BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тәуелсіздік күні қарсаңында Көкшетауда Студенттер үйі пайдалануға берілді

Фото: автор

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 310 орындық Студенттер үйі пайдалануға берілді. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин оқу орнының ұжымын айтулы оқиғамен арнайы келіп құттықтады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Ерекше үлгідегі жаңа Студенттер үйі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бақылауы бойынша салынған нысан. Бір атап өтерлігі, бұл ғимарат биылғы жылы республика көлемінде пайдалануға беріліп отырған бірден-бір Студенттер үйі.

Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі аталмыш оқу орнының білім саласына қосқан рөлін ерекше атап өтті.

«Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында біздің өңірде де бірнеше маңызды нысандар іске қосылатындығын айрықша атап өткім келеді. Соның бірі – Студенттер үйі ғимараты дер едім. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған, іші мен сырты эстетикалық талғаммен салынған Студенттер үйі қала сәулетін арттыра түсеріне сенім мол. Осы уақыт ішінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мыңдаған жоғары білікті мамандарды даярлап, еліміздің білім беру саласына орасан зор үлес қосуда. Іргелі университет ретінде қалыптасу жолында күрделі және үлкен белестерден өтті. Университет түлектерінің Қазақстан Республикасы аймақтарында ғана емес, сонымен қатар, таяу және алыс шетелдерде де қызмет атқарып жүргенін және жоғары біліктілік, жауапкершілік, білімдарлық қасиеттерімен ерекшеленетіндерін үлкен мақтанышпен айта аламыз, – деді өңір басшысы.

Бес қабатты ғимаратта студенттердің жайлы тұруына қажетті жағдай жасалған: қажетті жиһазы бар екі және үш орындық, жарық та жайлы бөлмелер, ас дайындайтын, кір жуып, оны кептіретін, үтіктейтін заманауи машинкалар, санитарлық тораптар, медициналық пункт, плазмалық теледидарлар, әр қабатта оқу залдары, 50 орындық конференц-залы, 120 орындық асханасы бар және жоғары жылдамдықты WI-FI желісі іске қосылған. Сонымен қатар, мұнда кіруді бақылау және басқару жүйесі электронды-техникалық қызметі Студенттер Үйінде орнатылған. Бұл жүйенің артықшылығы – студенттердің ата-аналарының өз үйлерінде отырып-ақ, балаларының сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімін, сондай-ақ жатақханаға кіріп-шығуын тікелей бақылауларына мүмкіндік береді.

«Университет әкімшілігі жаңа Студенттер үйіне білім алушыларды орналастыру барысында ата-анасы жоқ жетім балаларға, мемлекеттік грант иелеріне, республиканың басқа облыстарынан келгендерге, көп балалы отбасынан шыққандарға, мүгедектерге басымдылық беріліп отыр, Сондай-ақ, мұнда көпсалалы колледж студенттеріне, сол ғимараттың жанында оқитын тарих, заңтану, өнер және спорт, филология және педагогика факультетінің студенттері орналасқан. Ол студенттердің жолға көп уақыт кетірмей, әрі қаражаттарын шығындамай, өздері оқитын оқу ғимаратының қасында тұруына ыңғайлы»,– дейді университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров.

Ақмарал АЙҒАРА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер