BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тәуелсіздік құрдасы: Арманым – қылмыстық статистиканың шынайылығын тексеретін орталық құру

Фото: автордікі

Тәуелсіздік алған жылдары қазақ елі «XXІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры» екенін жете түсінді. Осылайша, шетелде білімін шыңдағысы келетін жастар үшін «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды. 23 жылдың ішінде аталған бағдарламаның арқасында 11 126 қазақстандық әлемнің 33 еліндегі 200 үздік жоғары оқу орнында білім алды. Олардың қатарында тәуелсіздік құрдастары да бар. Бүгінде «болашақтықтар» түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Солардың бірі – Англияның University of Warwick оқу ордасында білім алған Алмас Рахимбаев. Бүгінде жас маман – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері. Тәуелсіздік құрдасымен Baq.kz тілшісі тілдесіп қайтты.

Алмас Рахимбаев – Астанадағы №54 мектеп-лицейінің түлегі. 2009 жылы білім ошағын тәмамдаған соң, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде әлеуметтану мамандығы бойынша білім алды. Айтуынша, алғашында өз кәсібін ұнатпаған, тек уақыт өте қызығушылығы ояныпты.

«Алғашында құжаттарымды құқықтану мамандығына тапсырдым. Кейін әлеуметтану мамандығын таңдадым. Шынымды айтайын, оның қандай сала екендігін о баста білген де жоқпын. Уақыт өте мамандығыма қызығушылығым оянды. Өйткені, кез келген әлеуметтік мәселенің өзінің түпкі себебі бар екендігін түсіндім. Ал оны арнайы зерттеу жұмысын жүргізу арқылы білесің. Университет қабырғасында жүргенде сауатты түрде әлеуметтік зерттеу жүргізуді үйрендік», - дейді жас маман.

Ағылшын тілін жастайынан жетік меңгерген Алмас университетті тәмамдаған соң, оқуын шетелде жалғастырғысы келеді. Осылайша, білім қуып, «Болашақ» бағдарламасына құжаттарын тапсырады.

Тиісті емтихандарды тапсырғаннан кейін, жас ғалым Англияның University of Warwick білім ордасында оқуға мүмкіндік алады.

«Ұлыбританиядағы университеттердің берген білімі жоғары бағаланатыны айтпаса да түсінікті. Ағылшын тілінен емтихан тапсырған соң, құжаттарымызды тиісті жерлерге жіберіп қойдық. Бірнеше ЖОО-дан шақыру келді. Мен University of Warwick -ті таңдадым. Себебі, әлеуметтану бойынша бұл университеттің ғалымдары өте беделді. Яғни, олардың ғылыми еңбектері жоғары бағаланып, көптеген дәйек сөз алынады. Ал білім ордасының өзі Ұлыбритания жоғарғы оқу орындарының арасында үздік ондыққа кіреді», - дейді ол.

Әңгіме барысында жас маман Британияда әлеуметтанушыларды қалай даярлайтынын толығырақ айтып берді.

«Ашығын айтайын, Қазақстанда әлеуметтануды теория түрінде ғана үйретеді. Әлеуметтану ғылымында зерттеулер екіге бөлінеді. Ол – сандық және сапалық. Англияда екі бағыт жеке-жеке оқытылды. Ал Еуразия ұлттық университетінде біз бұл зерттеулерді бірге қосып оқыдық. Сонымен қатар, әлеуметтану маманы болу үшін SPSS Statistics бағдарламасын жетік білуің шарт. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – статистикалық зерттеу бағдарламасы. Мұны қалай қолдану керектігін ЕҰУ-де де үйретті. Бірақ, теория жүзінде ғана. Ал практика жүзінде біз оны өзіміз меңгердік. Ал University of Warwick-те арнайы курс болатын. Сандық зерттеулер деп аталды. Әлеуметтік зерттеу жүргізген уақытта сұқбат аласың, сауалнама жүргізесің ғой. Кейін сол деректерді осы бағдарламаға енгізесің. Содан кейін жүргізілген сауалнаманың қорытындысын шығарады. Одан қызықты мәліметтер аласың», - дейді Алмас.

Тәуелсіздік құрдасы Англияда айналысқан ғылыми жұмысының жаңалығымен де бөлісті.

«Өзім футболды жақсы көремін. Сондықтан, университет тарапынан маған жеке тапсырма берілді. Мен Ұлыбританияда болғасын «Chelsea» командасын таңдадым. 2003 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықты алдым. Осылайша зерттеу жұмысымды бастадым. Осы уақыт аралығында футбол командасына қаражат көп құйыла бастады. Олар зор жетістіктерге жетті. Бір қараған адамға барлығы ақшаға тіреліп тұрғандай көрінуі мүмкін. Алайда, зерттеу барысында мен ғылыми жаңалық аштым. Футболда 11 ойыншы ойнайтыны белгілі. 2003 жылы «Chelsea» командасының негізгі құрамындағы 7-8 футболшы Ұлыбритания азаматтары болды. Кейін олардан екі-үшеуі ғана қалды. Шетелден келген ойыншылардың есебінен команданың сапасы анағұрлым тез артатындығын аңғаруға болады. Мұны мен әлеуметтік зерттеу жұмысым арқылы дәлелдедім», - дейді ол.

Қазіргі таңда Алмас ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді. Бүгінде жас жігіт шәкірт тәрбиелеуді де қолға алған.

«Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қолданбалы әлеуметтану пәнінен сабақ беремін. Шамам келгенше, өз білгенімді студенттерге үйретіп жатырмын. Бүгінде SPSS Statistics бағдарламасы арқылы жұмыс істеуді бастадық. Себебі, бұл бағдарлама әлеуметтік түйткілдердің тереңіне үңіліп, ғылыми зерттеуді сапалы жүргізуге мүмкіндік береді», - деп жалғастырды сөзін ол.

Сұқбат кезінде Алмас өзінің болашақ жоспарларымен бөлісіп, қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен құттықтады.

«Ұлыбританияда диссертация жазып жүргенде, қылмысқа қатысты статистикаларды көп зерттедім. Кейін ол жақтағы қылмыстық статистикалардың шынайылығына көз жеткіздім. Менің ойымша, ҚР Ішкі істер министрлігінде қылмыстық статистикалар жақсы шығарылады. Бірақ, оның сапасын зерттейтін ешқандай құрал жоқ. Мысалы, Британияда British Сrime Surveys деген анкета жүргізіледі. Сол арқылы статистиканың сапасы анықталады. Бізге де осындай орталық қажет. Тағы бір айтарым, қазір елімізде дін мәселесі өте өзекті болып отыр. Осыған сапалы әлеуметтік зерттеу жүргізгім келеді. Өйткені, бұл проблемаға көптеген факторлар әсер етеді. Алдағы уақытта Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлағалы отырмыз. Біраз жетістікке қол жеткіздік. Ол рас. Алайда, елімізді дамыту үшін әлі де тынбай еңбектенгеніміз абзал. Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, қазақ елінің барша азаматтарына денсаулық тілеймін», - деп түйіндеді сөзін Алмас Рахимбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер