BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тоқтар Әубәкіров енді «Қарағанды облысының құрметті азаматы»

Фото: автор

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Облыстың құрметті азаматы» мәртебелі атағы қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке берілді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің Қарағандыдағы тілшісі.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен мерекелік іс-шарада халықтың құрметіне бөленген даңқты 3 қарағандылық азаматқа «Облыстың құрметті азаматы» жоғары атағы берілді. Мәртебелі атаққа белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, тұңғыш қазақ ғарышкері, «Халық Қаһарманы», генерал-майор Тоқтар Әубәкіров, техника ғылымының докторы, академик Николай Дрижд ие болды. Сондай-ақ өз саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізген 97 адам мемлекеттік наградалар мен ҚР Президентінің Құрмет грамоталарын алды. Мәртебелі марапаттарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жиында облыс әкімі Н.Әбдібеков табыстады.

«Ширек ғасыр ішінде біз үлкен жолдан өттік! Жүріп өткен жолымызға қарасақ, осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасы толағай табыстарға қол жеткізгенін көреміз. Еліміздің Конституциясы қабылданды, Мемлекеттік туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бекітіліп, мемлекеттік шекарамыз шегенделді. Төл теңгеміз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылып, тәуелсіз мемлекеттің барлық нышандары қабылданды. Қазақстан Республикасын әлем таныды. Бұл Елбасымыз, мемлекетіміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана саясатының нәтижесінде қол жеткізген жарқын жетістіктер болып табылады. Бұл біздің ортақ жеңісіміз!-деп атап көрсетті облыс әкімі.

«Маған түрлі қалалар - Мәскеу, Алматы ұнайды. 18 жылдан бері Астанада тұрып келе жатырмын және елордамызды жақсы көремін. Мен қарағандылықпын және өмірімнің соңына дейін осылай қала бермек, себебі менің кіндік қаным осы жерге тамған», - деген қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров жерлестерінің ыстық ықыласпен қарсы алып, қошемет білдіргендері үшін алғыс айтты, сондай-ақ барша қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Мерекелік іс-шара барысында Қарағанды облысының Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерінің жылнама-кітабының тұсаукесері өткізілді. Кітапқа алғашқы тілек сөзді Қарағанды облысының әкімі Н.Қ.Әбдібеков Тәуелсіздік жылының стартына арналған форум барысында қалдырған болатын. Кітап облыстың барлық қалалары мен аудандарында болды. Оған өңірлердің Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жарқын жетістіктері атап жазылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер