BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тәуелсіздік туралы Заңға ескерткіш тақта орнатылды

Алматыда Жоғарғы Кеңестің бұрынғы ғимаратының (ҚБТУ) қабырғасында 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды ұлықтайтын ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Салтанатты шараға зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, қаланың құрметті азаматтары, тұрғындар мен жастар және тарихи құжатты қабылдағандар өкілдері қатысты.

Олар – 12 шақырылымдағы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Сұлтан Сартаев, Нығмет Жотабаев, Эрик Гукасов, Оразалы Сабденов, Ораз Баймұратов, Есентай Тәжиев, Петр Крепак. Бұлардың барлығы - тәуелсіздік бастауында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевпен бірге болғандар және ұлы әрі тарихи кезеңнің шынайы куәгерлері.

«Еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен көп ұлттар достық пен келісімде тұрып жатқан Алматы қаласы 1000 жылдығының қатар келуінің символикалық мәні бар. Мен барлық қазақстандықтарға денсаулық, бақытты өмір тілеймін, республикамыздың аспаны қашанда ашық болсын. Біздің Қазақстанымыз бақытты адамдар өмір сүретін тұтас, қайталанбайтын мемлекетке айналсын», - деп атап өтті өз сөзінде КазССР Жоғарғы Кеңесі президиумы төрағасының бұрынғы орынбасары, Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова.

Ал, жастар атынан сөз алған Алматы қаласы мәслихатының депутаты, киноактер, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты – Асылхан Төлепов өз сөзінде болашақтың кілті – жастарда екенін тағы бір дәлелдеді:

«Елбасының «Болашақ – жастардың қолында» деген сөзі үнемі жадымда. Халқымызда «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас жігіт отызында жаспын дер» деген қанатты сөз бар. Тарихымызға көз салсақ, ата-бабаларымыз қаршадайынан атқа қонып, ел қорғаған. Тәуелсіздік жолында ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен күрескенін біз білеміз. Өздеріңізге белгілі, «Жаужүрек мың бала» фильміндегі мен сомдаған Сартай батыр соның айқын дәлелі. Қазір білекпен емес, біліммен өлшенетін заманда бүгінгінің Сартайлары, яғни біз – жастар, біліммен қаруланып, еліміз үшін аянбай еңбек етуіміз қажет» - деді мәслихат депутаты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
11 Қаңтар 2018, 19:43
АЛМАТЫДА "ҚЫЗЫҚ КӘНСЕРТ"
Пікірлер