BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркиядағы қазақ студенттері Тәуелсіздікті қалай мерекеледі?

Еліміз бабалар қанымен, аналар жасымен қол жеткізген тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтуде. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап келген егемендігіміз әрбір қазақ үшін қастерлі екені даусыз. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде мерекеміз үлкен қуанышпен, ерекше ықыласпен аталып өтілуде.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесін Түркиядағы Қайсери қаласы Хасеки жоғарғы мамандандырылған діни оқу орнында оқитын бір топ қазақ студенттері де атап өтті. Аталмыш оқу орнында оқитын 26 қазақ студенттері мен Қайсери қаласының өзге де оқу орындарында білім алып жатқан қазақ студенттерінің бірігіп жасаған бұл мерекелік кешіне Хасеки академиясы ұстаздары және аталмыш қаланың түрлі мәдени қорларының басшылары қонаққа шақырылды.

Мерекелік кеште Қазақстан жайлы қысқа метражды видео көрсетіліп, арнайы шақырылған қонақтар қазақ студенттерін мерекелерімен құттықтап, мұсылман қазақ жұртының тәуелсіз ел болып дамып келе жатқанына қазақтардан кем қуанбайтындықтарын айтып, екі ел арасындағы ыстық бауырмалдықтың одан да нығая түсуіне тілек білдірді. Әзімбек Қарабеков, Данияр Самет, Роман Бұрқаш, Құдіретулла Ергешов, Рамис Шамилов, Омар Сәлімбеков сынды студенттер қазақ ән-жырын түрік аспанында әуелетіп, ел-жұртын сағынған қазақтардың көңілін босатып, сағыныш отына май құя түсті. Кеште еліміздің тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен және Түркия халқының бірлігі жолында аянбай күрескен шейіттердің рухына Құран хатым дұғасы бағышталып, кеш соңында 250 адамға ас берілді. Жат жерде жүрсе де ата-баба салтына бекем қазақ студенттері келген қонақтарға сыйлықтар беріп, Хасеки медресесінің директоры Абдулқадыр Қабдан мырзаға елден арнайы алдырылған құндыз жағалы шапан жауып, қазақы бөрік кигізді.

Осылайша Анадолы жерінде білім алып жатқан қандастарымыз қазақ елінің егемендігін паш етіп, бауырлас түрік-қазақ жұртының достастығының одан әрі де дами түсуіне өз үлестерін қосты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер