BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тәуелсіздіктің өнерлі құрдастары

Биыл еліміздің егемендік алып, дербес ел болғанына 25 жыл толады. Сол жылдары дүниеге келген жаңа ұрпақ бүгінде өсіп, жетілді. Жылдар өтті, ұлдар мен қыздар өсті, оқыды және өздерінің мемлекетімен бірге дамыды. Осы орайда BAQ.kz тілшісі тәуелсіздік жылдары дүниеге келген, бүгінгі таңда елге танылып қалған өнерлі жастар туралы сөз қозғамақшы.

Ернар Айдар – әнші. Ол 1991 жылдың 13 наурызында Жамбыл облысында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітіріп шыққан. Мамандығы – заңгер. «Жарығым-ай», «Жарай ма», «Тым болмаса», «Сонда да сүйем» секілді халық арасында тез тарап, танымалдылығы артты. Бүгінгі таңда жастардың ыстық ықыласына бөленіп жүрген еліміздің белді әншілерінің бірі. Өзінің айтуынша, репертуарында 90-ға жуық ән бар екен.

Жандарбек Бұлғақов – айтыскер ақын. Жандарбек 1991 жылдың 25 сәуірінде Талдықорған қаласында дүниеге келген. Жандарбектің әкесі Айтақын Бұлғақов – елге танымал белгілі айтыскер ақын. Баласының есімін өмірден озған досы, айтыскер ақын Жандарбек Бегімбетовтің құрметіне қойған. Кіші Бұлғақов 9 сыныптан бастап, республикалық деңгейдегі айтыстарға қатысқан. Қоғам қайраткері Дін­мұхамед Қонаев 95 жылдығына арналған айтыста үш көлік қатар мінген. Жалпы, өзінің айтуынша, осы уақытқа дейін айтыс сахнасында 15 машина тақымданған. Сондай-ақ «Алтын домбыра» иегері.

Әли Оқапов – әнші, биші. Әли 1991 жылы 22 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Бұл үйде барлығы өнерлі жандар. Әкесі – Тасқын Оқапов «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері болған. «А-Студио» тобында өнер көрсеткен. Анасы – Роза Рымбаева Қазақстанның халық әртісі. Әли музыка мектебінде фортепиано сыныбында 7 жыл оқыған. Кәсіби музыкант. Үйленбеген. Халық арасында «Биле», «Арманға» секілді әндері танылған. Әли өзің продюсер ретінде де сынап көріп жүр. Сондай-ақ анасына арнап, клите те түсірген.

Артур Төлепов – актер, әнші. Ол 1992 жылы 11 қаңтарда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген. Алғаш рет 2012 жылы інісі Асылханмен бірге «Жаужүрек мың бала» атты фильмге түсіп, халыққа таныла бастады. Кейіннен көптеген отандық фильмдер мен телехикаяларға түсті. Соңғы жылдары ән өнеріне бет бұра бастады. «Білмеймін», «Махаббатым» секілді әндері бар. Ал «Без тебя» әніне клип түсірді. Оған ресейлік музыкант Алексей Воробьев режиссерлік етті.

Әйгерім Бекетаева – Астана Опера» балеті солисі. 1991 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Алматыдағы А.Селезнов атындағы хореографиялық училищені бітірген. 2013 жылдан бері «Астана Опера» театрының жетекші солисі. Ресейдің халық әртісі Борис Эйфман Әйгерім Бекетаеваның өліп бара жатқан аққудың рөлін ойнаған кездегі ішкі жан дүниесіне, кәсіби деңгейіне қайран қалып, Будапештте және Лондонда өткен гастрольға шақырған. Көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы мен жүлдегері. «Аққулар көлі», «Ажал алдындағы аққу», «Ұйқыдағы ару», «Роден», «Ромео мен Джульетта», «Щелкунчик», «Спартак», «Дон Кихот» қойылымдарында өнер көрсеткен.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер