BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Ұлы дала азаматтары» патриоттық автошеру Таразға тоқтады

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ұлы дала азаматтары» патриоттық акциясына қатысушы республикалық автошеру Таразға келіп тоқтады.

Алматыдан шыққан бұл шеру Бішкекте болып, көне қаланың топырағын басып отыр. Басты мақсаты – мемлекеттілік пен патриоттық сезімді, халы бірлігін, жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға септігін тигізу және қазақстандықтарды «Мәңгілік ел» идеясын ұстануға, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға шақыруды мұрат еткен автошерушілер Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі мен батылдығында насихаттап отыр. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен және партияның «Ардагерлерді ардақтайық», жобасы аясында өтіп отырған шара Мәңгілік алауда құрамында 18 адам бар автошерушілерді күтіп алудан бастау алды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Ұлы Отан соғысы жылдары алғашқы әскери құрамалардың құрылғанына 75 жыл толуына арналған акцияда гүл шоқтары қойылып, көпшілік ҰОС құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Шарада сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат: «Құрметті акцияға қатысушылар биылғы жыл егемен еліміз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Елбасының жүргізіп отырған салихалы саясатырның арқасында Қазақстан соңғы 25 жылда өркендеу мен дамудың үлкен жолынан өтті. Бейбіт өмір мен Мәңгілік Ел идеясын мұрат еткен Қазақстанның келбетін, оның қайсар халқын әлем таныды. Осы шаралар аясында Генералдар кеңесінің мүшелері арнайы атбасын бұрып отыр. Қазақта «Өткенді білмей болашақ болмас» деген аталы сөз бар. Ал бүгінгі шара жастарды ұлттық патриоттық тәрбиеге баулуға арналып отырғаны ақиқат. Сіздер алып келген Ұлы Жеңістің туымен 72,72 және 316-шы атқыштар дивизияларының жауынгерлік туларының көшірмелері біздің қасиетті құндылықтарымыз. Тәуелсіздік деген құдіретті сөздің астарында батыр бабаларымыздың ерліктері мен аманаты жатыр. Тәуелсіздігімиіз тұғырлы, өміріміз баянды болсын!» - деп, генералдар кеңесіне ризашылығын білдірді. Ал бұдан соң сөз алған «Генералдар кеңесі» РҚБ өкілі, генерал-майор Марат Марденов аталған шараға қатысушылар жүрек қалауымен аталар аманатын арқалап келіп отырғандығын алға тартты.

- Соғыс жылдары 316 атқыштар дивизиясы жасақталған еліміздегі Тараз үшінші қала. 1941 жылдың 19 шілдесінде Орталық Азияда атқыштар дивизиясын жасақтау жөнінде үкім шығады. Шындығында бұған дейін Орта Азия мемлекеттерінен ешқандай азамат соғысқа алынбаған болатын. Сондықтан қараша айындағы Мәскеу түбіндегі алғашқы шайқастарға қатысқан атқыштар дивизиясының құрамында Қырғыз бауырларымыз, жамбылдықтар мен алматылықтар болды. Олардың ерліктері тарих бетіне алтын әріптермен жазылды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында осындай бастамамен ел аралап келеміз. Өйткені, бүгінгі ұрпақ кешегі майдангерлердің ұрпағы. Міне, 316 атқыштар дивизиясының туы біздің қолымызда. Осы туды қолына алып аталарымыз ұрысқа шықты. Ерлікті көрсетті, - деген Марат Жүкенұлы «Казахстанская правда» газеті шығарған кітапты соғыс ардагеріне табыс етті. Жалпы автошеруге қатысушылардың арасында көптеген елге танымал азаматтар бар. Соның бірі – Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова да бар. Жиналғандар алдында жүрекжарды тілегін жеткізген А.Байқадамова: «Бұл автошеру Қазақстан қалаларын аралап қана қоймай, көрші жатқан Қырғыз елінде де болды. Автошерушілердің құрамында Қырғыз бауырларымыз да бар. 1941 жылы Мәскеуді қорғауға аттанған отандастарымыз батырлықтың, ерліктің үлгісін көрсетті. Біз сол батырлардың ерлігін жалғастырушы, насихаттаушы ұрпақпыз. Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының туған жері бізді ыстық ықыласымен қарсы алып отыр. Біз Ұлы Жеңістің және соғыстың шындығын ұрпаққа ұлықтауды мұрат еттік» деді. Сондай-ақ шара барысында өңірдегі ҰОС ардагерлерін құрметтеуде атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев: «Генералдар кеңесінің патриоттық бастама жасап, еліміздің барлық қалаларын аралауы құптарлық дүние. Өйткені, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру аға буынның міндеті. Биыл Ұлы Жеңістің 71 жылдығы өтті. Аймақтағы ардагерлер кеңесі соғыста хабарсыз кеткен майдангерлерді іздестіруде көптеген жұмыстар атқаруда. ҰОС ардагері, панфиловшы Сағи Жабағовтың құрметіне ескерткіш тақта орнатпақпыз. Бұл мақсаттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады» - деді. «Ұлы Дала Азаматтары» ациясына қатысушылар Айша бибі кесенесінде болып, ары қарай Оңтүстік Қазақстан облысына аттанды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер