Желтоқсан құрбандары қалай тергелді? - Тәуелсіздік күні|08 Желтоқсан 2017, 10:14
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Желтоқсан құрбандары қалай тергелді?

Елімізді дүрліктіріп соңына мұң қалдырған желтоқсанның ызғарлы күніне жақында 31 жыл толмақшы. Одан бері қылышынан қан тамып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған Кеңес үкіметі де келмеске кетті. Ата-бабамыз аңсап өткен Тәуелсіз ел болдық. Бұдан асқан не бақыт бар. Осы Тәуелсіздіктің жолында қаншама зиялыларымыз мерт болып, кешегі желтоқсан көтерілісінде жалынды жастарымыздың жігерін құм қылған жоқ па. Бірақ, осы 1986 жылы ұрда-жық саясаттың салдарынан тар қапасқа қамалып, азап шеккен жастардың аманатын арқалаған желтоқсан шындығы әлі күнге жабулы қазан күйінде қалып келеді. Осы шындықтардың бір сыпырасына сол желтоқсан оқиғасының бел ортасында болған Қостанай қаласының тұрғыны Ұлтық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы подполковнигі Ғалихан Мәулетовпен кездескенде көз жеткіздік, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Өзекті өртейтін өкініш сол күні алаңға шыққан жастарымыз Советтік Конституция құр декларация емес, соның баптарында көрсетілгендей бейбіт шерудің заң бойынша қылмыстылығы жоқ дегенге сенді. Және де 1985 жылғы сәуір айындағы Кеңес Одақтық Орталық Комитетінің пленумында оның бас хатшысы М. Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнінде шешім қабылданған болатын. Бірақ та ол іс жүзінде біздерге басқаша болып шықты. Жастар бұл зымиян саясатты түсіне алмай қалды.

«Көшеге шыққандар сол кезде ақпарат құралдарында көрсетілгендей, маскүнем, ұлтшыл, әр түсті тобыр топ емес, ұйымдасқан, нақтылы саяси мақсаты бар, мәдениетті жастардың шеруі еді. Менің ойымша, көшеге шығу, плакаттар арқылы өз ойын көрсету, бұл жоғарыда айтылғандай, ертеден пісуі жеткен шешім еді. Ол және бір кісінің тақтан түсуінің салдары емес, ал жоғарыдағы айтылған Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің пленум шешімі тек қана осы наразылықтың басталуының себебі болды», – дейді Ұлтық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы подполковнигі Ғалихан Мәулетов.

Ал, қазіргі жастарымыз тұрмақ аға буын өкілдері де бұл оқиға туралы көп біле бермеуі мүмкін. Cебебі бүгінге дейін белгісіз себептермен оған объективті дұрыс баға берілмей келеді. Біле білсек, жастарымыздың бұл ерлігі отандық тарихымыздың ғана емес, бүкіл әлемдік тарихтың ерекше бір беті деп айтуға болады. Себебі, бұл оқиғаға көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері кезінде осындай баға берген. Мысалы, атақты академик Андрей Сахаровтың әйелі Елена Боннер қазақ жастарының Кеңес Одағында бірінші болып КПСС саясатына ашық қарсы шыққанын айта келіп, осы күннен бастап алып Кеңес үкіметі ыдырай бастады деген. Осы киелі сөзді біз мақтаныш сезіммен бүгіндері қайталап айта аламыз. «Одақтың» тоз-тоз болып ыдырауын осы өзіміздің ұл-қыздарымыз бастады, олардың бұл қадамдары басқа елдерге де өз әсерін тигізді, олар да бостандыққа ие болды. Мәнінде ешқандай «одақ» болмағанын, ол жай бір қиял, үйдің шіріген іргесі екенін біздің жастарымыз әлемге паш етті және де болса сол құлауға жақын тұрған үйді бірінші болып шайқап өтті.

«Ол кезде Қауіпсіздік комитетінің Қостанай облыстық басқармасында тергеу жұмысында қызмет атқарып жүрген кезім еді. Ұмытпасам, сол желтоқсанның 18-і болуы керек, біздің оншақты қызметкерді арнайы рейспен Алматыға алып барды. Бұрындары іссапармен келгендерді әуежайдан әдейі автомашина күтіп алатын. Бұл жолы комитеттің кеңсесіне автобуспен өзіміз жеттік. Мүмкін, бұл кезде көлік тапшылығы болған шығар. Дзержинский көшесімен ғимаратқа кіру есігіне жақындаған кезімізде алдымыздан темір таяқтармен қаруланған 15 шақты басқа ұлт өкілдері шығып, біздің кім екенімізді сұрай бастады. Түстері суық, ешнәрседен тайынатын кісілерге ұқсамайды. Мен олардың бұл қылығын ерсі көріп күліп жібере жаздағанымда, біздің бір қызметкер: «Ғалеке, байыптылық көрсетіңіз, шамдарына тиіп, пәлеге қалмайық», – деді.

«Сол кезде бір орыс жігіті жүгіріп келіп, ана көшеде бір қазақ жігіті кетіп барады дегені сол-ақ екен, жаңағылардың екі-үшеуі темір көсеулерін сүйретіп, солай қарай жүгіре жөнелді. Аз уақыттың ішінде олар бір жігітті ұрып-соғып сүйреткендей қылып алып келді. Ол бір жақынының үйінен шығып, өз үйіне келе жатқан ұйғыр баласы екен. Машина шақырылып, милицияға жөнелтілді. Онда оны не күтіп тұрғаны айдан анық. Тапа тал түсте, үкіметке ол сорлы қандай қауіп төндіргенін түсінбедім. Бұл орыс азаматтары «қарақшылардан» мекеме, кеңселерді қорғауға жасақталған «дружина» екен. Бұндай «қорғаушылар» қазақтарға қырғидай тиді. Олардың өкілеттілігін қадағалайтын жан болмады. Қазақтан біреу бұл қалай десе, сол жерде сазайын алады. Осындайлар көшеде кетіп бара жатқан зиялы азаматтарымызды ұрып-соғып шешіндіріп, басындағы жақсы құлақшындарын жұлып алып, өздері кісі тонаумен айналысқан», – дейді отставкадағы подполковник Ғалихан Мәулетов.

Бастапқыда бұл бейбіт көтеріліс жастардың өз конституциялық құқығын пайдаланып, Орталықтың бұрыс саясатына өз келіспеушіліктерін көрсету мақсатында болса, соңынан басқа халық өкілдерінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің арандату жұмысы екі жақтың қақтығысуына әкелді.

«Ал, арандатушылыққа келсек, жастардың құқылы шеруіне милиция қызметкерлері бұрынғы бекітіліп қойған жоспарға сәйкес өрт сөндіретін машинамен сол аязды күні су шашты, күректің қырымен соғып, көптеген жастардың жаны мен тәніне өмірлік жазылмайтын зақым салды. Қыздарымызды итпен талатып, бала таппаңдар деп ішінен тепкілегендерін көзіміз көрмесе де, жәбірленушілерден өз құлағымыз естіді. Бізден жасқанбай не істейсіңдер дегендей, сол оқиға болған кезде өздерінің айуандықтарын ашық айтатын болды. Мысалы: біреулері қыстың қақаған аязында 20-25 қазақ баласын қаланың «Геологострой» жақтағы елсіз жерге машинамен алып барып, аяқтарындағы киімдерін шешіп алып, шалбарларын жыртып, ұрып-соғып ашық далаға тастап кеткендерін мақтанышпен айтқандарын естідім. Жақыпова деген қыз баланың еңіреп тұрып: «Аға, біз – көшеде келе жатқан қыздарды милиция қызметкерлері «УАЗ» автокөлігімен әдейі соғып, ішімізден тепті», – деп еңірегенін естігенде, тергеушілер іштей езілдік, жұбатудан басқа қолдан келетін көмек болмады», – деп күрсінеді Ғалихан ағамыз.

Әрине, алаңға жиналған жастар бұл қорлыққа көнбеді, екі жақтан тірес басталды. Осы текетірес кезінде, бір жағы қаруланған, ал екінші жағы қарусыз болғанын айтпаса да түсінікті.

«Осы сәтте бір арандатушы: «Соғыңдар калбиттерді, олар жаңа ғана балабақшасындағы өзге ұлттың 25 баласын өлтіріп, оның ғимаратын жағып жіберді», – деп айғай салыпты. Бата алмай тұрған солдаттар саперлік күректерімен жұмыстарын істеуге кірісіпті. Жас солдаттардың бастапқыда батылсыздық көрсетулерінің себебі, алдыңғы қатарда қыздарымыз тайсалмай олармен бетпе-бет тұрыпты. Тайсақтағандарға – «шешіңдер шалбарыңды, біз киеміз» – дегенге дейін қатты сөздер айтылыпты. Сондықтан шаштары жұлынып, жарақат алғандардың да біразы жасөспірім қыз балалар болды», – дейді отставкадағы подполковник Ғалихан Мәулетов.

Бір айта кетер жайт, үсті-басына мұз қатып тұрса да, олар алаңнан кетпей: «Менің елім, менің жерім» деп өлең айтып, бір-біріне рух берген, бүкіл қанға боялып жатқан алаңды күңіренткен. Біздің Әнұранымыздың саяси аренаға шығуы осы күннен басталатынын айтқан жөн. Бұл халық сүйген Әнұран.

«Жоғарыда айтылған Жақыпова деген қыздан жауап алып отырған прокуратура тергеушісінің оған жаны ашып, ақылын айтып, ісін жеңілдетуге тырысқанын білемін.

Әлі есімде, комитеттің бір топ жігіттері күнде кешке біздің қонақ үйімізге келіп, пікір бөлісіп жүрді. Бәрінің аузында бір сөз – ол жастарға қолымыздан келгенше көмектесу. Әсіресе біздің комитеттің оперативтік бөлімінде істеген орта бойлы, арық, бадырақ көзді бір жігіттің аты-жөнін көптен есіме түсіре алмай жүр едім. Жақында бір газеттен сол азаматтың желтоқсан оқиғасы кезінде жапа шеккенін оқып, оның аты Тәңірберген, фамилиясы Бекімов екені есіме түсті. Ұмытпасам ол жергілікті ұлтшылдармен күресу жөніндегі бөлімді, не бөлімшені басқаратын. Өзі осындай лауазымды қызметте істеп жүрсе де, Колбинге қарсы болған азаматтарымыздың бірі болатын. Ол бізді көп біле қоймаса да: «Жігіттер, балаларымызды сақтап қалуға тырысайық» деп ашықтан ашық айтатын еді, онысы бізге сенгендігі ғой деймін. Себебі, осындай қиын-қыстау кезде әркім зорлық-зомбылықты, әділетсіздікті көзі көрді. Ұлттық намысы бар көпшілігі жастарға көмектесуге әзір болды. Өкінішке қарай, интернационалист болып көрінгісі келгендер, біреуден «өшін» алуға асыққандар да болды. Жан-тәнін аямай, қызылмай болып жүргендерден өзіміз де сескенетінбіз. Ленин атындағы көшедегі көп қабатты бір үйдің алдында бір қазақтың қызын жаңағы «дружинниктер» шашынан ұстап тепкілеп жатқанда, жоғарғы қабаттан қазақтың кәрі кемпірі шыдай алмай: «Бұл не деген хайуандық, тоқтатыңдар» – деп айғай салыпты. Ешқайсысы құлақ аспаған соң, әжеміз балкондағы гүл салған горшокты төмен қарай лақтырып жіберіпті. Ол ешкімге тимесе де милиция қызметкерлері сол кәрі кемпірді іздеп, шаршағандарын білемін. Бұл іздестіру нәтижесіз болғанына біз іштей қуандық», – дейді Ғалихан ағамыз.

Фото: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер