шараны ұйымдастырушылар – ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің өкілдері сапар бағдарламасына балаларға қызықты жерлерді ғана емес, ел тарихымен таныстырар, үлкенді де тамсандырар саяхатты қамти алған.

Сол себепті бұл сапардың қазақстандық қонақтардың есінде ұзаққа қалары сөзсіз. Қазақ елінен Қытайға аттанған делегацияның құрамында басы-аяғы 20-дан астам адам болды. Оның ішінде, Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева мен ұлы Арманжан; қарағандылық жол сақшысы, 2008 жылы елордаға жолға шыққан автобус толы балалардың өмірін аман алып қалам деп, опат болған Қайрат Жұмабековтің жары Назгүл Жексенбина мен ұлы Ғалым; осыдан бес жыл бұрын Ақтөбенің Шұбаршы елді мекенін ғана емес, дүйім жұртты шулатқан қылмыстық топты қолға түсіру кезінде жалғыз оқ ғұмырын қиып кеткен «Арлан» арнайы жасағының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Руслан Жолдыбаевтың жұбайы Айгүл Жолдыбаева мен қызы Аида; аса қауіпті қылмыскерді құрықтау кезінде мерт болған Алматы қалалық ІІД Патрульдік полк полициясының аға сержанты Ғалымжан Әбдіровтың жұбайы Гүлнәз Мереева мен қызы Аяжан; қанды қарашада қандықол қарақшының қолынан көз жұмған жамбылдық жампоз, МКҚБ-ның полиция аға сержанты Полат Аянқұловтың отын өшірмей отырған Миясар Юсупова мен қызы Жансая; 2008 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған керекулік тәртіп сақшысы, Қашыр аудандық ІІБ-нің полиция капитаны Фарид Какабаевтың жары Ләззат Какабаева мен қызы Амина; елдің есінде «Кеңқияқтағы қырғын» деген атаумен қалған қанды оқиға кезінде Ақтөбе жерінде жер жастанған «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасақтың бөлім бастығы болған полиция майоры Айболат Иманбаевтың артында қалған атұстары Айбар мен жары Феруза Мәлікова; қызметтен тыс уақытта жүрсе де, көршісіне көмекке келем деп, ажал құшқан Шу стансасындағы ІІЖБ-нің полиция аға сержанты Рахат Амантаевтың жары Айман Айтқұлова мен ұлы Нұрболат; 2012 жылы 18 қаңтарда қаңырап бос қалған ғимарат ішін тексеріп жүріп, бір ессіздің мылтығынан атылған оқтан жедел жәрдем көлігінде көз жұмған Көкшетау қалалық ІІБ-нің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Қайрат Жүсіпбаевтың ізін жалғап қалған ұлы Әлтаир мен өмірлік серігі Маржан Жүсіпбаева; тура 40 жасында қаныпезердің атқан оғынан қаза болған Алматы облыстық ІІД «Арлан» арнайы жасағының аға инспекторы Ержан Ахметовтің қызметтік жолын жалғап қалған жұбайы Баян Ахметова мен әке арманын үкілеп өсіп келе жатқан ұлы Азамат бар.

Қазақстан жағынан топқа ІІМ Кадр жұмысы департаментінің тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Рустем Сәдуақасов жетекшілік етті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер