BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Көкшетауға аялдады

Фото: автор

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық әлеуметтік «Тәуелсіз Қазақстан пойызы» акциясы Көкшетауда жалғасты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсі.

43 күннің ішінде 35 елді мекенді аралап шығатын пойыздың бұл 10-шы аялдамасы. Аталған пойыз делегаттарын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі вокзалда өтті. Меймандарға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Марал Жақыпова құттықтау сөзін арнады. Ал делегация атынан пойыз штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов сөз алып, көкшеліктердің қонақжайлылығына ризашылығын білдірді.

Құрамында 271 адамы бар пойызда 72 медицина қызметкері, 7 министрлік және 3 Ұлттық компания өкілдері болды. Екі күн ішінде көкшеліктерге 8 жұмыс тобы қызмет көрсетті. Облыс және қала тұрғындары Көкшетаудағы медицина мекемелерінде түрлі сала дәрігерлерінен кеңес алып, министрлік мамандарына өз сауалдарымен жүгінді.

«Біз талай дүлдүлдер мен ірі қоғам қайраткерлері шыққан киелі де қасиетті өңірге келіп жеттік. Сарырқаны сазымен әлдилеп, әнімен еркелеткен сал-серінің сүйіп, жырлап өткен өңіріне табанымызды тигіздік. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде әр аймақ мемлекеттік бағдарлама шеңберінде дамып, гүлденуде. Мұның бәрі егемен елдің қол жеткізген табыстары»,– деді өз сөзінде пойыз штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Әміржан Әлпейісов.

Делегация мүшелері бірнеше топқа бөлініп, жұмысына кірісіп кетті. Түрлі медицина мамандары ауруханаларда қабылдау жүргізсе, «Нұр Отан» облыстық филиалында Әділет министрлігінің өкілдері тұрғындарға кеңес берді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары өз саласы бойынша кездесу ұйымдастырып, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері осы салаға маманданған орталықтарды аралады, ал Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнес саласы бойынша сауалдарға жауап берді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этнобірлестік жетекшілері Қоғамдық келісім» үйін аралап шығып, дөңгелек үстел басында емен-жарқын әңгімелесті. 2 қараша күні жолға шыққан пойыздағы түрлі сала мамандары осы аралықта 15 мың адамға кеңес беріпті. 3 мың адамға медициналық көмек көрсетіліп, жолдамалар жазылған.

Делегация мүшелері жоғарғы оқу орындары студенттерімен, мектеп директорларымен, кәсіпорын ұжымдарымен кездесу өткізіп, Көкшетау қаласының көркем жерлерімен танысты.

14 қараша күні жолға шыққан пойыз Петропавл қаласына бет алды. Дәл осындай кездесулер Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданында және Есіл қаласында да өтті.

Ақмарал АЙҒАРА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер