BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Талдықорғанда мемлекеттік марапаттар тапсырылды

Бүгін Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 200-ден астам азамат мемлекеттік наградаларға, мерейтойлық медальға, Құрмет грамоталарына ие болды. Олардың арасында ардагерлер, журналистер, еңбек адамдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, медицина мамандары, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер және т.б. бар. Бұл туралы «Жастар» Спорт сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен салтанатты жиында белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында облыс әкімі Амандық Баталов жиналған көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтады. Еліміздің, оның ішінде Алматы облысының Тәуелсіздіктің 25 жылында жеткен жетістіктеріне тоқтала келе:

- Президенттің жыл сайынғы халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. «Елу жылда ел жаңа»,- дейді дана халқымыз. Ал, біздің еліміз небары 25 жыл ішінде ғасырға бергісіз жолды жүріп өтті. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыруда Жетісу жерінде межелі міндеттерді кезең-кезеңімен шешу үшін нақты жұмыстар атқарылды. Бұл тарапта әрбір жетісулықтың еңбегі, лайықты үлесі бар, - деп атап өтті облыс басшысы.

- Барша жетісулықтарды ұлық мерекеміз –Тәуелсіздік күнімен тағы бір мәрте құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Күллі әлем көз тіккен Ұлы Дала Елінің азаттығы – Қазақ елінің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туымыз тұғырлы болсын! – деді өз құттықтауында Амандық Баталов.

Мұнан кейін салтанатты жиын жетісулық азаматтарға мемлекеттік награда тапсырумен жалғасты.

Қазақстан Республикасы мемлекеттігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасының және Парламент Сенатының Құрмет грамоталарымен, жалпы саны 200-ден астам адам марапатталды. Сондай-ақ бірқатар азаматтарға «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Салтанатты жиында Тәуелсіз елдің 25 жылдағы қол жеткізген табыстары голографиялық неонды 3 D шоу арқылы және қазақ эстрадасы әншілерінің гала-концерті ұсынылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер